» » Ынтымақты жерде ырыс бар

Ынтымақты жерде ырыс бар

Ауданымызда қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны арта бастауы қуантады. Әрине, олардың арасында тілді қажеттілікке байланысты білуге тырысатындар бар. Сондай-ақ, мемлекетті құраушы ұлтты шынайы құрметтеп, тілін терең меңгеруге ұмтылып қана қоймай ұрпағының бойына сіңіретіндер бар. Түрік ұлтының қызы Ахметова Наргиза Сагадин қызын осы топқа жатқызуға болады.

– Наргиза, қазақ тілін өте таза сөйлеуді қалай меңгердіңіз?

– Өзім Тараз қаласының қызымын. Жаңақорған ауданына келін болып түстім. Қазір он жыл болды киелі мекенде өмір сүріп жатырмын. Әуелгі кезде қазақшаға шорқақтау едім. Бірақ, айналамдағы дос-жарандар, әріп­тестер, көршілеріміз қазақ от­басылары. Қазақ қоңсыларыммен ту­ған бауырымыздай араласап тұрамын.

Бір қолдың саласындай ынтымақты арқау етіп, тірлік жалғап келе жатқанымызға шүкіршілік етудемін. Жалпы, қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік.

Меніңше, өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруі­ме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қина­ған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Бүгінде «Заңғар» интелектуалды мектебінде ұстаздық етемін.

– Сіз үшін қазақ тілін білудің пайдасы қандай?

– Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін біл­генімнің арқасында Алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Мем­лекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды.

– Аудандағы ұлтаралық келісім, татулық туралы көзқарасыңыз қандай?

– Жаңақорған жерінде ұлтара­лық татулық туралы мәселе жоқ деп ойлаймын. Жергілікті тұрғындардың дені қазақтар болғандықтан, мұнда­ғы өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін төл тілінен артық біледі. Мен де осындай киелі топырақта өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін. Мұн­дай өнегені қазақтың болмыс-бітімі­нен үйрендік. Өйткені қазақ халқы қонақты ырысқа теңейді. Бұл жақсы қасиет. Біздің отбасымызда бірлік пен ынтымақты берік ұстау бірінші қағида. Өзге ұлт өкілі болсақ та жанымыз, жүрегіміз қазақ халқымен бірге. Қазақи салт-дәстүрді берік ұстанып, басымнан ақ жаулығымды тастаған емеспін. Жұма сайын бауырсақ пен жеті шелпек пісіріп, жиі ет асамын. Келген қонақтарға әрдайым есігіміз айқара ашық.

– Қазақ халқына айтарыңыз бар ма?

– Жалпы қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны.

Өзге этностарға кеңпейілділік танытып, құшақ жая қарсы алған қазақ елінің дархандығын әкеміз бен анамыз үнемі аузынан тастамайтын. Осындай қамқорлықтың арқасында ешкім далада қалған жоқ. Керісінше, қазақтың кең даласында өсіп-өндік. Мұнда адамды түр-түске бөліп, алалау жоқ. Баршамызға Қазақстанның азаматы ретінде тең құқық берілген.

Бәрімізге де жоғары білім алып, лауазымды қызметке тұруға барын­ша жағдай жасалған. Сондықтан біз де көп ұлтты еліміздің жан-жақты дамуына өз үлесімізді қосып келе­міз. Өйткені біз бейбітшілік бесігінде тербелген Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Аман болыңыз!

Әсел РЗАЕВА
26 сәуір 2023 ж. 264 0