№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ақынды ардақтау – азаматтық парыз

Ақынды ардақтау – азаматтық парыз



Саналы ғұмырын еңбекке арнаған Әбілпатта ағамыздың шаңырағында өсіп-өнген Әбілқайыр он төрт баланың сегізіншісі. Оның есімін «Әбілқайыр хандай» болсын деп ырымдап қойса керек-ті. Алла Әбілқайырдың көмейіне сөз ұялатып, көңіліне ой қондырып, аламанда көсіле шабатын ақын етті.
Әбілқайыр төкпелей жөнелгенде дүйім залдың дүркірете қол соққанының талай мәрте куәсі болдық, тіпті көзімізден жас та шығып кететін. Иә, сол ақын Әбілқайырмен қызметтес болу бақыты маған да бұйырды.
1999 жылы Жаңақорған аудандық мәдениет бөліміне басшы болып барғаннан кейін қоян қолтық араласып, бірге жұмыс істедік. Әбілқайыр өте тындырымды, тапсырманы тез әрі өте сапалы орындайтын жауапкершілігі жоғары азамат болды. «Балам, болашақта басшы боламын десең, қарамағыңдағы қызметкерлеріңе қыра-ғы бол, жанашыр бол, оларға әке-шешесіндей мейірбаң болуың керек» деген әкем марқұмның өсиет сөздерін құлағыма құйып алғанмын. Содан болуы керек, қарамағымдағы қызметкерлерге қолымнан келгенше көмектесуге тырысып бақтым, жанашырлық таныттым. Менің осы қамқорлықтарымнан Әбілқайыр інім де құр қалған жоқ. Мен мәдениетке басшы болған жылдары жағдай өте ауыр болатын, қаржы табу қиынның қиыны еді, өнерпаздарды іс-сапарға жіберетін қаржы таппай қиналған кездеріміз көп болды.
Бір күні Әбілқайыр кабинетіме келіп: «Әбеке, Сіз Жүрсін ағаны танисыз ғой, республикалық ақындар айтысы өткелі жатыр екен, «Жас алашқа» шығыпты, соны оқып келіп тұрмын, бір ауыз айтсаңызшы мен соған қатыссам қайтеді?» деді.
Тәуекел, тонымды шешіп алмас деген оймен Жүрсін ағаға қоңырау шалдым. «Ассалаумағалейкум, Жүрсін аға! Жаңақорған аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Әбдірейім ініңіз ғой. Әбілқайыр Сыздықов деген ақын бар. Сіздің айтысыңызға қатысқысы келеді» дедім.
Жүкең: «Келсін, жібер! Айтпақшы, өзің де келіп ән салып кетсеңші, дауысыңды халық сағынды ғой!» деді. Мемлекеттік қызметте екенімді айтып, бара алмайтындығымды жеткіздім. Содан кейін Әбілқайыр айтыстардан қалмай, мен қолдан келгенінше қолдау білдірдім.
Тағы бір ауыз толтырып айтар қамқорлығым сол кездегі электер жүйесін тарату мекемесінің басшысы, жомарт жүректі Аман Шонабаев ағамыздың арқасында болды. Иә, Әбілқайырдың айтысқа барып-қайту шығынын (қонақ үйі, жол кіресі т.с.с) көтерді. Одан кейінгі кездерде де Аман ағамыз қол ұшын созып, демеушілік білдірді.
2001 жылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Ерімбетов болатын. Ол сыйлас, сырлас дос еді. 2000 жылдан бастап мәдениет, өнер, спорт саласының үздік мамандарына облыс әкімінің стипендиясы тағайындала бастады.
Досымнан Әбілқайырға стипендия беруді сұрағанымда, тек қала тұрғындарына берілетінін айтты. Облыс әкімдігінің әкімшілік территориясына аудандар кірмей ме деген уәж айттым. Көп ұзамай ұсыныс нәтижелі болып, айтыс ақыны Әбілқайыр Сыздықов облыс әкімінің стипендианты атанды.
Қазақстан Жастар Одағының төрағасы, жерлесіміз әрі досым Есенжол Әлияров бірде Одақтың сыйлығы берілетінін әңгіме арасында сөз етті. Оған бұл сыйлыққа бірден-бір лайықты адамның бірі Әбілқайыр екенін айттым. Осылайша Әбілқайыр Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атанды.
Жалпы Әбілқайыр өнерде де, өмірде де жақсы көріп сыйласатын інім. Бір жылдары мен Әлшекей өнер мектебінде директор қызметін атқардым, сол кезде Әбілқайыр бізге тәрбие жөніндегі орынбасар болып келді, біз етене араласып бірге жақсы жұмыс жасадық.
Міне, сол Әбілқайыр інім 50 жасқа келіп, аудан әкімдігі мерейтойды дүркіретіп атап өтті.
Айтпақшы, аудандық музей бір жылы облысқа көрме апарғанында Әбілқайырға берілген Жастар Одағы сыйлығының төсбелгісін қолды етіпті. Әбілқайырдың 50 жылдық мерейтойында сол төсбелгі есіме түсті. Дереу Есенжолға телефон соғып, сол төсбелгіні қайта жасау қажеттігін айттым және келер жылы төсбелгі қайта дайындалатын болып шешілді.
Ақынын ардақтаған ел бақытты демей ме, Әбілқайыр ініме өз отбасымның атынан арғымақ мінгізуді жөн санадым. Ақындар елдікті еңселі етуде отты жырымен арна тартып, қызмет ете берсін.
Әбдірейім ӨМІРОВ
06 қараша 2021 ж. 309 0