№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бас жүлде – Әулиеатада

Бас жүлде – Әулиеатада

Көкпар десе делебесі қозатын жанкүйерлер мен шабандоздар бір апта бойы Жаңақорған төріне жайғасты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2000-2003 жылы туылған жастар арасындағы көкпар мен аударыспақтан XV-ші ел чемпиоанаты өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруымен және Жаңақорған ауданы әкімдігінің қолдауымен  ұйыдастырылған аламанда елдің түкпір-түкпірінен 12 команда бақ сынады. Жарыс көркін қыздырған көкпаршылар 2 топқа бөлініп іріктелді. Бір орынға 1 200 000 теңге қаржылай сыйақы берілді.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан басшысы Руслан Рүстемұлы ақжарма тілегін білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Ауданның бас имамы Әбдіхалық Махмұдұлы құран бағыштап, жастарға ақжол айтты. Жалпы көкпар қазақтың төл спорты, ат құлағында ойнаған спортшылардың жігері мығым, рухы биік болғаны тарихтан да белгілі. Міне, бабадан қалған асыл өнердің төресінің төрінде көкпар тұратыны ақиқат.
Көпшілік асыға күткен жарыс шымылдығын алаң иелері қызылордалық көкпаршылар мен жамбылдық жастар ашты. Тартысты өткен бәсекеде әулиеаталықтардың мерейі үстем болды. Бұл топта Түркістан облысы, Атырау, Ақмола және Маңғыстау облысының командаларының жолы түйісті. Топтағы әр ойынды тік тұрып көрген көрермендердің қарасы көп болды. А тобында жамбылдық жігіттер 1-орынмен көш бастап, ақтық сынға жолдама алды. Қола үшін таласқа киелі Түркістан шаһарының шабандоздары мүмкіндік алды. Ал, біздің жігіттер өз тобында 3-орынмен шығып, келесі топтағы қарсыласын күтті.
В тобында Алматы облысы, Өскемен, Ақтөбе, Қарағанды облысы мен Алматы және Шымкент қаласының білектілері өзара мықтыны анықтады. Бұл топта Алматы қаласынан келген көкпаршылар ешкімге дес бермеді. Үшінші орын үшін таласқа Шымқаланың жігіттері мүмкндік алса, Алматы облысының жастары Сыр спортшыларымен үздік бестіктің тұғырын анықтайтын болды.
– Жастар арасындағы ел чемпионаты Жаңақорған төрінде бірнеше жыл қатарынан өткізілуде. Бұл біздің көкпаршыларға шамалы болса да жігер, талпыныс берері анық. Шыны керек, жарыс жоғары деңгейде өтті, фаворит жамбылдық жігіттер екенін бәрі біледі, біздің жастар да барын салды. Үздік бестікке ендік, тұғырымыз үздік үштіктен түспейтін еді, бұл жолы сәттілік жетіспеді. Қазақстанда ат спорты жыл өткен сайын жаңа деңгейге көтеріліп, жастарды өсіріп келеді. Алда әлемдік додалар күтіп тұр, оларға да біздің жастар сақадай сай, мүмкіндік болса келер жылы да біздің ауданда қайта бас қосып қалуымыз мүмкін, – деді Сыр елінің ат спортынан аға бапкері Исламхан Боранбаев.
Айта кететіні, қызылордалық команданың барлық мүшесі Жаңақорған тумалары. Демек, біздің аудандағы ат спортының дамуының қаншалықты биік екенін көре аламыз. Үстіміздегі жылдың 23 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының төра­ғасы Бекболат Қанайұлы Тілеу­хановтың ұсынысымен, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің қолдауымен Қызылорда облысының көкпар федерациясының президенті Жаңабай Орынбасаров, облыстың аударыспақтан федерация президенті Бақытжан Төлегенов және облыстық теңге алу федерациясының президенті Құрманбек Ахметов болып, бірауыздан мақұлданды. Біздің 3 бірдей азаматымыз облыстық федерация президенті болғаны аудан үшін үлкен жетістік деп білеміз.
Сонымен финалдық ойындар басталды. Бесінші орын үшін таласта Сыр балуандары мен алматылықтардың жолы түйісті. Жанкүйерлер жанұшыра жаңақорғандық жігіттерге жігер беріп, болысып жүрді. Жеңіс біздің жігіттердің еншісінде, есеп 3:0. Ал, қола үшін тартыста Түркістан мен Шымкент шабандоздары бақ сынасты. Жарыс көркін қыздырған Оңтүстік шаһардың оғландары 10 салымнан қайтты. Қорытынды есеп 7:3, қола шымкенттік жастарға бұйырды. Ал, ақтық сында кімнің жеңетіні белгілі болды. Жамбылдық жігіттер ысқырық шалына салысымен ойынды өз қолдарына алды. Алматыдан келген спортшыларды тырп еткізбеді, бір ғана салым салдырып алған «Әулие Ата» командасы 11:1 есебімен айқын жеңді.
– Жалпы жарыстың ұйымдастырылу деңгейі жоғары. Біз тек чемпион болу үшін келген едік, мақсатымызға жеттік. Бұйырса ұлттық құрама сапын толықтырып, байрақты бәсекелерде бағымызды сынауға мүмкіндік алдық. Келер жылы да осы тұғырдай таймауға тырысамыз, – деді жарыстың үздік ойыншысы Бекзат Шәкір.
Бір аптаға созылған жарысты қорытындылаған көкпаршыларды аудан әкімі Руслан Рүстемов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы Жақсылық Оспанов, ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай құттықтап, марапат мінберіне шығарды.
– Биыл 15-рет ұйымдастырылған жастар додасы өз мәресіне жетті. Ұлттық спорт тек ойын ғана, бұл біздің рух пен жігердің, мәдениетіміздің үлкен бір көрінісі. Атқа қонған жігіттер тек алаңда ғана емес, өсіп келе жатқан жастарға үлкен өнеге, үлгі болары анық. Сондықтан ұлттық спорттың кез келген түрі қазақ үшін өте маңызды, бұл атадан қалған дәстүрлі жол. Осы жолда жүрген аға буынға алғысымызды айтамыз, – деп ізгі тілегін білдірген Рахат Жақсыбай жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан азаматтарды арнайы «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Дүбірге толы көкпар додасы осылай қорытындыланды. Енді жастар іріктеліп, Азия және әлемдік сындарда өнер көрсетеді.

19 қыркүйек 2021 ж. 1 399 0