№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жайылмалық жас ғалымдардың жұмысы

Жайылмалық жас ғалымдардың жұмысы


Жаңақорғанда ғылыми жобамен айналысатын жас ғалымдардың қатары көбейіп келеді. Бір ғана Жайылмадағы №195 мектеп-гимназияда қаншама оқушы ғылыми жұмысын байқауларда қорғап, жүлделі оралып жүр. Біз бүгін солардың бірнешеуіне тоқталатын боламыз.


Қай саланың болмасын болашағы ғылыммен байланысты, ғылым мен білімі озық елдердің келешегі кемел келеді. Оны әлемдік экономика көшінде көріп жүрміз. Әсіресе, жаңа технологияны меңгеру, өндіріс орны мен өнерді жоғары бағалауда жас ғалымдардың ашқан жаңалығы жоғары бағаға ие. Біздің бүгінгі үш кейіпкеріміздің бағыты үш түрлі болғанымен, барлығы туған жер тарихын қамтиды. Алдымен тарих пәнінің мұғалімі Әшірбаев Сәбит ұстазға жолықтық.
– Біздің негізгі бағытымыз аудан аумағындағы тарихи орындарды дә­ріптеу, яғни тарихты қайта тірілту. Үш тақырып та осы төңірегінде, біріншісі 1970-1980 жылдардағы Жайылма ауылы мұғалімдерінің қызмет жолы. Мақсат – адамдардың өмірін қамтитын «микро тарихты» қалыптастыру. Дәс­түрлі тарих негізін «макро тарих» құраса, жаңа тарихтың ерекшелігі «микро тарихты» дамыту. Сол секілді, «Сығанақ» пен «Шипажайдың» өткені мен бүгінін зерделеп, ғылыми жұмысты сайыстарға ұсындық. Бір қуантарлығы, «Орта ғасырдағы Сығанақ қаласы» тақырыбындағы жоба жақсы бағаға ие болып, екі жыл бұрын Мәскеу қаласына шақырту алғанбыз. Бірақ жолымыз түспей, бара алмадық. Бұйырса, биыл да жасалып жатқан жұмыс көп, тек жүйелей алсақ болды, – деді білікті педагог.
Енді жобаларға қысқаша тоқталсақ, «Орта ғасырдағы Сығанақ қаласы», авторы 10 сынып оқушысы Аружан Талғатқызы. 20 беттен асатын ғылыми жобаның негізгі мақсаты ретінде, автор өз замандастарына тарихи қаланы таныстырып, кешегісі мен бүгінін саралап берді.
– Ғылыми жобамда ұсынысым – қа­ланың ашылмаған сырларын тереңдете түсініп, қазақ қоғамына ғана емес, жалпы әлемдік сахнаға ашып көрсету болды. Археолог ғалымдар жүргізген жұмыстары үнемі теледидар арқылы көрсетілсе, тарихи және өлкетану интернет мұражайы ашылса деген ұсыныс қойдық. Сондай-ақ, Сығанақ қаласы туристер келетін жағдайға жетіп, сол заманда өмір сүрген ғұламалар, батырлар жайлы деректі фильм емес, жалпы кино түсірілсе. Ең бастысы, интернет көзін тиімді пайдаланып, жастардың қызығушылығын оятуды көздеген әлеуметтік жобалар жүзеге асуы жайында ұсынысымызды қойдық, – деді Аружан.
Автор өзін толғандырған мәселені де жеткізді. Мұндағы бейіттер әлі де толық қорғауға алынбаған, қорғанның жоғарғы бөлігі қоршалануы тиіс дейді жас ізденуші. Аружанның келесі жобасының ғылыми жетекшісі Сәтбай Тастанбек, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті. Тақырыбы 70-80 жылдардағы ауыл мұғалімдерінің тыныс-тіршілігі.
Мазмұнына келсек, ауыл мектебінің құрылуы мен қалыптасуы, мұғалімдер мен оқушыларының құрамы мен құрылымы, педагогтардың материалдық-әлеуметтік жағдайы жазылған.
– Зерттеудің өзектілігі – кеңестік Қазақстан жылдары тарих ғылымы идеялогиялық үстемдік жағдайында болғандықтан саясатқа бағындырылып, бұрмаланушылыққа ұшырағаны белгілі. Алайда еркіндігі үстем батыс елдерінде де тарих ғылымы дағдарыстарды бастан кешті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс елдерінде «жаңа тарих» бағыты пайда болды. Оның негізгі бағыттары ауызша, күнделікті, гендерлік тарих және басқа да дәстүрлі тарих негізін құрайтын «макро тарих» болды. Ал, адамдардың өмірін қамтитын «микро тарих» пайда болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана әлемдік тарихтың жаңа бағыттары отандық тарихта мойындалып «жаңа тарих» үлгісінде зерттеу жұмыстары қарқын алуда. Сыр өлкесі тарихшылары бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарымен мақтана алмайды. Біздің жұмысымыздың өзектілігі де осында, – деді жас тарихшы.
Иә, көне қала тарихын зерттеу әлі де жылдардың көшінде жүре береді. Жаңақорғанда көне шаһарлар мен киелі мекендер аз емес. Олардың осындай тың тынысын ашатын жас өскіндер көбірек шықса игі. Ал, үшінші жоба ғасырлық тарихы бар «Жаңақорған шипажайының» бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашаққа құрылған жоспары жайында. Жалпы алғанда, үш жобаның үшеуі де жаңалық болмағанымен, ғылыми айналымға енгізілген оқушылардың тың жұмысы. Бұл бүгінгі балалардың болашақтағы үлкен ғылыми жобасына жол бастайды.
Сөз соңында, тағы да қайталап айтамыз, кез келген саланың болашағы ғылыммен өлшенеді. Өркендеуі мен өрлеуі ғылымнан бастау алады. Сондықтан мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқушыларды ғылыми жұмыстарға көбірек араластырған мектеп те, мемлекет те ұтады.

Әли ТЕМІРБЕК
17 наурыз 2022 ж. 223 0