№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әркімге тұрған жері қымбат

Әркімге тұрған жері қымбат


Төменарық ауылында әртүрлі ұлт өкілі бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруде. Бүгінде бірлігі жарасқан берекелі ауылдың халқы ұлтқа бөлінбей бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Тіпті құдандалы болып, әрбірі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жаңғыртып келеді. Әр ұлттың салт-дәстүрін ұстанып, барлық рәсімдерін жаңартып, өзгелерге үлгі бола білген көп ұлтты отбасылардың бірі Пумпуриди әулеті. Біз де уақыт оздырмай берекелі отбасының тыныс-тіршілігімен танысуға бекініп, Төменарық мекеніне жол жүрдік.

  Ауылға кіре беріс жолда екі қызын сабақтан алып бара жатқан өзге ұлттың келініне көзім түсті. Жанындағы қыздары «анашым, дүкенге соғайықшы» деп анасының етегінен тартқылап еді, «қыздар үйге тезірек барайық, апаларыңа шәй беруім керек» деп асығып жүріп бара жатты. Көгілдір жанарлы келіншек біз іздеген шаңырақтың келіні болып шықты. Ақ дастархан басында ақжаулық таққан әдемі ана бізді күлімсіреп қарсы алды да, кім екенімізді де сұрамастан төріне оздырды. Алдымызға жылыжұмсағын қойып, тіпті самаурынмен шәй әкелді. Самаурынның дауысы ерекше ғой шіркін, екі иығынан демалып, бұрқылдап тұр. Сонымен апамен әңгімені бастап кеттік.

Өзі гректің қызы Пумпуриди Мария екен. Сырдария облысы, Киров ауданы, Багара ауылында дүние келген. 1968 жылы осы ауылға келін болып түсіпті. Отағасы Иван Конкурити Кавказда туылып, 9 жасында анасымен Төменарыққа қоныс аударған. Содан бастап осы киелі мекенді жатсынбай, өсіпөніп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, мәуелі бәйтеректей жайқалып отырған отбасы.

Міне, осылайша тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметімен елімізге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері үшін қазақ жері алтын бесікке айналған. «Кең болсаң, кем болмайсың» қағидасымен соғыс жылдарында қаншама ұлт өкілдерін бауырына басып, бір үзім нанын бөлісіп жеген ата-бабамыздың көрегендігі татулық пен ауызбіршіліктің көрінісі десек қателеспеспіз.

Тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасында отағасы екі жыл бұрын дүниеден өтіпті. Бес бала тәрбиелеп өсіріпті. Үлкен ұлы Юрий, екінші қызы Елена, үшінші ұлы Христофор, сүт кенжелері София мен Зояда бүгінде бір-бір отбасының ұйытқысы. Мария апамыз бір қазақ отбасына қыз беріп, бір қазақ отбасынан келін алыпты. Барлығы да осы ауылда өсіп-өніп, жергілікті халықпен сіңісіп, ел игілігі жолында еңбек етуде. Әке мен ананың ұлағатын тыңдап өскен олар үшін отбасы құндылығы бірінші орында.

– Біздің шаңырақта береке мен бірлік бұлжымас қағида. Өзге ұлттан болсақ та ешқандай түсінбеушілік болған емес. Балалық шағымның бәрі осы төңіректе өтті. Ұзақ жылдан бері қазақ халқымен бірге татутәтті тіршілік кешудеміз. Қазақ қоңсыларыммен туған бауырдай араласап тұрамын. Бір атаның баласындай бауыр болып, ынтымақты арқау етіп, шүкіршілік етудеміз. Жалпы қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны. Өзге этностарға кеңпейілділік танытып, құшақ жая қарсы алған қазақ елінің дархандығын әкеміз бен анамыз үнемі аузынан тастамайтын. Осындай қамқорлықтың арқасында ешкім далада қалған жоқ. Керісінше, қазақтың кең даласында өсіп-өндік, – дейді Мария апай.

