№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Салық базасын кеңейту енжарлыққа көнбейді

Салық базасын кеңейту енжарлыққа көнбейді

Мемлекеттің қуатты болуында салықтың шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қай елде салықтың түрлерін жинау ұтымды, ұтқыр ұйымдастырылса, сол елдің қазынасы толып, әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарлы болады. Бұл ежелден сондай.

Міне, осы мәселені назарға алған аудан әкімі Руслан Рүстемов мамыр, маусым айында екі рет аппарат мәжілісін өткізіп, салық базасын кеңейту, көлеңкелі экономиканың көлемін азайту, есептілікті жүргізуді жан-жақты талқылып, кемшіліктердің бетін ашып берді. Содан бері біршама уақыт өтті. Нәтиже бар ма? Біз осыны бағдарладық.

Иә, төл басылымда жарияланған «Экономикалық сараптама: цифр мен шифр», «Ұмтылыс аз, ұтылыс көп немесе қайыстай ширату» атты мақала жұртты елен еткізді. Екі мақаланың тізгінінде салық базасы туралы Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы мен әкімнің жауапты орынбасарларының баяндамасы тыңдалды, әрі талданды.
Сол арқылы ширатып көрейік. Бірінші баяндамасында Нұрлан Нұрсейітов бірнеше ауылдағы мүлік салығының шикілігін ашып берген болатын. Мәселен, Өзгент ауылдық округінде мүлік салығы 5 мың теңгеге теңеліп, оның 438 пайыздан артық орындалған айтылды. Сонда 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы барлық мүліктің құны миллион теңгеге жетпейтін болғаны ма?! Көлік салығы да осындай көрсеткішпен беріледі. Осындай көзбояушылықтың арқасында Қыркеңсе ауылдық округі көлік салығын 406 пайыз, Сүттіқұдық ауылдық округі мүлік салығын 463 пайыз артық орындайды. Мейлі, 100 немесе 120 пайыз болса сенуге болады ғой!
Жалпы 2021 жылдың 1 маусымына түскен салық көлемі 459 миллион 186 мың теңгені құраса, оның 449 миллион 869 мың теңгесі немесе 99,6 пайызы заңды тұлғалардан, ал небәрі 1 миллион 982 мың теңгесі немесе 0,4 пайызы ғана жеке кәсіпкерлерден түскен. Бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер басқармасына барып, қосымша мәлімет сұрағанда қазір ауылдық округтер мүлік, жер және көлік салығының берешегін өтеді. Тек кентте жұмыс баяулап тұр деген мәлімдемені ғана ала алдық. Әзірге нақты цифр берілмеді, бір білетініміз көлік салығы бойынша былық жетерлік. Бұл түсінікті.
Салық түсімін арттыруда тағы бір теріс әсер ететін жайт, салық есебін нөлдік көрсеткішпен тапсыру немесе табысын жасыру етек алғаны бұған дейін газетте жазылды. Бұл көрсеткіш ауданда тіпті шарықтап тұр. Көшті Жаңақорған кенті бастап келеді. 1258-ге жеткен. Одан кейінгі орында Қожакент, Аққорған, Жаманбай батыр, Төменарық, Қандөз, Шалқия келеді. Ал, нәтижелі жұмыс Қаратөбеден көрінеді, 49 кәсіпкер болса, соның екеуі ғана нөлдік көрсеткішпен тапсырған. Демек аудан әкімі нақты тапсырма бергелі бері сең әлі жүрмеген. Бәлкім, сайлауға түскен 13 ауылда салыққа ден қояға мұрша болмай жатқан шығар, қалған ауылдық округтер не бітіруде?
Әлі күнге дейін бірқатар жұмыс берушілер еңбекақыны «конверттегі жалақы» тәсілімен төлеп келеді. Бұл – ең алдымен кәсіпорындардың салықтан жалтаруы, тауар айналымын жасыру әрекетінің көрінісі. Сонымен қатар, басқарма басшысы орындалмаған жұмыстар бойынша салынатын айыппұлдар көлемін арттыру керек. Бұл
дер кезінде жұмысты орындамаған заңды тұлғалардың белсенділігін күшейту үшін де қажет деді.
Біздің кәсіпкерлер табыс тауып, қазынасын арттыруды жақсы көреді. Бірақ елдің ортақ қазынасына салық төлеуге енжар қарайды. Оған дәлел көп. Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Ердулла Сұлтанбеков:
– Кәсіпкерлік мақсатта салынатын нысандарға жоба-сметалық құжаты дайындалып, сараптамадан өтетіні белгілі. Осы құжаттарға құрылыстың құны жазылады. Бұл құжаттар құрылыс бөлімінде жинақталады. Бұлар салық органына беріле ме? Берілсе, кәсіпкерлер тапсыратын есептіліктегі ғимарат құнына сәйкес пе? Мысалы, Қорасан ата көшесіндегі «Хан» нан өнімдерін пісіретін наубайхана ғимаратының құны 15 миллион теңге. Ал, одан бірнеше есе үлкен «Атамекен» орталығы – 7363,8 теңге, «Қара бура» – 16548,0 теңге, «Береке» – 2271,7 теңге. Тіпті «Жас Қанат», «Нышан» және «Данон» кафелерінің, «Нұр-Әділ» дүкені, «Заңғар», «Заңғар 2» сауда орталығының бағалау құны көрсетілмеген. Яғни зерттеуі жетіспеген жұмыс көп, – дегені әлі есімізде.
