» » Мақсаткерлік – қоғамдық қуаттың көзі

Мақсаткерлік – қоғамдық қуаттың көзі


Қоғамдық кеңестер елдік мүддеге бағытталған нақты мәселелерді көтерудің ашық алаңы іспетті. Бұл жерде мақсат айқын, ой-пікір ашық, талқыланған мәселе мүмкіндігіне қарай заңдылыққа сәйкес келсе шешімін табады. Өткен жұмада аудандық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе «Жаңақорған ауданының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2022 жылғы есебі туралы» аудан әкімі Руслан Рүстемов хабарлама жасады.


Ол елді мекендерді аралап, қоғамдық кеңес қауымдастықтарымен кездескенде 300-ге жуық ұсыныс түскенін, соның 80 пайызы өткен жылы шешілгенін, қалған міндеттіліктер алдағы күн еншісінде екенін жеткізді.
Биыл облыста 4 балабақша салынатын болса, соның 2-уі, 6 мектептің 3-уі біздің ауданға тиесілі бөлінген жалпы қара­жаттың 48,1 пайызын еншілеп отырмыз, – деді ол.
Облыста 5 білім ошағының жоба сметалық құжатына қаржы қаралды. Үш жоба – Байкенже ауылындағы мектепке спорт залы, асха­наның құрылысы қосымша қаралса, Билібай мен Жаңарық ауылында жаңа мектеп салынатын болады.
Биыл облыстың даму бюджетінен 5 мәдениет ошағы салынатын болса, соның екеуі Өзгент және Жайылма ауыл клуб­тары. Биыл ауданда тарихи өлкетану мұражайы құрылысына қадам жасалуда. Облыс бойынша 10 спорт кешенін салуға қаржы қаралса, ауданда 4 спорттық-сауықтыру кешенінің сметалық құжаты жасалды. Келінтөбе, Машбек ауылы спорт кешені құжаты бюджеттік өтінімге дайын тұр. Тәуелсіздік жылдарында ауданда 20 спорт кешені салынды. Биылғы жылы 4 көппәтерлі, 10 жапсарлас тұрғын үй құрылысы жобасына бюджеттік өтінім берілмек.
18 аудандық маңызы бар жолдарға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Қыраш ауылы, Талдысу лагеріне апаратын жолдар толық жөндеуден өтеді. Облыста 7 елді-мекен газдандырылуға жоспарланса соның 2-уі біздің ауданда. Жақын күндері аудандық бюджеттен жұмысты бастауға 5 млн теңге қаралып, жеңімпаз мердігер іске кіріспек.
Биыл облыста 7 елді-мекенде ауыл­ішілік сервистік су жүйелері жүргізіледі. Облыстың даму бюджетінен 4 елді мекенге жоғары кернеулі электр желілерін жаңғырту және кеңейту бойынша қаржы бөлінді. Кентте электр желілері ескір­ген. Аудан әкімі өзі бас болуымен осы бағыт бойынша 2015-2016 жылдары дайындалған жобаның қозғалыссыз қалып қойғанын ескеріп ауданға келе сала жарамсыз құжаттың қайта күшіне енуіне жұмыс жасағанын, 3,4 млрд-қа тең жоба құнын үшке бөліп нәтижеге қол жеткенін тілге тиек етті. Облыста осы бағытқа 3 млрд теңге қаралса, соның 898 млн теңгесі біздің ауданға тиесілі. Жұмыс наурызда басталады. Сол сияқты биыл Екпінді және Машбек ауылындағы 2 апаттық жағдайдағы көпірді жөндеуге қаражат бөлінді.
Ауданда ауыз сумен қамтылу 91,4%-ға жетіп отыр, – деді ол.
Кент орталығында аталмыш мәселе 2-3 жылдан бері толық шешімін таппай келеді. Басты кінәрат мердігердің жау­апсыздығынан болып отыр. Бұл жөнінде заң орнында қаралып, 153 мың теңгені игермеген «Қазқұрылыс-Сервис» компа­ниясына, алдағы уақытта мәжбүрлеп орындату жөнінде шешім шықты.
Ауыз сумен қамтамасыз етуде жаздың күндері кентте 2400м3 судың жетпейтіні белгілі болып отыр. Ауыз су көлемін көбейту үшін Тақыркөл бас су коймасынан екінші желі тартуға 100 млн теңге бөлінбек. Келесі жылы 675 млн теңге бөлінгелі отыр.
Ауданда аяқсу мәселесі де өте өзекті. Сырдарияға келіп түсетін су көлемінің азаюына байланысты қолдағы қорды құнттап пайдалануда дәстүрлі үлгідегі бетондалған су тоспасын салу маңызы министрлік пен сала басқармасы тара­пынан толық мақұлданып отыр екен. 15 ақпаннан бастап Келінтөбе магистральды каналы бойындағы қашыртқыларды қазу жұмысына көрші облыстардан 4 техника көмекке келді. Ортақ тірлікте ірі шаруа қожалықтары жанар-жағар майдан кө­мектерін аяп жатқан жоқ. Сунақата, Келінтөбе, каналына үш көздік шлюзге жоба-сметалық құжат әзірленуде. Осы мақсатқа жалпы 348 млн теңге бөлінсе, аудан бюджетінен 68,4 млн теңге, Каз­сушар РМК-ның аудандық филиалынан 28 мың теңге бөлінді.
