Жүйесіз жұмыстың жұмбағы істің іркілуін, елдің наразылығын тудырады
Бұған дейінгі баршаға белгілі «Экономикалық сараптама: цифр мен шифр», «Ұмтылыс аз, ұтылыс та көп немесе қайыстай ширату» атты мақалада мамыр, маусым айында өткен аудан әкімі аппаратының кеңейтілген мәжілісінде көтерілген қадау-қадау мәселелерді арқау еттік.
«Үшіншісі қалай болады екен, ә?!» деп іштей абыржығанымыз рас. Ішкі түйсік алдамапты. Бұған дейінгі алқалы мәжілістерде салық базасын кеңейтуді, көлеңкелі экономиканың жолын кесуді, шағын және орта бизнесті дамытуды, жұмыссыздықты азайтуды сын нысанасына алды.Бұл мәжіліс алдынғы екеуінің заңды жалғасы болғанымен, ауқымдылығы мен маңыздылығы атан түйе арқалаған жүктің батпан салмағындай болды, аудан басшысының шымбайға батқан шындық сөздерінен шылаулы шаруаның шымылдығы айқын ашылды.
– Әуел бастан: «сайлау деп жүрдіңіздер. Халық өз таңдауын жасады. Сындарлы саяси науқан өтті. Ал, біздің алдымыздағы талап пен жұмыс жауапкершілігі онан да еселене түсті. Енді ешқандай сылтау жүрмейді. Тек нәтижелі жұмыс істеу керек. 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын, бюджеттің атқарылу деңгейін саралаймыз. Кімнен қандай олқылық кетті? Әрбір ауыл әкімі, сала басшысы бұған жауап береді.Ал, жұмыс істегісі келмегендерге кешірілмейді. Халық бізден нақты нәтиже күтіп отыр» деп әкім бұл мәжілістің «біссіміласын» бұлтартпас борыштан қозғады. Зал сілтідей тынды. Тіпті үрей кезіп жүргендей әсер алдық. Әсіресе, қатарға жаңа қосылған әкімдердің «қорқынышы» күшейіп, сосын басылғандай болды. Әрине, бұл жерде мақсат төпелеп, төбе шашын тік тұрғызу емес, тиісті міндетті талап ету ғана.
– Бүгін жаңадан сайланған әкімдердің қаперіне саламын, ортақ міндеттеріңіз – елді мекеннің саяси ахуалына мән беріп, халықтың тұрақтылығы мен тыныштығын қамтамасыз ету, салық базасын кеңейту арқылы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудің жолын табу және жұмыссыздықты қысқарту, – деп ауылдық округ әкімдеріне мойындағы міндетін есіне салып өтті.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ҚАЙТСЕК ӘЛДЕНЕДІ?
Сонымен, толғақты тақырыпқа сәйкес осы саланың жетекшісі – аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев мінбеге көтерілді. Ол алдымен жұмыссыздықты азайту бағытын баяндады.
Статистика басқармасының мәліметінше, ауданда 85655 адам тұрады, оның, 34251-і (2020 жылы – 35426) экономикалық белсенді адам. Жұмыспен қамтылғаны – 32536. Жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз, оның ішінде, жастардың жұмыссыздық деңгейі – 4,6 (2020 жылы – 4,9, жастар – 4,3) пайызды құрайды.
Жұмыссыздық денгейі 0,1 пайызға өсуінің негізгі себебі – экономикалық белсенді халық саны – 1175 адамға кемуіне және елдегі төтенше жағдайдың салдарынан көптеген жеке және заңды тұлғаның кәсіп орындарының уақытша жұмысы тоқтауынан.
Жұмыссыздық денгейін төмендету үшін 118 жұмыс берушімен жұмыс орындарын сақтап қалуға және еңбек жалақысын уақытылы төлеуге меморандум жасалды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі таяу уақытта ашылатын жұмыс орындарына жасаған мониторингін ұсынды.
– Айталық, жыл соңына дейін 2500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде (құс фабрикасы – 110, жеке кәсібін ашу – 650, мекеме кәсіпорындарға – 650, жеке кәсіпкерлерге жалдамалы жұмысқа – 1090), – деді Дархан Есалыұлы.
