» » Құсбегілер чемпионаты: көш басында Түркістан

Құсбегілер чемпионаты: көш басында Түркістан

Қаратаудың бөктерінде, Жаңақорғанның төрінде өткен құсбегілердің «Саясатшылық» республикалық чемпионаты аяқталды. Үш күнге созылған дала дүбірінде елдің түкпір-түпірінен 70 құсты тұғырында әкелген 90-нан аса саятшы бағын сынады. Шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстік құсбегілерінің сайысы тартысты өрбіді. Алғаш рет Сыр елінде жалауы желбіреген ересектер арасындағы XV-ші чемпионатта қай өңірдің мерейі үстем болғанын, жарыс қандай деңгейде өткенін көзімізбен көріп, ой түйдік.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Руслан Рүстемұлы, ҚР Мә­де­ниет және спорт министрлігінің аға жат­тықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы, ҚР Қыран Федерациясының президенті, ҚР Құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы саятшылық өнер туралы сөз етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Сыр бойында алғаш рет құсбегілердің чемпионатын өткізу Жаңақорған ауданына бұйырды. Бұл біздер үшін үлкен мәртебе, екіншіден, ауданның ұлттық спорт түріне, оның ішінде саятшылықты қолға алып, дамыту кезеңіне аяқ басқанын аңғартады. Ұзағынан болсын! Жалпы қазақ жеті қазынаның төртеуін саятшылыққа арнаған: ер-жігіттің астындағы жүйрік аты, құмай тазысы, қыран құсы, қолындағы түзу мылтығы әр азаматтың бойында рухшылдықты, отансүйгіштікті қалыптастырады.
Құс – киелі тіршілік иесі, қыран құс ұшып жеткен жерінде 9 мың жылқысы, 9мың қойы, 9 ұлы болса дейді. Өйткені, жылқысы болса саят құрамын, қойы болса аш қалмаймын, ұлдары болса дала төсіне көп түнеймін, деп тілейді екен. Міне, осындай киелі құстарды баптап, тұғырына қондырып, елдегі ұлттық өнерді дамытып жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Саятшылық өнер бұдан да биік шыңдардан көріне берсін! – деп аудан басшысы ақжарма тілегін жеткізді.
Иә, біздің ауданда ат спорт түрлері кеңінен дамып, ел біріншіліктерінде жастар мен аға буын атой салып жүр. Енді құсбегілер өнерді мықты қолға алса, онда аудан спорты тағы бір биікті бағындырар еді.
– Республикадағы барлық облыста ұлттық спорт мектептері бар. Соның жанынан құсбегілікке баулу сабақтары да жүреді. 1980 жылдары 10-15 ақсақал ғана осы кәсіппен айналысыпты. Оның ең үлкені 85 жаста болса, ең жасы 60-тан асқан болатын. Ал қазір 200-ге жуық құсбегі бар. Сондай-ақ ол кезде бүркітті ғана баулыған болса, бүгінде қаршыға, ителгі, лашын, бидайық сияқты құстарды қолға үйрету көбейген, – дейді, ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы.
Оның айтуынша, ұлттық спорт мектептеріне қызығушы жастар көбей­ген. Әсіресе, Алматы, Жамбыл, Түр­кістан облыстарында мектеп жанынан құсбегілік бөлімінің жастармен жұ­мыс істеуі өте жақсы. Жуырда ғана Павлодарда өткен сайысқа қатысушы құсбегі-саятшылардың қатарында жас жігіттер жетерлік.
Сонымен, жаңақорғандықтар мен аудан қонақтары асыға күткен саят­шылық сайысы басталды. Алғашқы күні бүркітшілер екі кезең бойынша бағын сынады. 49 бүркіт ақтық сын­ның жолдамасын сарапқа салды. Қа­шықтықта тұрған ат үстіндегі иесіне жыл­дамдықпен қону сынынан құстардың басым көбі 10 балдан ұпай еншіледі, одан кейін кейінгі кезеңде көбісі сүрінді. Келесі күнгі финалдық бәсекеге тек 12 бүркіт ғана жолдама жеңіп алды.
