Балабақша: сан мен сапа неге алшақ?

Ел көлемінде мектепке дейінгі білім беру саласына бақылау күшейтіліп келеді. Бұл заңды да. Облыстық білім басқармасы бекіткен мониторинг тобы ауданымызда болып, бірқатар кемшіліктің барын айқындады. Нәтижесінде ауданда 24 балабақша мемлекеттік қаржыландырудан босатылды. Осы тұста мониторинг тобының зерделеу қорытындысымен танысып, өзекті сауалдарымыз жөнінде білім бөлімі басшысы Нариман Жакудаевтың пікірін білген едік.
СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ
Жаңақорған ауданында мектепке дейінгі ұйым саны 88 болса, ондағы бала саны – 5627. Бір балаға қаржыландыру деңгейі қентте 46,1 мың теңге, ауылдық жерде 51,8 мың теңге, санаторлық топтар үшін 98,3 мың теңге, түзету топтары үшін 122,9 мың теңге болса, бір балабақшаның ай сайын алып отырған қаржысының көлемін екшей беріңіз. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы білім саласындағы жүйесіздіктерді сөз ете келе, бір балабақшаға жылына осынша қаражат бөлініп отырғанымен қызмет сапасы оған сай келмейтін тәрбие ошақтары барын сын тезіне алған еді. Рас, қаржы игеріп отырған бөбекжайларда бала өмірінің қауіпсіздігі сақталып, талапқа сай қызмет көрсетілсе құба-құп. Жасыратыны жоқ, бүлдіршіндер мекенінің тынысын зерделеу барысында бала санын артық көрсетіп, мемлекет қаржысын қымқырып қалуды көздеген бірнеше оқиғалар әшкере болды. Өткен жылы фейс бақылау жүйесі енгізілгелі өтіріктің жолы кесіліп, бақшаға нақты баратын балаға ғана қаржы аударылып, біраз мекеменің былығы ашылып, тізімдегі бүлдіршіннің 60 пайызы ғана балабақшада тәрбиеленетіні анықталған болатын. Фейс қойылған соң ұрлықы жайлар ашылды. Яғни, 2023-2025 жылдардағы жеке балабақша иелері «қолды етіп келген» 14 млрд теңге қаржы қазынада қалды. Кемшіліктердің жиілеуіне байланысты мониторинг жұмыстары жүргізілді. Алдын ала ескерткеніне, мүмкіндік бергеніне қарамастан көптеген балабақшалардан кемшіліктер анықталған. Және оны қалпына келтірмеген, қалпына келтіргендігі жөнінде мәліметті ұсынбаған 24 балабақшаның мемлекеттік тапсырысы тоқтатылды.
Осы жерде “ол қандай кемшіліктер?” деген сауалдың тууы заңды. Балабақшаға құжатсыз артық бала қабылданған. Балалардың жас ерекшелігі сақталмаған. Азық-түлік сақтайтын қоймасы жоқ. Балабақшаның барлық қызметкерлері медициналық тексеруден уақытылы өтпеген, медициналық кабинетінде мерзімі өткен дәрі-дәрмектер сақталған. Жуынатын бөлмелердің қолжуғыштары мен әжетханалар жұмыс істемейді. Асхана талапқа сай емес. Ғимаратының ішкі және сыртқы қабырғаларына үлкен жарықтар түскен. Аулада септик құдықтары қоршаусыз ашық күйінде жатқан, тіпті бақша ауласында төрт-түлік мал бағатын жағдайлар кездескен.
Биыл облыстық білім басқарамасы жанынан құрылған мониторингтік топ біздің аудандағы 88 жеке балабақшаны зерделеп, өрескел қателіктерді анықтады. Қортындысы білім бөлімінің ресми сайтында жарияланды. Құрамында 10 мүшесі бар комиссияның қол қойған 23 беттік құжатты бастан-аяқ оқып шықтық. Жаға ұстатарлық жағдайлардан көз сүрінеді. Аудандағы 12 балабақша асханасын көрсетпеу үшін әртүрлі сылтау айтқан, «Жұбаныш» балабақшасы мониторинг тобын мүлдем жуытпаған. Неге? Ал, асханасын көрсеткендердің көбінде ас мәзірі жоқ, ас сынамасы алынбаған, тыйым салынған тағамдар мұздатқыштан табылған. Мысалы, «Рабина» балабақшасы тауықтың бір сан етінен 25 балаға бірінші және екінші тамақ жасаса, «Еркетай орталық» балабақшасында ет қоры болмаған. Ас сақтайтын қоймасы жоқ 42 балабақша бар. Мұздатқышында майенезден басқа түк болмаған «Еркетай» балабақшасында қандай ас берілгені беймәлім. Аспаздардың 30 пайызы санитарлық талапты бұзса, көбінде аспазшы мамандығы жоқ. «Қайсар 2011» балабақшасында ас үйдің ішінде кір жуу орны орналасқан, әрі ас мәзіріне сай тағам берілмеген. «Арай-Нұр» балабақшасында 34 балаға 2 кг ет асса, «Рахман Е» балабақшасында 96 балаға 2 кг ет, «Еркежан» балабақшасында 70 балаға 800 грамм ет берілген.«Іңкәр сезім» балабақшасындағы тоңазытқыштан ақпан айында мерзімі өткен қаймақ табылған. «Алинұр» балабақшасының асханасы тазалығы сын көтермейді, құмырсқа-шіркей қаптап кеткен. «Бегімсұлу» балабақшасында кіші топтағы 20 балаға бір қасықпен көмекші тәрбиешісі тамақ беріп келген, тоңазытқышта қойдың ішек-қарны сақталған. «Ғали», «Айшагүл», «Күнімай», «Бақберген», «Балшуақ», «Абылай Б», «Бек Шолпан», «Толағай», «Нұрай-Қыдыр»,«Нұр и Хан», «Бағнұр» балабақшасында асхана талапқа сай емес. Бұл көрсеткіштен балалар тағамына қоғамдық бақылау қажеттігін ұқтық.
