Инновациялық мектептердің деңгейі қандай?
«Тәуелсіз Қазақстанды әлемге паш ететін – ғылымы мен білімі. Мектеп – әлеуметтік мәселенің ең өзектісі» – деп Елбасы жалпы білім беретін мектептің жүйесіндегі инновацияның алар орнының маңыздылығына тоқталды. Яғни болашақтың айқын бағдары – ғылымға, инновациялық салаға негізделген біліммен өлшенеді. Сондықтан осы бағытқа ден қойған мектептердің бүгінгі бет-бейнесі, даму деңгейі қандай екенін білуді мақсат тұттық.
Ауданда 2 инновациялық мектеп бар. Бірі – Жайылмадағы №195 мектеп-гимназиясы, екіншісі – аудан орталығындағы №110 мектеп-лицей. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мақсатында ашылған екі мектептің жалпы орта мектептерден айырмашылығы неде? Осыған тоқталуды жөн көрдік. Алдымен Жайылмадағы мектептің директоры Жанат Жүсіпованы сөзге тартып, білім ордасының озық тұсын түсінуге тырыстық.
– Алғаш рет облыс бойынша 22 инновациялық мектеп құрамына енген аудандағы екі мектептің бірі ретінде енгізілгенімізде қатты толқыдық. Өйткені сенім жүгінің салмағы ауыр, жауапкершілігі мол. Облыстық педагогикалық шеберлік орталығы мен облыстық білім басқармасы барлық мектептерді саралағанда білімі жағынан, материалдық базасы жоғары тұрған мектептер көшінде біз де бар болдық. Қазіргі таңда инновациялық мектеп алдында үлкен міндеттер тұр. Ең бастысы, білім беру мазмұнын жаңартуда үздіксіз жұмыстар істелуде. Оның ішінде, оқу мен тәрбиені ұштастыра отырып, шәкірттің белгілі бір пәнді таңдап, соны игеруіне, шығармашылық деңгейінің көтерілуіне күш саламыз. Мектеп негізгі тәжірибені Назарбаев зияткерлік мектебінен алады және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары сабақ береді. Бүгінде оқушылар тек гуманитарлық пәндерден ғана емес, жаратылыстануға негізделген пәндерді де тереңдетіп оқытамыз, – деді білікті басшы.
Қазақстан педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген Республикалық «Үздік білім беру ұйымы – 2018», «Жыл үздігі – 2018» байқауларында «Үздік» деп танылған мектептің жетістігі тек бұл емес. Мектепте жаңартылған білім беру мазмұны бойынша – 34, пән бойынша – 43, деңгейлік курстардан өткен – 31, үштілділік бойынша 5 мұғалім оқушыларға мазмұнды білім беруде. Мектеп мұғалімі Тұрған Тұрлыбек талмай ізденуден айқын нәтижеге жетуге болатынын көрсетіп жүр. Ол түрлі тәжірибелерді қолдану арқылы тілді меңгертуге күш салып, ізденіс үстінде жүрген ұстаз. Өз ісінің білгірі бүгінде мектеп оқушыларымен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп жүрсе, шәкірттері халықаралық деңгейдегі тілден ғылыми жоба қорғап, аудан абыройын асырып келеді. Мектептің жетістіктері тек бұл емес. Ғылымға бет бұрған оқушылар түрлі деңгейдегі жарыстардан жүлделі оралып та жүр.
Жас ғалым Мұхамедали Абдуллаев «Зерде» ХV республикалық конкурсының абсалюттік жеңімпазы болып «Гран-При» иегері атанса, Шұғыла Ғалиқызы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «EDU STREAM» компаниясы ұйымдастырған сайыста бірінші орыннан көрінді. Абдуләзиз Сейілхан «Ұлттың ұлы мұрасы» атты халықаралық өнер-білім сайысында бас жүлдені жеңіп алып, Семейде өтетін халықаралық сайысқа жолдама алған. Сондай-ақ, Асылзат Орынбасар Білім және Ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсына қатысып, ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталды. Сол секілді Аружан Талғатқызы облыстық «Менің кіші Отаным» атты жас тарихшылар байқауында бірінші орынды иеленсе, «Менің ауылымның болашағы» атты ғылыми жобада аудандық, облыстық кезеңдерден де озық шықты. Айта берсек жеткен жетістік мұнымен шектеліп қалмайды.
1966 жылы сегізжылдық болып ашылған мектеп араға 50 жыл салып жаңа еңселі болып қайта түледі.