– Менің бүгінгі бәйгеге қосатын бүр­кі­тім – Қызылбалақтың әзірге қарымы жақ­сы, бүркіттің естілігі тектен және тәрбие­ден қалыптасады. Өзім 15 жасымнан бүркітті қолға үйретіп, саятшылыққа баулып келемін. Бұл өнер атадан мұра болып жалғасып келеді. 2016 жылы Қытайдан көшіп келіп, ұлттық спортты дамытуға үлес қосудамын. Жалпы бүркіттің ерекшелігі көп, аққу сияқты олар да өмірдің соңына дейін жұбымен болады. Көздері өте керемет көреді, 3 шақырым қашықтықтағы қоянды байқай алады. Айта берсек, қасиеті аз емес, бірінші рет ұйымдастырылса да жарыс жоғары дәрежеде өтуде, – деді шығыс қазақстандық Ғалым Самғат есімді саятшы.
Байқағанымыздай, құстардың кей­бірінің қанаттарының ұзындығы 2,5 метрге дейін жетеді. Жерден қарағанда баяу ұшып келе жатқан сияқты көрінеді. Шын мәнінде, бүркіт сағатына 190-320 жылдамдықпен самғайды. Бір жасынан бастап аңға шыға бастайды. Оның қаңқасының салмағы, қауырсынынан 2 есе жеңіл. Қанаттарының ерекшілігіне байланысты, қатты дауыл кезінде де ұша береді. Бүркіт күніне шамамен 1,5 келі етті қажет етеді. Сонымен қатар, олар 5 апта бойы азықсыз өмір сүре алады. Қазіргі уақытта бүркіттің шамамен 60 түрі белгілі. Олардың көпшілігі Еуразия мен Африкада мекен етеді...
Ақтық сынға шыққан 12 бүркіт қоян алу бойынша жарысты. Шыны керек, бүркіттің аңшылық өнерін көзбен алғаш көргеннен соң бір керемет көрініске куә болдық. Аспаннан қалықтап келіп жердегі қоянға бар жылдамдықпен тап бергенде сол жерде ақ қояндар ажал құшты. Өйткені бүркіттің қос аяғындағы күштің қысымы қоянның сай-сүйегін сындырып, тіпті иесі келемін дегенше ауыздықтағандары жәукемдеп үлгерді. Себебі, оларды аңға ашықтырып шығарады.
Жарыс нәтижесі бойынша атыраулық Ақберген Құрманалиев чемпион атанса, күміс жүлде Жамбылдан келген Жалғас Әкімбековке бұйырды. Қос қола қарағандылық Жаркен Нұрлыхан мен Алатау бөктерінен келген Ермұхан Баетбайдың қанжығасында кетті.
Қаршыға мен ителгі сайысы да екі кезеңнен тұрды. Ең қызығы, қоян аулау болды. Кептер алу сайысынан барлығы сүрінді, бірақ қоян алуда жақсы нәтиже көрдік. Бүркіт сайысына ақ, қаржығаға қара қоян жіберілді. Бір түсінгеніміз, қоян ұстағанда, әсіресе, бүркітті қояннан ажырату оңай болмайды екен. Міне, осындай қызықты әсттерге куә болдық. Қаршыға сайысынан Түркістан облысы атой салды. Паң Сейдулла алтын, Сандыбай Ерлан күмісті еншіледі. Ал, үшінші орын елордалық Күнтуған Серікбек пен Алматыдан келген Сейтжан Аянға бұйырды.
Ителгі түрінен Маңғыстау облысынан келген Айшуақ Таймановтың құсы ешкім тең келмеді. Екінші тұғыр Қарағандының атынан сынға түскен Таңат Оспанқұловтың еншісінде кетсе, қоламен алматылық Мұрат Көдеков пен түркістандық Ибрагим Базарбаевтың қанжығасы майланды.
– Жарыс жоғары деңгейде өткені рас, тек қыстың қары кем болғаны болмаса барлығы ойдағыдай ұйымдастырылды. Кем-кетіктер болады, бірақ көптің көңілі толды. Бұйырса, осы спортты кеңінен дамытуға тырысамыз, ең бастысы, бізде бастама бар. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық, – деді ат спортынан аймақтың білікті бапкері Сламхан Боранбаев.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту ди­рек­циясы» әзірлеген диплом, медаль­дармен марапатталып, демеушілердің қаржылай сыйлықтары табысталды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 ақпан 2022 ж. 221 0