№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сурет салу – өмірді сұлуландырады

Сурет салу – өмірді сұлуландырады


Түп тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатын сурет салу өнерін ұлықтаушылардың бірі – аудан орталығындағы Әлшекей өнер мектебінің «Бейнелеу өнері» сыныбының ұстазы Айнагүл Әбдреймова.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «бейнелеу өнері және сызу» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ұстаз бүгінде шығармашылық пен шәкірт тәрбиелеуді қатар икемдеп жүр. Оның тәрбиесін алған оқушылары республикалық, халықаралық додаларда топ жаруда.
– Бала тәрбиелеу, оларға білгеніңді үйрету аянбай еңбек етуді талап ететіні рас. Өзің ізденісті тоқтатпай, оны баланың бойына сіңіре білу үлкен ыждағаттылық пен еңбекті талап етеді. Дегенмен, шәкіртің жетістікке жеткенде төбең көкке бір елі ғана жетпей қалатыны тағы бар. Еңбегіңнің зая кетпегенін көріп, ұстаздан асқан бақытты адам болмайды. Буыны бекімеген жас шыбықты мәпелеп, болашаққа даңғыл жол салуына бағыт-бағдар беру үлкен бақыт, – дейді Айнагүл Тұрдәліқызы.
Иә, қылқалам иесінің негізгі ерекшелігі де осы шәкірттеріне деген ыстық ықыласында. Ашық жарқын мінезі мен балаға деген махаббаты жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатындай. Әр оқушысын бір жұлдызға балайтын кейіпкеріміз бүгінгі жеткен жетістігін де сәби жүректің кіршіксіз алғысының арқасы деп біледі.
– Университетті тәмамдағаннан кейін еңбек жолымды балабақшадан бастадым. Өз мамандығым болмаса да жұмыстың үлкен-кішісі болмайды деп өзіме жігер беріп еңбек еттім. Шамамен 10 жылға жуық бүлдіршіндермен жұмыс жасап, олардың риясыз күлкісіне шомылып, елдің баласы барынша мейірім төгіп тәрбиелеуге тырыстым. Менің бүгінгі аман жүргенім, шәкірттерімнің жетістігі, жеткен әрбір жеңісіміз сол сәбилердің алғысының арқасында деп білемін, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.
– Негізі, Арт-терапия дегеніміз – психологияда жиі қолданылатын әдістердің бірі. Терапияның бұл түрі сезімдерді сурет арқылы жеткізу әдісі болып табылады. Ол жасырынған қабілетті шығаруға, қоғаммен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Өзін-өзі бағалауды үйретеді. Эмоцияны реттейді. Сондықтан, сурет салуды ми дамуының үлкен терпиясы деп айтып жатамыз.
Бүгінде сурет салудың түрлі техникасы бар. Мәселен, бір ғана мысал келтіретін болсам, дәстүрлі емес сурет салу техникасы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жиі қолданылады. Дәстүрлі әдістерге негізделмеген сурет салу, ерекше әрі бірегей болып көрінеді. Сурет салудың ерекше, әрқилы тәсілдері балаларды сурет салуға қызықтырады, әрі баланың шығармашылық әлеуетін дамытып, баланың ұсақ қол моторикасын жетілдіреді. Ол саусақтар қозғалысы мен қол буындарын үйлестіруді реттейді. Адамның бас миында саусақ қимылына және сөйлеуге жауап беретін орталықтар өте жақын орналасқан. Ұсақ моториканың қимылдары мен қолдың икемділігі бас миы құрылымының даму деңгейін көрсетеді. Осыдан келіп қол қимылдарын басқара білу туады. Сондықтан ешқашан да баланы мәжбүрлеуге болмайды. Кішкентай ғана сәбидің қалайтыны – қозғалу, ал қозғалыс – әлемді танудың мүмкіндігі. Яғни, бала қозғалысы дәл және нақты болса, оның әлемді ақылмен тануы да терең болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Ұстаздың айтуынша, сурет салудың дәстүрлі емес техникасын қолданғанда суретті тұрмыстағы кез келген заттар арқылы қызықты етіп салуға болады. Бұл техниканы пайдаланып, сурет салғызу балалардың танымын арттырып, бейнелеу өнерінде өз тәсілдерін ойлап табуға жол ашады екен.
Тынымсыз еңбек пен шығармашылық ізденісте жүретін жаңашыл ұстаз атқарған еңбегі үшін аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен», «Атадан – мұра» қоғамдық қорының бүлдір­шіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған бесінші Республикалық «Дарабоз» сайысының Құрмет грамотасымен марапатталыпты. «Жаңашыл ұстаз», «Дарынды ұстаз», «Құрмет, Абырой, Бірлік» төс белгісінің және «Парасатты педагог» дипломының иегері атанған. Ал, ізденімпаз ұстаздың Эльдана Абдрахим, Ульяна Пятикова, Әнуарбек Айбек сынды талантты шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр.

P.S.: Әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген әйгілі суретші Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді», – демекші, әр оқушысының шығармасынан оның жан дүниесіне бойлай білген ұстаз өрендерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретумен бірге, жас таланттарды ұштау үшін өзі де тынымсыз білімін шыңдауда.

Айсұлу Алданазар

26 қараша 2024 ж. 128 0