Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Гүл өсіру – үлкен мәдениет

Гүл өсіру – үлкен мәдениет


Әсем гүлдер үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие. Адам жанын жадыратып, көңілін көтеруде гүлден асқан сыйлық жоқ. Гүл жан-жағына жұпарын шашады. Айналаға сұлулық, нәзіктік сыйлайды. Гүл өсіруді өзінің хоббиіне айналдырған ауданымыздағы белгілі блогер әрі гүл бағбаны Ақсәуле Үртекова бүгінде 30-дан астам гүл түрін үйінде баптайды. Өзі тазалық пен әдемілікті жаны сүйеді. Ақсәуленің үйіне кіргеннен жасыл желек жамылған, көздің жауын алатын алқызыл гүлдерді көргенде, ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кештік. Апырай, осындай сұлулықты өз қолымен жасап, оны әдемі қалпында сақтап отырған гүлзардың мінезі де мәйім, нәзік болмысының өзі кісіні ерекше тартып тұрады екен.


– Мен бала күнімнен бөлме гүлдерімен әуестендім. Тұрмысқа шыққан кейін, баламен үйден отырған уақыттан бастап гүлді ерекше жақсы көріп, күтім жасаудың түрлі әдістерін үйрене бастадым. Көктем шығып, күн жылына бастағаннан гүлдің ерекше түрлерін үйге де, аулаға да егуге асығамын. Өйткені, гүл екпесем өзімді жайсыз сезініп, көңіл-күйім қашады. Әрбір еккен гүлім мен үшін қымбат, тіпті оларды кейде өз баламдай әлпештеп қарауға тырысамын. Ең маңыздысы, гүл бала секілді күтімді қажет етеді. Гүлді күтіп – баптау өзіме ұнайды. Бұл көңіл-күйіме ерекше әсер етеді. Гүлдер – тіршілік атаулының оянуы мен жақсылыққа деген үміттің нышаны. Сондықтан, гүл өсірумен машықтанғаныма өзімді бақытты санаймын. Мен гүл екпесем жайбарақат отыра алмай, беймаза күй кешемін. Осы күндері ойланып қарасам, гүл менің өмірімнің бір бөлшегіне айналған екен. Гүл баптауды қолға алғалы менің ішкі әлемім де өзгерді. Оның үстіне, инстаграмда блог жүргіземін. Өзімнің парақшамда оқырмандарыма гүлдің түрлерін таныстырып, оны қалай күту керектігінде бөлісіп отырамын. Парақшамда гүл контентін бастаған себебім, әрбір әйел үйде отырса да еш қаражат салмай жетістікке жете алатынын дәріптегім келді. Шүкір, қазір жас қыздардан бастап үлкен апаларға дейін парақшамды үзбей қарап, кеңес сұрап жатады. Әсем гүлдер үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, адам жанына жылылық ұялататын қасиетке ие ғой. Гүл ерекше күтімді қажет етеді. Қарапайым үй жағдайында гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жақсы білген жөн. Әсіресе, қыстың келуімен бөлме өсімдіктерінің көпшілігі ауырады және солады. Әр өсімдікке жекелей қарап, көмектесу керек. Алайда төмен ылғалдылықтан және ауа температурасының түсуінен барлық бөлме өсімдіктері бірдей ауырады. Құндақтағы баланы қалай өсірсең, гүлге де сондай күтім қажет,– дейді кейіпкеріміз.
Қазірде сыйлық ретінде бөлме гүлдерін сыйлау, керек десеңіз тойбастарға гүл беру сәнге айналып келеді. Ол – қуантарлық жайт. Сондай-ақ гүл өсірудің қыр-сырын білгісі келетін азаматшалар Ақсәуленің инстаграм парақшасын үзбей көріп, тіпті үйіне арнайы барып, гүл күтімі жайында түрлі кеңестер де алып жатады екен. Біз гүл бағбанынан гүлдің тағы қандай пайдасы барын сұрадық.
– Пайдасы шаш етектен. Адам мен табиғатты бөліп қарастыруға болмайды. Біз де табиғаттың бір бөлшегіміз. Шаршаған адам таза ауаға, көрікті жерлерге барып демалуға ұмтылатыны сөзімнің айқын дәлелі. Орманның ауасында адам денсаулығына қажетті жеңіл иондар болады. Соның арқасында орманда демалған адам салқынға көп берілмейді, олардың қан құрамы жақсарып, қан қысымы төмендейді, шаршағаны басылады, дәлірек айтқанда орманда дем алғаннан кейін еңбек өнімділігі артады деуге болады. Ал үйдегі өсімдіктер ең алдымен бөлменің ылғалдығын қалыпқа келтіреді. Үйде ешқандай өсімдіктің болмауы мұндай кезде адамдардың тыныс алу, әсіресе мұрын құрғап кетуіне қатты әсер етеді. Таңертең ұйқыдан оянғанда гүлді суарып, хош иіс беріп, жайқалып өсіп тұрған тірі ағзаны көріп көңіл-күйің көтеріліп, өмірден ерекше ләззат алғанға не жетсін, –
дейді гүл бағбаны.
Иә, «Гүл – табиғат-ананың сыйы» деп бекер айтылмаған. Бір жағынан адам жанына жұлулық ұялатып, көңіл-күйдің көтерілуіне септігін тигізсе, екінші жағынан денсаулыққа да жақсы әсері бар. Ендеше гүл өсіруге жаны құмар кейіпкерімізге біз де сәттілік тілейміз.


Әсел РЗАЕВА

08 мамыр 2023 ж. 337 0