Қазақ жеріне қоныс тепкен Конкурити әулеті ауыл шаруашылығына ден қойып, егін егу ісімен айналысқан екен. Диқаншылықты жақсы меңгерген олар ұзақ жылдар бойы нәпақасын жер-анадан тауып, адал еңбектің арқасында балаларын  өсіріп, ер жеткізді. Отаным – Қазақстан деп білетін олар мемлекеттік тілді білу елімізде тұратын әрбір азаматтың міндеті деп санайды. Өзге ұлт болса да қазақылықты бойларына сіңіріп, тіліміздің шұрайлылығын сөз еткен отбасының бүгінгі келбетін көргенде бір марқайып қаласың. Қалай десек те, қазақ халқы секілді кеңпейіл шаңырақтың татулығы көпке үлгі боларлықтай. Әңгіме барысында кейіпкерімізбен қазақ тілінде сұқбаттасқаныма қуандым. «Қазақ тілін үйренуде қиыншылық туындамады ма?» деген сұрағыма ойланбастан «мен қазақ отбасының келінімін, жүрегім, жаным қазақ деп соғады» деп жауап қатты. Алайда қазақтың да, орыстың да салт-дәстүрін қатар ұстанатынын да тілге тиек етті.

– «Бірлік түбі – береке» деген халық даналығы бар. Әр күнді ерекше ықыласпен, ыстық махаббатпен қарсы аламын. Достарым, бұрыннан келе жатқан аралас-құралас жолдастарым құттықтап келіп жатады. Мұның бәрі мен үшін үлкен қуаныш! Мемлекет болғаннан кейін оның мемлекеттік тілі бірінші орында тұруы керек. Қазақ тілін білу біздің азаматтық борышымыз. Өзімді осындай киелі топырақта туғанымды мақтан етемін. Келген қонақтарға әрдайым есігім айқара ашық. Мұндай өнегелі қазақтың болмыс-бітімінен үйрендік. Өйткені қазақ халқы қонақты ырысқа теңейді. Бұл жақсы қасиет, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.

Иә, ақиқатында қоғамның тұтастығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналғаны айқын.

– Өз басым Төменарықтың топырағын ешқандай жермен салыстырғым келмейді. Әлбетте, қазір Қазақстанның кез келген жерінде жайлы өмір сүруге болады. Қала мен ауыл теңесіп келеді, жағдайы көп жақсы. Тұрмыстан таршылық көрмеуіміз мүмкін. Бірақ айналаңдағы адамдардың риясыз көңілін сезініп, соның шуағына жылынып жүргеннің қуанышы бөлек. Қасиетті мекенді мүмкін, сондықтан қимай жүрміз, – дейді әңгіме барысында.

Иә, он жеті ұлттың өкілі тұратын ауданымызда тұрғылықты халықпен бірдей еңбек етіп, даңққа бөленіп мерейі асқан өзге ұлт өкілдерінің саны көп. Олар ағарту саласында да, руханият, спорт, өндіріс саласында да көптеп саналады. Әдемі кездесу барысында Мария апаның келіні Ираны да сөзге тарттық.

– Жергілікті халық өзекке теппей, бауырмалдық танытты. Құшақ жая қарсы алып, қызындай пейіл тнтты. Сол үшін де біз қазақ халқына шексіз ризамыз. Мұнда адамды түр-түске бөліп, алалау жоқ. Баршамызға Қазақстанның азаматы ретінде тең құқық берілген. Бәрімізге де жоғары білім алып, лауазымды қызметке тұруға барынша жағдай жасалған. Сондықтан біз де көп ұлтты еліміздің жан-жақты дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Өйткені біз бейбітшілік бесігінде тербелген Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз, – дейді келіндері Ира.

Міне, осылайша Мария апай отбасымен жылы қоштастық. Жүздерінен мейірбандықтың шуағы төгілген, кең пішілген тұла бойы мен дархан жүрегінен шаттықтың лебі ескен асыл ана немерелерінің қызығына кенелуден артық бақыт жоқ деп есептейді. Барша анаға тән ақ тілегі – бейбітшілігіміз баянды болса екен дейді.

Әсел РЗАЕВА
03 қазан 2022 ж. 820 0