Хабарламашының сөзінше, жыл басынан Жұмыспен қамту орталығына 2767 адам жұмыс іздеп хабарласса, соның 1527-ы жұмысқа орналасты. 2021 жылы 2087 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланды. Алты айда 1841 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 865-і тұрақты жұмыс. Жыл басынан 5 рет (жылдық жоспар 10) бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 74 жұмыс беруші 247 бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңке барысында 52 азамат жұмысқа қабылданды.
Нысаналы топтағы 88 адам жұмыспен қамту орталығына хабарласып, 55-і мүмкіндігі шектеулі жандар болса, жазасын өтеп келгендер саны – 33 адам. Осыдан 16 мүмкіндігі шектеулі адам, жазасын өтеп келген 23 адам жұмысқа орналастырылды.
Бүгінде қайтарымсыз гранттарды беру төңірегінде неше түрлі алып-қашпа сөз көп. Аудан әкімінің орынбасары осы жөнінде де сөз етіп:
– «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру» үшін берілетін мемлекеттік грантқа ағымдағы жылға Республикалық бюджеттен 600 адамға 350 млн теңге қаржы қаралып, қазіргі таңда 360 адамға грант берілді.
2020 жылы 649 аудан тұрғыны қайтарымсыз грант алды. Алайда соның 19-ы кәсіпкерлігін жауып тастағаны анықталды. Оның 2-і қайта ашты. Бюджет қаражатын кері қайтару бағытында Қызылорда облысының ауданаралық экономикалық сотына талап арыз беріліп, соттың шешімімен 6 азаматтан алған мемлекеттік гранты бюджетке өндіру жөнінде шешім қабылданса, 1 азаматтың ісі қаралуда.
Бағдарлама аясында мемлекеттік грантты 1 реттен артық алған Қожакент ауылының тұрғынымен татуласу келісімін жасау тәртібімен реттеуге келісіп отыр. Жауапкер артық төленген қаржыны бюджетке кері қайтарады.
Мемлекеттік кірістер басқармасы мен «Е-Халық» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен мемлекеттік органынан сұрау салу арқылы талдау жүргізілді.
Талдау көрсеткендей, 2020 жылы қайтарымсыз грант алған 649 азаматтың 464-і салықтық есептілік тапсырды. Оның 203-і салықтық есептілікті 0-дік көрсеткіш көрсетсе, 261 кәсіпкерлік субъектісі бойынша 5 млн теңгеден аса әлеуметтік аударым аударды.
Биыл грант алған 360 кәсіпкерлік субъектісінің 114-і бизнес жоспарда көрсетілген кәсібіне қажетті құжаттарын орталыққа тапсырды. Қалғаны 3 айда тапсыруы керек. Кәсіпкерлер 15 тамызға дейін салық есептілігін тапсыруы тиіс.
Орталық басшысы Жаңабек Тұрлыбеков 1,5 ай еңбекке жарамсыздық парағын ашып, жұмыста болмауының салдарынан бірнеше комиссия отырысы өтпеді, – деп мәселенің мәнін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Өркениетті елдер өздерінің тұрмыстық-әлеуметтік әлеуетін жұмыссыздар санымен өлшеп, бағыт-бағдарын айқындап жатады.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы осыған меңзеп:
– Қазіргі уақытта жұмыссыздардың санын азайту негізгі мәселе. Бұл – жұмыссыз азаматтың отбасына әсер ететін ең кері фактор. Кейінгі кездері керісінше, жұмыссыздықты азайтудан гөрі көбейіп барады. Халық саны тұрақты түрде артса да экономикалық белсенді халық неге азаяды? Осы экономикалық белсенді халықтың есебін қалай анықтайсыздар?
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде мұнымен кім айналысады? Әрбір ауылдық округ бойынша мұның нақты есебі бар ма?
Егер есеп дұрыс болса, жұмыссыздық деңгейі анық болар еді. Жыл соңына дейін 2500 жаңа жұмыс орны ашылады дейсіз, осы жоспардың қаншасы ақылы қоғамдық жұмыс есебінен орындалады? – деп сұрақтың астына алды.
