Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сүйінші. Аққорғанда супермаркет ашылды

Сүйінші. Аққорғанда супермаркет ашылды

Енді аққорғандықтар азық-түлік алу үшін Жаңақорған кентіне немесе Түркістан қаласына сабылмайды. Ауыл тұрғындары іздегенін «Дана» сауда үйінен таба алады. Кеше аққорғандықтардың қуанышына ортақтасып, супермаркеттің нарқымен танысып қайттық.Бұған дейін мейрамхана қызметін атқарған ғимаратты Қайсар Сыздықов халыққа сапалы қызмет көрсететін сауда орнына айналдырды. Ғимарат ауылға кіре берісте орналасқан. Жарық әрі кең, сәнді. Іздеген заттың бәрін табуға болады.
Қала мен ауылдың өмір сүру деңгейі теңесіп келеді деген рас екен-ау, сауда орнында қаладағы супермаркеттерде кездесетін темір арбамен аралап жүріп, қалаған затыңызды аласыз. Мұнда азық-түліктің, жеміс-жидектің, көкөністің кез-келген түрі мен күнделікті тұрмыстағы не керектің бәрі бар. Супермаркетті аралай жүріп байқағанымыз мұндағы баға кент орталығындағы ірі сауда үйлеріндегі бағадан арзан, кейбірі бірдей. Мысалы, ұнның бағасы сортына қарай 7,500 теңге мен 8,500 теңге аралығында болса, күнбағыс майының бағасы 2800-3400 теңге аралығында. Халық көп тұтынатын тауардың бірі құмшекер мен макаронның бағасы ауданнан 50-70 теңгеге арзан екен.
Дүкен қожайыны Қайсар Зұлпыхарұлынан мұның мән-жайын сұрағанымызда: – «Тәуекелге бел буып, ғимаратты супермаркетке айналдырдық. Тауарды тікелей фирма, зауыт, цехтардан екіжақты келісімге келіп, анағұрлым арзанға алу көздерін қарастырдық. Сондай-ақ шұжықтың түрлерін, қаймақ пен жууға арналған заттың барлық түрін Шымкент қаласынан тікелей әкелудеміз», – деді.
Бұған дейін түрлі салаларды меңгерген кәсіп иелері көрші ауылдардың да сұранысын қанағаттандыратындай мол тауармен қамтылған. Төңіректегі елді мекендерде мұндай сауда орнының жоқ екенін ескерсек, қолайлы баға болса кісі қарасы үзілмейтініне көз жеткіздік.
Заманауи үлгідегі сауда орнын ашуға арнайы барған аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған коронавирустың салдарынан көптеген кәсіпкерлік субъектілері өндіріс орындарына тағы да басқа мақсаттарға қарай бұрып жатыр. Сыздықов Зұлпыхар ағамыз басқарып, оның балалары игеріп отырған шаруашылық 2006 жылдан бері ауыл халқына қызмет көрсетіп келе жатқан ғимаратты жаңа заманға сай сауда орнына айналдырып отыр. Бұл әрине, нарықтың кезеңінде кәсібін басқа арнаға бұру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әулет болып ақылдасып, сауда орнын ашуға бағытталып жатыр екен. Осыған дейін бұл ғимарат ауылдағы талай қуанышты бөлісіп көбейтті, қайғысы болса бөлісіп азайтты. Сондықтан да бұл қасиетті шаңырақ деп есептейміз. Кәсіпкер болашақта тағы үш адамды жұмыспен қамтып, салық көзін ұлғайтып елдің игілігіне бағытталған қызмет атқарып жатса бұдан асқан ғанибет жоқ шығар деп есептеймін, – деді.
Сөз алған ардагер ұстаз Ермаханбет Құлымбетов жыл асқан сайын ажарланып келе жатқан ауылда жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысанының халық игілігіне пайдалануына ризашылығын білдірсе, әйелдер кеңесінің төрайымы Айша Наубаева елді мекеннің өркендеуге бет алған айшықты ісіне деген ізгі ниетін жеткізді.
Күнделікті дастархан мәзіріне қоса, тұрмыстық кір жуғыш ұнтақтар, сусабын, азық-түлік өнімдерін қоларбаға салып бастаған ауыл тұрғыны Гүлзада Омарованы сөзге тарттық.
– Супермаркеттің ашылуы мен үшін де ауыл тұрғындары үшін де жағымды жаңалық. Мұнда іздегеніңді табасың. Енді Түркістан, Жаңақорғандағы ірі сауда үйлеріне сабылмаймыз. Ауылымыз көркейе берсін, – деді.
Ауылдың кішкентай тұрғыны ерекше таңданыспен жан-жағына барлай қарап тұр. Қуанғаны жанарынан сезіледі. Супермаркет иелері алғашқы сауда жасаған, белсенді тауар алушыларға сыйлық ұйымдастыруды да қалыс қалдырмапты. Тауарын алып, сыйлығын тағы алып қуанышымен бөліскен ауыл тұрғыны Гүлбибі Ибраева: – Қашаннан жақсылыққа жаны құмар жандармыз ғой. Ауылда сауда орны ашылады дегеннен, қолымызға шашуымызды ала келдік. Мұндағы баға базар бағасынан төмен екен. Сонысына қуанып жатырмын. Ал сыйлық беру адамды бір-біріне жақындатады емес пе, енді күнде келіп керек-жарағымызды алып тұратын болдық, – деп ізгі ниетін жеткізді.
Сауда орны әкімшілігінің айтуынша, 30 миллион теңге қаражат салған. Сауда-саттық бағасы да өндірушілерден сатып алу бағасына қатысты болмақ. Кәсіпкер Қайсар Зұлпыхарұлы нысанға 3 жұмысшы алғанын тілге тиек етті.
Заманға сай түлеген Түгіскенге бұл барғанымызда, Тәуелсіздіктің 30 жылда жеткен жетістігін осы ауылдан көруге болатынын ой түйдім. Расында, екі мектеп жаңартылды. Спорт кешені, мемлекеттік балабақша, медициналық нысан бой көтерді. Үй-үйге су кіріп тұр. Енді супермаркет ашылды...

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
23 ақпан 2021 ж. 494 0