№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мейірбан жүректі медбике

Мейірбан жүректі медбике


41 жылдан астам уақытын медицина саласына арнаған, оның ішінде 40 жылын Жаңақорған шипажайына сарп еткен ақ халатты жанның бірі, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Ләйла Айдарханқызы. Жарты ғасырға жуық бір мекемеде табанды еңбек етіп, қаншама жанның дертіне дауа тапқан, өзінің біліктілігімен ем іздегендерге шипа ұсынып келе жатқан Ләйла Бибасарованың бір күндік жұмыс барысымен танысып қайттық.


«Теріскен» көлінің тұзды қара балшығы Жаңақорғанның брендіне айналып, ғасырдан астам тарихы бар емдік-сауықтыру орны деніне саулық іздеген жандарға үздіксіз қызмет етіп келеді. Жылына мыңдаған ем алушылар келіп, осы бір қасиет қонған батпақтан шипа алып кетеді. Елдің барлық өңірі мен көршілес елдерден де ат арытып келетіндердің санына шектеу жоқ. Қысы-жазы жұмыс жасайтын сауықтыру мекемесіндегі әрбір қызметкердің өзіне жүктелген міндеті бар. Әсіресе, медицина саласындағы абзал жандарға артылар жауапкершілік жүгі биік. Егемендік алғанға дейін, одан кейін де осы мекеменің отымен кіріп, күліп шығып, сауықтыру ісіне терін төгіп келе жатқан ақ халатты жандардың еңбегі ұшан-теңіз.

Алғаш 1983 жылы қызметке орналасып, бүгінге дейін еңбек етіп жүрген Ләйла Айдарханқызы туралы басшылықтан естіп, арнайы іздеп бардық. Физкабинет бөлмесінің есігін қақтық, кезек күтіп тұрған ем алушылардан рұқсат алып, кейіпкеріміздің еңбек тынысымен таныстық. Бұл кабинетке келушілер тұзды шахта және оттегі коктейліне қанығады. Сондай-ақ, арнайы аппарат арқылы оттегімен дем алып, ішкі органдарын емдейді екен.

– Тұзды шахта мен оттегі коктейлінің асқазанға пайдасы өте көп. Жүректің қалыпты жұмыс жасауына және ішек жолдарын тазалауға, аллергия, астма, тері ауруларын емдеуге де оң әсерін тигізеді. Оттегінің миға, бас ауруына және жүректің қан айналымына да көп септігі бар. Шыны керек, қазіргі адамдардың басым көбінің асқазаны ауырады, қан айналымы дұрыс емес. Семіздік, шаршаңқылық, тіпті жүректің әлсіз соғуы да қан айналымының дұрыс болмауынан. Күнделікті тұрмысымызға техниканың көптеп енгеніне байланысты қимыл-қозғалыс тоқтады. Салдарынан аурушаңдық көбейіп келеді, – деді медбике.
Бүгінде кез келген аурудың жасарып бара жатқаны жасырын емес. Бұрын егде тартқан қариялардан еститін ауру түрлерін қазір жастардың аузынан естіп жүрміз. «Өзім Ақтөбе қаласынан келдім, алғаш келуім. Үш күннің ішінде бойымдағы көп сырқатқа ем тапқандаймын. Қазір тұзды шахтаны қабылдап отырмын, одан кейін оттегі коктейлін қабылдаймын. Әсері жақсы, жүрек соғысына пайдасы тиіп жатқанына қуанамын, одан бөлек ми шаршауын, соны тыныштандырып, қайта қалпына келтірген жайлылықты сезінемін. Шынымды айтсам, ем-домы денсаулығымды көп оңалтты» – деді Сағынғали ағамыз.

Ләйла апайымыздың өзі ғана емес, жарының да бұл мекеме еңбегі сіңген. Отағасы осы мекемеде 8 жылдан астам еңбек етіп, тәжірибе жинақтапты. Бір қызығы оларды табыстырған тағдыр десек, себепкер болған осы мекеме. Бақыт Бейменов екеуі қыздарынан үш немере сүйіп, бақытты ата-әже атанып отыр.

– Өзім Шымкент қаласындағы Леңгір медициналық училищесінде білім алдым. Диплом алған соң көп ойланбай осы мекемеге жұмысқа орналастым. Қаншама басшымен қызметтес болдым, Құлтас Әшірбек, Егенберді Әмитов, Сәкен Үсейінов, Аманкелді Абдуллаев сынды басшылардың қанатының астында болып, көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, кешегі тоқсаныншы жылғы тоқырау тұста да қиыншылыққа мұңаймай, қызметімізге адалдық таныттық. Қазір шүкір, барлық мүмкіндіктер қарастырылған, емделушілердің талап-тілегіне сай еңбек етіп, тек алғыс алып келеміз, – деп кейіпкеріміз әңгімесін түйіндеді.

Әли ТЕМІРБЕК
26 қараша 2024 ж. 192 0