№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Гүл өсіру – мәдениеттіліктің айнасы

Гүл өсіру – мәдениеттіліктің айнасы


Гүл өсіру – ежелден қалыптасқан, бүгінде тез дамыған шаруашылықтың бір түрі. Әлем бойынша гүл өсіріп, оны экспорттаудан Нидерландия, Германия, Жапония елдері көш бастап тұр. Кең жайлауда еркін көшіп-қонып, табиғаттың төл сұлулығына көз қанықтырып, оның тегін тартуы – қызғалдағы мен жауқазыны жайқалған жазиралы аймақтың көркі көптің көңілінде. Қолдан гүл егіп, өсіріп, әдемілікке ұмтылуға ықыласымыз кем. Елде гүл бақтарын өсіріп, оны сатылымға шығаратын арнайы кәсіп көзі қалыптаспаған. Ал Қарағанды, Жезқазған, Маңғыстау облыстарының ботаникалық бақтарында мыңдаған гүлдің түрлері мен сорттары өсіріледі екен.


Ауданда гүл өсіру мәдениеті тіптен кешеуілдеп қалған. Гүлді ауласында баптап, нарыққа ұсынып жүрген түрік ұлтының өкілі Соня Ахмедова апайымызды танымайтын адам жоқ. Кейіпкеріміздің гүл ұрықтары мен көкөністердің көшетін сатуды кәсіпке айналдырғанына отыз жылдан асып барады екен.
– Менің ата-анам бақша өсіруді өте жақсы көретін. Есіміз кіргеннен түрлі гүлдердің табиғатын танып өстік. Осыдан болар, менің де жасыл желекке деген қызығушылығым басым болды. Биыл көктемде бархат, глобус, раушан, сальвия гүлдері мен помидор, бәдірен көшеттерін де сатуға шығардым. Сүйікті кәсібіммен айналысуыма балаларым да көмектеседі, – дейді Соня Ахмедова.
Үй ауласы мен бөлмелерін гүл бағына айналдырып отырған шаңырақтың бірі – Байсаловтар отбасы. Қай бөлмесіне кірсеңіз де әдемілікті сыйлайтын гүл­дерге толы. Шаңырақтың бағбаны осы үйдің отанасы. Ол гүлдерді өсіріп қана қоймай, оны сатылымға шығарып, табыс көзіне айналдырып отыр.
– Үйде 30-дан аса бөлме гүлі бар. Олардың қатарынан раушан, алендра, әйел бақыты, кактустың өзгеше түрі және тағы басқа көптеген гүл түрін кездестіресіз. Ал, аулада раушанның сан түрлі түсі, намазшам, хош иісті райхан сияқты оншақты гүлдің түрі бар. Негізі, тек бөлме гүлдерін ғана сатамын. Бағасы 2000 мен 5000-ның арасы. Ал, дала гүлдерін көбіне сыйлыққа беремін, – дейді гүл өсіруші Алтын Шакирова.
Айта кетейік, аудандағы №110 мектеп-лицейінде 300-ден астам бөлме гүлдері бар. Оны күтіп-баптау үшін арнайы штат бөлініп, тұрақты бір адам жұмыспен қамтылған.

– Мектептің айналасы мен ішін көгалдандырып, гүлзарға айналдыру мектеп директорының тікелей қадағалауында. Қазір мектепте бөлме гүлдерінің сан алуан түрлері бар. Оларға күнде күтім жасап, әрқайсысын өзінің ерекшеліктеріне қарай суғарып, дәрумендерін уақтылы беріп отырамын. Жалпы, өсімдіктердің жайқалып тұрғаны кез-келен адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлары анық. Өсімдіктердің балалардың ойлау өрісіне өзгеше әсер етіп, ауаны жаңартуда пайдасы мол, – дейді №110 мектеп-лицейінің гүл өсірушісі Айдана Бакирова.

Иә, гүл өсіру – мәдениеттің айнасы. Ал, оны өсіруді қалыптастырып, айналамызды гүлзарға айналдыру өзіміздің қолымызда.
Қайбір жылдары кент келбетін арттыру мақсатында орталықтағы ірі мекемелер алдына тас тұғырлар орнатылып, жасанды гүлмен көмкеріліп еді. Көбі шаң-тозаң басып, көркінен айрылды. Тегі табиғи түрде өз тұқымы­нан өсіп, айналасына көрік сыйлайтын гүл шоқтарына не жетсін. Осыны көп болып қолға алатын кез келген тәрізді.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
19 сәуір 2022 ж. 522 0