***
Тамыры тереңнен тартатын білім ордасы ғылымға көбірек негізделген. Осы бағытта келе жатқан №110 мектеп-лицейі де соңғы 5 жылдықта толайым табыстарға, ғылыми жобалардан жетістіктерге жетіп жүр. Еңсе бойлы, сәулеті жарасқан, ауласы кең жаңа мектеп жас кадрлармен толыққан. Бүгінде 1556 оқушы оқитын білім ордасының директоры Әділмырза Таждиновпен сөйлесудің сәті түсті.
– Мектеп тәрбие беру бағытында «Шаңырақ» бағдарламасы негізін басымдыққа алып отыр. Атап айтқанда, 100 кітап, 100 ән, Тұлғатану, әлеуметтік жағдайларды зерттеу, тарихи мәдени орындарды зерттеу бойынша жетілдірудеміз. Білім саласына келсек, мектепте балаларды өнер мектебімен келісімге отырып, домбыра, ән, хор, би сыныптарын ашсақ, спорт мектебінің жаттықтырушылары спортқа бейім жастарды баулуда. Сондай-ақ, мектептің 7 сыныбына, яғни, лицей сыныптарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары 1500 сағат дәріс оқиды. Бұл 7 сыныпқа 167 білімді, дарынды оқушылар іріктеліп алынды, – деді мектеп басшысы.
Мектеп директоры өз сөзінде мұғалімдерге ақпараттық-коммунативтік технологияны меңгеріп, интернет ресурстағы ақпараттанды тиімді пайдаланып, жан-жақты ойлау, мәдениетті, білімді, сондай-ақ теория мен тәжірибені ұштастырып, оқушыларға сапалы білім беруді талап етеді. Оқу ордасында жалпы сынып жиынтығы 64 болса, оған 158 мұғалім мазмұнды білім беруде. Оның 34-і зерттеуші, 38-і сарапшы, 47-і модератор. Магистратура бітірген мұғалім саны – 5. Сондай-ақ жақында мектеп ішінен коворкинг орталығы ашылды. Мектеп ғимараты толықтай қазіргі заманға сай, материалдық базасы, кәсіби біліктілігі жоғары болғандықтан мұнда оқушылардың саны жыл санап көбеюде. Ғылым мен білімге ден қойған оқушылар да жарқын болашақтың бағдарындай.
– Мектепті дамыту үшін жаңа ұғым, жаңа үлгі, жаңа әдістер қажет. Инновацияны ендіру – білім сапасын арттырудың төте жолы. Мектептің даму жоспарын құруда мынадай бағдарламаларды іске асырудамыз. Бәсекеге қабілетті маман даярлау мектеп қабырғасынан басталады. Дәл қазір мектептің 1-5 сынып оқушылары сынып партасында отырып оқуда. Мектепте балалар әлеуметтену процесінен өтеді, өзара қарым-қатынасты көреді, шығармашылық, физикалық тұрғыда өседі. Балалар өз қатарластарымен бірге сөйлесіп дамиды. Десе де, қашықтықтан оқыту заман талабы, сондықтан бала өміріне сақтықпен қарауымыз тиіс, – деді Әділмырза Қайруллаұлы. Білім ордасының жетістігі көп. Соңғы жылдардағы бастысына тоқталсақ.
Оқушылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Жас зерттеуші» І облыстық ғылыми-зерттеу жобалар байқауының «География және биология» бағыты бойынша жүлделі орындарды иеленуде. Атап айтсақ, Нұрсайлау Серік, Балнұр Махамадиева, Дильназ Қалкөз, Ақпейіл Аймағанбет, Алина Асанова, Ақмаржан Амангелді, Арайлым Абдрашит, Біржан Ролан, Зарина Қалкөз, Бекзат Сатершинов, Аяжан Жұмабек, Асылзат Сатыбалды мектеп мерейін өсірді. “Зерде” республикалық конкурсының облыстық кезеңінде Қазына Жүсіпалиева, Аружан Аманкелді, Нұрсезім Айтілеуова, Гүлфайруз Айтмағанбет белсенділік танытты.
Сондай ақ, Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Айзере Дәуренбек, Аружан Маханбет бірінші орынмен қуантты.
Аудандағы инновацияға негізделген екі мектептің беталысы осындай. Аталмыш мектеп мұғалімдері Назарбаев зияткерлік мектебінің озық тұстарын аудан мұғалімдеріне таратып, бірлесе жұмыс жасауға шақыруда. Ондағы мақсат – әрбір мектеп инновацияға негізделуі тиіс.