Сұрақ қойып, жауап күтті. Сосын әрі қарай ойын жалғаған аудан басшысы:
– Бюджет қаражаты есебінен уақытша жұмыс орнын құру жұмыссыздық мәселесін шешпейді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелерін әйтеуір бір жұмыс орнымен қамтамасыз ету керек болады да, сіздер қоғамдық жұмысқа тарта саласыздар. Бітті. Бәрі тамаша. Бірақ олай емес. Жұмыссыздықпен күрес бұлай жүргізілмейді. Жұмыссыздықты азайту үшін арнайы жұмыспен қамту орталығы құрылған. Сол мекеме тікелей жұмыссыздықты азайтудың кешенді жоспарын әзірлеп, жаңа жұмыс орындарын анықтап, жалданып жұмыс істеп жүрген азаматтарды заңдастырып отыруы керек. Бірақ, өкінішке орай, олай болмай тұрғанын көріп отырмыз.
Аудандық жұмыспен қамту орталығына барлық жерде қысқарту жүріп жатқандығына қарамастан сұраған штатын беріп жатырмыз. Бірақ тиімділігі байқалмайды. Грант алады да кәсіпкер болып салық органына тіркелмейді, тіркелгені салықтық, статистикалық есеп тапсырмайды, тапсырғаны «0»-дік көрсеткіштен тайынбайды. Кейбірі кәсіпкерлігін ашады да, артынша жаба салады. Осынша маманмен отырып, несие мен грант алған азаматтарға мониторинг жасауға не кедергі? Осы проблемалардың неге алдын алмаймыз?
Бұл – орталық жұмысында үйлесімділік жоқтығы, дұрыс ұйымдастырмаудың кесірі. Мен солай түсінемін. Аудандағы ең штаты көп мекеме бола тұра жұмысы мардымсыз. Нәтиже жоқ. Кент, ауылдық округтермен кері байланыс орнатылмаған.
Ал, орталықтың директоры Тұрлыбековтен сұрасаң барлығы керемет. Хабарламада айтылғандай, биылғы жылы мемлекеттен бөлінген грантты беруге де жұмыс жасауды тоқтатқан. Көрсеткішіміз облыстың орта көрсеткішінен төмендеп кеткен. Себебі, орталық басшысы 1,5 ай еңбекке жарамсыздық парағын аштырып, жұмыста болмауынан комиссия өтпеген дейсіз.
Тұрлыбеков жолдас, мен сізге өткен жиналыста тапсырма бердім, жәрмеңкені менің қатысуыммен өткізіңіз деп. Неге қатыстырмайсыз? Неге тапсырма орындалмайды?
Грант алған ауыл тұрғындарымен тапсырылатын салық есептіліктерін тапсырылуын тиісті деңгейде қадағалау жүргізбегені үшін Жаңарық, Талап ауылдық округ әкімдерінің де тәртіптік жауапкершілігі қаралады. Өйткені сіздерге арнайы салықшы маманы берілген. Сонда ол қайда қарайды?
Мемлекеттік грантқа ең аз қатыстырған Байкенже, Кейден, Талап, Қандөз ауылдық округінің әкімдері жыл соңына дейін аталған жұмысты жандандырыңыздар. Жыл қорытындысымен көрсеткіші нашар ауылдың тәртіптік жауапкершілігі қатаң қаралатынын ескертемін, – деп сөз-сойылмен қамшылап өтті.
Мұнан соң күн тәртібіндегі тақырыпты түйіндеген аудан әкімі өзінің орынбасарлары Д.Тұрсынбаев, Е.Сұлтанбеков және аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдармалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Айдосоваға төмендегідей тапсырма берді.
– Бізге қазіргі таңда жүріп-тұруы қиын мүгедектердің жеке көмекшілерінің қызметіне 54 млн теңге және тағы бірнеше мәселеге қосымша қаржы керек. Өзіміз кірістер болжамын ұлғайту көздерін зерделеп, көлемін нақтылап және бағдарлама әкімшілеріне берілген қаражаттардан жыл соңына дейін игерілмейтін, мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаражатын анықтап, аудандық бюджетке нақтылау жүргізу жөнінде нақты ұсыныс беріңіздер.
Ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау мен қаржы бөлімі, ішкі саясат пен жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдармалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімдерінің жұмысын үйлестеріп, бұл жұмыстарды 15 тамызға дейін аяқтау керек, – деді аудан әкімі.
Қаныбек Абдуов,
Нұрлат Байгенже.