Электронды аукционның тиімділігі неде?
Бұған дейін кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскесін электронды сауда-саттыққа шығарып, одан дәстүрлі аукционмен салыстырғанда 10 есе бюджетке қаржы түскені сүйіншіленіп жазылды. Бұл жолы тиісті сала мамандарымен қоса кент тұрғындарын да әңгімеге тартып, электронды аукционның тиімділігін білдік.
Алдымен кәсіпкерлік мақсатқа жер учаскесін алған Еркінбай Өтебековті сөзге тарттық.
– Ауданда электронды аукционмен жер учаскесін бірінші алған адамның бірімін.
Кәсіпті дамытуға қажетті жер учаскесін алғаныма бір айға жуықтады. Ережеге сай тиісті қаражатын төледім де. Бірақ шешімді әлі қолға алған жоқпын. Осы жағы қиындық туғызуда.
Электронды аукцион қарапайым халыққа өте тиімді жоба. Аудан бойынша 21 жер учаскесі аукционға түсті. Интернетті игерген кез келген азамат gosreestr.kz сайтына кіріп, жеке кабинет ашып, өзінің электронды мекен-жайын көрсетіп, ережеге сай жарнапұл төйлеп, жер учаскесін алуға мүмкіндігі мол.
Менің мақсатым – жекеменшік мектеп ашып, жасөсіпірмдердің заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. Осы жоба аясында мектеп саламын.
Бұл іс бізге қиындық туғызбайды. Өйткені өзімнің негізгі мамандығын педагог. Жарым да, ұл-қыздарым мен келіндерім де ұстаздық жолда еңбек етуде, – дейді Еркінбай Қабылұлы.
Байқағанымыздай, бұл жүйенің тиімділігін жете түсінген де секілдіміз. Бұрын жер алудың машақаты аз емес-тін. Мысалы әкімдікке, тиісті бөлімге барып, анда барып, мында барып, ұзын-сонар кезекке тұратын. Енді кәсіпкерлер үйінде отырып аукционға қатыса алады. Жер учаскелері аукцион арқылы жеке тұлғаларға да сатыла бастады. Ал осы аукционның аудандарда әрі электронды түрде өткізілуі көптің қызығушылығын туғызғаны рас. Бұл жүйенің ыңғайлылығы сол, әрбір азамат немесе заңды тұлға, электрондық қолтаңбасы бар болса, сайтқа тіркеліп, аукционға қатыса алады.
Бұл жөнінде толғырақ аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегеновтен сұрап білген едік.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында әзірленген жаңа жүйе бизнес үшін жер учаскелерін беру тәртібін жеңілдетіп отыр. Бұл ауданда қолға алған тың бастамаларға жол ашты. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тапсырмасымен Кентау қаласының тәжірибесін зерттеп, жерді электронды саудаға шығардық. Бастамасы жақсы. Нақты атап айтсақ, 9 желтоқсанда «Ақпараттық есептеу орталығының» порталында аудан бойынша кәсіпкерлік бағытындағы 20 жер телімі аукционға шығарылып, 3,6 гектарды құрайтын 17 жер учаскесі 34 млн 760 мың теңгеге сатылды. Аукционда 20 жер учаскесінің 18-і саудаланды. Жер аукционы алғаш рет 15 желтоқсан 0,10 гектар жер 184 мың теңгелік бағалау құнымен сауда-саттыққа түсіп, аукцион нәтижесі бойынша 1 млн 647 мың теңгеге бағаланды. Демек, 10 есеге жоғары өтті. Міне, электронды аукционның артықшылығы осында деуге болады. Бірақ осы 18 жеңімпаздың екі қатысушысы жер учаскесін сатып алу – сату шартына қол қоюдан бас тартты. Енді бұл жерлерді кезекті аукционға шығаратын боламыз. Осы тұста айта кететіні, онлайн сауданың басты ерекшелігі, біз жерді нақты кім алып отырғанынан бейхабар боламыз. Өйткені жерді алған адам электронды қолтаңба арқылы құжатын рәсімдейді. Жаңа тетік нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, бюрократияны азайтады және бизнес үшін де, мемлекет үшін де шығынды айтарлықтай қысқартады. Аукцион арқылы жерге меншік құқығы емес, жер қойнауын пайдалану құқығы берілетінін атап өту маңызды, – дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, заңға сәйкес, конкурсқа жер телімін беруден бұрын жергілікті атқарушы орган жерге орналастыру жұмыстарын жүргізеді. Осыдан кейін жер учаскесі нақты аумағымен және бағалау құнымен конкурсқа қойылады. Үміткерлердің құжаттары электрондық түрде қабылданады, яғни өтініш беруші жергілікті атқарушы органға бармайды. Құжаттарды қабылдағаннан кейін оларды комиссия мүшелері қарап, байқау қорытындысы бойынша шешім қабылдайды. Өткен жылы 27 мың заңды және жеке тұлға zem.kz порталынан қажетті ақпарат алды. Ал биыл аудандардағы аукциондардың басым бөлігін электронды түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте ел бойынша барлық жер учаскелері туралы ақпаратты көрсететін ұлттық географиялық ақпараттық жүйе құру қарастырылуда. Сәйкесінше, облыстық жер қатынастары басқармасында картографиялық деректер базасын құру мақсатында аймақ геопорталының дамуы бойынша жұмыс басталмақ. Онда аумағын, мақсатын көрсетумен бос жер телімдері графикалық түрде ұсынылатынын айта кетейік.
Әсел РЗАЕВА