Өзге өңірлер тәжірибесіне сүйеніп көрейік, мәселен, Ақтөбе облысында биыл өткен жылы салықтан жалтарушыларға бақылауды күшейту арқылы бюджетке 4,5 млрд теңге қосымша қаржы түсірген. 2021 жылдың бірінші тоқсанында облыстық бюджет салық базасының кеңеюінен 1,2 милиард теңгеге толықты. Ірі кәсіпорындардың салық базасын қайта тексеру нәтижесінде 1340 компаниядан бюджетке қосымша 100 миллион теңге түскен. Біз де осы тәжірибені енгізу керек. Аудан басшысы осы жөнінде тиісті тапсырма берген-ді. Бірақ тапсырма тым баяу орындалуда.
Бәлкім, жұмыс жүруде шығар, бірақ, біз жауапты мекемелерден тиісті мәлімет ала алмадық. Тіпті Кірістер басқармасынан бір мәлімет алу үшін екі апта жүрдік. Мұны қалай түсінуге болады.
Осы жерде Қытайдың тәжірибесін еске сала кетсек. Бүгінде Қытай айбарлы елге айналды. Қуатты мемлекеттің негізгі тірегі – дамыған шағын және орта бизнес. Міне, ресми Пекин бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр, екінші жағынан, есептілікті сәтті үйлестіруде. Миллиардтар елінде бұл қалай жүзеге асуда деп ойларсыздар? Қытайда кәсіпкер бір рет салық есептілігін нөлдік көрсеткішпен тапсырса, «сенімсіз кәсіпкер» ретінде бағаланып, жұмысына шектеу қойылады екен. Ал, бізде субсидияны миллиондап алса да, салық төлегенде сол қомақты қаржы көрсетілмейді. Неге? Сұрақ көп... Жауап аз...
Бәлкім, тек өзімдікі болсын, өзгенікі «бұл болмаса күл болсын» деген құлдық психологиядан әлі арыла алмай жатқанынан болар. Мұның бағасын психологтар мен әлеуметтанушылар берер. Бір анығы, ауданда көлеңкөлі экономиканың үлесі басым...
Айта кететіні, биыл мүлік салығына өзгертулер енгізілген болатын. Құжатта «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі міндеттері мен санаттары, әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін беру тетігі, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары бекітіледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі бағытталған халықтың әлеуметтік осал топтары анықталды. Заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қызметкерлерді оқытуға, біліктілігін арттыруға немесе кәсібі бойынша қайта даярлауға жұмсалған шығыстар мөлшерінде салық салынатын кірісті азайту құқығы, бірақ 120 еселенген АЕК мөлшерінен аспайтын, сондай-ақ салық базасына 0,5 пайыз ставка бойынша мүлік салығы сияқты мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
Бізде мүлік салығының мөлшері тым төмен. Тіпті кейбір ірі-ірі сауда орталығы ғимаратын бағалау құны обьективті қойылмаған, ол да салық төлеуге келгенде мейлінше төмен болуына тиімді деп дабыл да қағылды.
Экономиканы алға жылжыту жолында бизнес ортаға қолайлы жағдай туғыза отырып, салықтық түсімдерді көбейту қажеттігі туындап отыр. Бірақ мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың бағалау құны айтарлықтай аз көрсетілген. Осының салдарынан салық базасын кеңейту жүзеге аспай, қазынаға түсетін тиесілі қаражат азаюда.
Майсым айындағы аудан әкімдігі аппаратының кеңейтілген мәжілісінде әкімнің орынбасары Ердулла Нұртазаұлы былай деген еді:
– Ірі-ірі заңды тұлғалар тиісті салық төлемдерін жүргізбей отыр. Мәселен, «Orda-Сығанақ» шипажайы, «Хек КТ» ЖШС күн электрстанциясы, «Қуат-Керамзит» ЖШС, «Жаңақорған Жібек жолы» ЖШС, «Жаңақорған жолдары» ЖШС, «Жаңақорған жаңа жол» ЖШС мүлік салығын төлемеген. Басқасын былай қойғанда, ауданға белгілі деген ірі-ірі кәсіпкерлік субъектілерінің өзі осындай, – деп ойын түйіндеді.
Әкімнің орынбасары Мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерлік палатасы, жер кадастры және жылжымайтын мүлік, кәсіпкерлік және құрылыс бөлімдерімен бірге талдау жұмыстары жүргізіп, мемлекеттік органның кәсіпкерлік нысанды тіркеуде, есептілігін қабылдауда, олардың құнын анықтауда бірлесе жұмыс істейтін боламыз деген. Мұның мән-жайын қашан білеміз?..
Салық базасын кеңейту, берешекті өндіру бойынша жұмыс қарқын алуы тиіс. Себебі ауданда қордаланған мәселелер аз емес. Ал оны шешуде жоғары бюджетке телміре бермей, өз қотырымызды өзіміз қасуымыз тиіс. Ол үшін салық есептілігін ашық әрі жариялы жүргізу мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр. Бұл іс «Тек өзімдікі болсын» дейтін психология мен енжарлыққа көнбейді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 шілде 2021 ж. 2 780 0