Қызмет пен кәсіптің мәнін бағалай білейік
Қазіргі қоғамның өсу дәуірінде табыс тауып, күнкөріс көзін қалаудың негізі сауда-саттық пен кәсіптік бизнеске бағытталып отырғаныбәрімізге түсінікті жағдай.
Кәсіптің көзін тауып, өрге сүйреген азаматтар, мемлекеттен жәрдем алып, сан-салалы жолдарын ашуда. Әрине, бір орында тұрып қалмай, халықтың қажетін жан-жақты іздеп, шетелден сапасы белгісіз өнім тасымалдағаннан гөрі өз елінің өнімін өндіріп, саудалап жатса сатушыға да табыс, алушыға да қолайлы жағдай қалыптасар еді.
Қазірде алыпсатарлар шектен тыс үстеме бағамен елдің қалтасын қағуда. Бәрін айт та бірін айт, халықтың ең басты ас-ауқаты күнделікті тұтынатын нан мен шәй, қант, тұз екені белгілі.
Елімізде бәрі бар. Жерді қазсаң қазына, үстіне шығарсаң азық-түлік, жеміс-жидек, көкөністің бәрі өсіріледі. Алайда, күнкөрісімізге қажетті заттарға деген құбылған баға ай сайын емес, күн сайын өсіп, экспорттық баға деңгейімен теңелді.
Киім-кешекті айтып әуре болмай-ақ қоялық. Күнделікті күн-көріс көзі нан, шәй, қант, ас майы, жұмыртқа, ет сияқты заттардың бағасы шарықтап, нан 85-90 теңге, кейбір орындарда 100 теңге, ас майы 2700-2800 теңгеге бір-ақ шықты. Ал, ет 1800-2000 теңгеге дейін жеткен. Сонда малдың жем-шөбінде шетелден тасымалдайтындай күн кешудеміз.
Күнделікті жем-шөп өз ауламызда, өз ауданымызда өсірілсе де қымбаттатудан алдымызға жан салар емеспіз. Заттың құнын көтеру жалақы, зейнетақыға азын-аулақ қосылып жатқандықтан әдетке айналып кеткен.
Екінші себебі, біздегі өндірілетін тауардың басым бөлігі экспортқа жіберілетіндігінде.
Ал біздің кәсіпкерлер делдалдық жолмен жергілікті өнімді көтере сатып алып, шетке жоғары бағаға өткізудің жолын тауып алған. Әлемнің алпауыт елдері Ресей, Қытай, АҚШ-та біздің төменгі буын алатын 40-50 мың теңге жалақы мөлшерімен айырмашылық жер мен көктей екені ешкімді ойландыра қоймайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында бұл мәселені ашық айтып: «көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті басшылардың құлықсыздығы мен бейқамдығына байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады» деп атап көрсеткені халық арасындағы жағдайды зерттеп отырғанын дәлелдеп, еңбекші халыққа үлкен демеу болуда.
Міне, осы жағдайлар басшыларға үлкен сабақ болып, халықпен ашық кездесіп, іс-әрекетке тікелей жауапты кадрлардың кім екендіктерін баса анықтап, нақты іске көше бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт құндылығы аса маңызды екенін ескертті. Адамдарды тыңдай түсіне білу, үлкенді сыйлап құрмет көрсету, жастардың кәсіби тұрғыда және тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау бұл аса қажет. Уәде бердің бе, орында.
Міне, біз осы төрт құндылықты әрдайым орындап, өнегелі жолға бағыттап отырсақ, қоғам дамуының өсіп-өркендеуіне негіз қалана беретіндігі күмән тудырмайды.
Қазіргі кездегі еріктіліктің бастау алуы, біз айтып отырған ой-өрістің жетілдіре беруі, ұйымдаса отырып, бір-бірімізді қолдап, демеп, бітер істің басында үлкеніміз бас болып, жастарымыз қолдап әрі қарай жалғап жатсақ, қандай ғанибет. Президентіміз, бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыс аптасының бірнеше сағатын осы бағытқа бөліп, үлгі-өнеге көрсетулері тиіс деп нақты өз ойын жеткізді.
Сонымен бірге бұл жаңа бастамаға қаржылай да көмек болатыны, ол қаржы құрал-сайман қажетті шараларға жұмсалуы да атап көрсетілген.
Қызмет пен кәсіп ұштасып, бір-біріне бағыт-бағдар беріп, ақ-қарасын жіктеп отырған жағдайда халықтың ойы екіге бөлінбей, қоғамдық теңдікте ұстауға мүмкіндік туады.
Мұзарап Махмұтұлы,
зейнеткер экономист,
еңбек ардагері