Таубеткейдегі ауылдарды суландыруға насос орнатудың техникалық жобасы дайындалып, республикалық бюджеттен 41 млн теңге бөлінді. Сүттіқұдықтағы 841 га жер 342 млн теңге сараптамалық жоба­дан өткізіліп, бюджетке ұсы­нылды. Байкен­же елді мекені электр желілер жүйесін аудан балансына алып, Байкенже және Көктөбеге трансформатор салынады.
Газдандыру бойынша, ауданда 2015-2016 жылы бастау алған жұмыс екі-үш жыл тоқырап, 2020 жылы ауданға әкім болып келе сала осы шаруаны алдымен қолға алып, үш айда 500 нүктеге газ барғанын айтты әкім. Енді елді мекендерді газдандыруға көшуіміз керек. Облыс басшысының Үкіметпен уағдаластық негізінде қол жеткен өңірдің кешенді дамыту жоспарында кенттегі автономды газды реттеу және кеңейтуіге және қосымша көздіктерге 2 млрд теңге қаралған.
Мемлекет басшысы қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ішкі нарықты тұрмыстық және өндірістік газ­бен қамтамасыз етуді, сосынғы кезекте өнімді экспортқа шығару талабын қатаң қойған болатын. Бұл КазТрансГаз компаниясы жұмысына да үлкен өзгеріс ендіреді. Осыны пайдаланып Шалқия, Құттықожа, Кейден ауылдары газдандыру сараптамалық құжатының техникалық шарт­тарын дайындауды жеделдетуді ұйға­рып отыр екен.
Бүгінде аудан тұрғындарын жермен қамтамасыз ету өзекті. Былтыр Президент пәрменімен әр елді мекеннен радиусы 5 шақырым аумақта жайылымды жерлерді босату шараларына байланысты мораторий күшіне енді. Өткен жылы облыста тұңғыш рет біздің ауданда кәсіптік мақсаттағы жерлерді электрондық саудаға шығару механизмі түпкі нәтижесін берді. Бұған дейін 10 соттық жер 177 мыңға саудаланса, электронды сауда арқылы оның құны 2 млн теңгеге өсті. Аудан бюджетіне 34 млн теңге қаржы түсті.
Жер кезегі мәселесін шешуде 300 га аумаққа инфрақұрылым жасалады. Сол кезде Саяжай-1 аумағында 1000 отбасы жер телімдеріне ие болады.
Ауданда жер дауы жер үлестерін алу бойынша туындауда. Мәселен Түгіскен халқы 2048 га жердің 86,5%-ын үлесіне алып отыр. Енді қалған Түгіскен тұқым шаруақожалығы есебіндегі 13,5 ға жерді де қарамағымызға аламыз деген ниетте. Бұл бойынша әкім ауыл шаруашылығы вице-министрмен жүзбе-жүз кездесіп, ауылдағы еңбеккерлер өкілі атынан Жәдігер Үкібаевтың да пікірі қаперге алынғанын айтты.
Түгіскен тұқым шаруақожалығына тиесілі 2048 га жер шаруаларға таратылып берілгенде техника жағдайы қалай болады. Бұл аудандық деңгейде шешілмейді. Ауылшаруашылығы министрі мен облыс әкімі қалай шешеді. Осының барлығы заң аясында шешілу үшін таяу уақытта министрлік өкілдері ел алдына келгенде халық соған дайын болу керектігін ескертті.
Бұл ретте әлеуметтік желіні құр шулатқан дақпырттан гөрі титімдей болса да еңбеккерге тиімді жағын ойласу маңыздырақ. Аудан басшысы, қоғам өмірі алдында жүрген өкілдер осыған көңіл бөлсе дейді.
Бір түйткіл, мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын нақтылауға келгенде ортақ базаны интеграциялау қажеттігі алға шығып отыр. «Басқаны былай қойғанда, – деді әкім, – ауданда кәсіпкерлер саны нақты қанша екенін біле алмай-ақ қойдым. Кәсіпкерлік бөлімі, стат, мемлекеттік кірістер басқармасы, үшеуінің есебі үш түрлі. Осылар ортақ базаға шоғырланғанда мұндай шикілік болмайды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің мұның алдында мәселе етіп көтерген талабы бойынша аудандық денсаулық сақтау мекемесіне жүкті әйелдер үшін 245 млн теңгеге КТ және 74 млн теңгеге УЗИ аппаратын алуға қол жетті. Қазірде одан 290 адам тексеруден өткенін айтты.
Аудан халқын жұмыспен қамту мәселесі қалыпты. Жыл басында өтініш берген 4670 адамның 4630-ы түрлі бағытта еңбекпен қамтылған.
Ауданда өлім-жітім деңгейі 0,83 пайызға төмендеген. Халықтың жалпы саны 1,5 мың адамға артқан. Демек, демографиялық өсім бар.
Білім саласы бойынша ҰБТ нәтижелері жоғарылап келеді. Ауданда қылмыстылық деңгейі бойынша ауыр қылмыс жасау 2 есеге азайған. Аудан тұрғындарының спортпен шұғылдану деңгейі 31 пайызды құрап отыр екен.
Аудан әкімі есебі тыңдалып болған соң кеңес мүшелері Ерғали Оразбеков, Төребек Ысқақов, Ерғали Илиясов, Динаш Ахметова, Алмас Нәлібаевтардың қойған сауалдарына жауап берді.
Кеңес құрамы аудан әкімі жұмысы жақсы деңгейде деген қорытындымен тарқасты.

Баян ҮСЕЙІНОВА

02 наурыз 2022 ж. 182 0