Мониторинг тізімін тізбектеп өтсек, балалардың өмір қауіпсіздігі сақталмаған 22, медициналық кабинеті жасақталмаған 31, дәрі-дәрмек қоры жоқ 26, ойын алаңы талапқа сай емес 36, пандусы жоқ 22, оқу-тәрбие жоспары жоқ 16, санитарлық талаптар сақталмаған 24 балабақша анықталды. Бала қауіпсізігі үшін құрылған бейнебақылау жүйесі істен шыққан 58 балабақша, өрт қауіпсіздігі құралдары жоқ 12 балабақша бар.
Сондай-ақ, «Айғаным ару», «Сырғаш» балабақшасы жұмыс уақыты кезінде есігі тарс жабық тұрса, осы секілді 4 балабақшада тексеріс барысында мекеме меңгерушісі, тәрбиешісі, әдіскері жоқ болып шыққан. Осы жерде баланы кімге сеніп тапсырып жүрміз? Жұмыс уақытында балаларды қараусыз қалдыратын тәрбиешілерге неге қатаң шара қолданылмайды? Фейс бақылау жүйесінде 50 бала тіркелсе, оның 15-20 баласы ғана балабақшада бар. Қалғаны қайда? Оқыс оқиға орын алса балабақша жауапкершіліктен қалай құтылады?
Балабақшадағы қаржы игеру ісіне тоқталсақ, тәрбиешілердің айлығы қолма-қол берілетін ұйымдар бар. Еңбек демалысына кеткендердің көбінде бұйрық жазылмағаны, кейбір балабақшада есепшінің құжаты мекемеде тұрмауы, меңгерушілердің қолы қойылмаған құжаттар күдік ұялатады.
Қуантарлығы балабақшаға қойылатын талаптарды қаперінде ұстап, жүйелі жұмыс жасап жатқандар да бар. Тарқатып айтсақ, «Ақ әділ», «Ақсымбат», «Меруерт», «Балатаң», «Бекжан», «Ернұр СС», «Елнұр С», «Нұрлы сенім», «Кәусар Д», «Асылзатдарын», «Махаббат», «Албина», «Айдана 1999», «Жанәділ Ж», «Асылназ», «Жанерке» балабақшаларын айрықша атап өткен жөн.
ТӘРБИЕШІ ТАЛАПҚА САЙ МА?
Педогогикалық кадрдың жай-күйі қалай? Тәрбиешілер талапқа сай ма? Жалпы, жеке балақашаларда 298 педогогикалық кадр тіркелген. Оның 84-інде ғана «мектепке дейінгі білім және тәрбие» мамандығы бар. Олардың 85 пайызында педагогикалық санат жоқ. Бұл деңгеймен баланы қаншалықты дамытып отырмыз?
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші – 87,9%, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші – 100%. Бүгінгі таңда барлық балабақша «мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыруға жолдама беру үдерісі мен кезектілікті қалыптастыру және қызметін автоматтандыру» жүйесіне 100% қосылған. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі жаңа құрылыстың, сондай-ақ, жеке нысандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ашылуының есебінен ұлғаюда. Кезектілікті жою мақсатында 2027 жылға дейін жалпы қуаты 1720 қосымша топ ашу жұмыстары жоспарлануда.
– Мониторинг балалардың балабақшамен қамтылуына кері әсер етпейді. Қағида талаптарына сай жұмыс істеп отырған балабақшаларға балалар қайта бағытталады. Біз бұл жұмыстарды биыл ғана қолға алған жоқпыз. 2023 жылдан бастап барлық балабақшаларда «Face ID» жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде балалардың келу-келмеу дерегі автоматты тіркеліп, артық қаржы төлеу мәселесі шешілді. 2023-2025 жылдары бюджеттен үнемделген қаражат көлемі – 14 млрд теңге. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласымен интеграция арқылы енді ата-анадан анықтама талап етпей-ақ, балалардың ауру-сырқаулығын базадан көруге мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – балаға қауіпсіз, сапалы әрі жайлы орта қалыптастыру. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз. Егер балабақша иелері өз ісіне жауапкершілікпен қарамаса, біз талапты одан әрі күшейтуге мәжбүрміз. Бала амандығы – бәрінен биік, – деді Нариман Үсенұлы.
МАМАНДАР ПІКІРІ
Қыруар қаржыдан қағылған кәсіп иелері қайтпек? Жұмыссыз қалған тәрбиешілердің жай-күйі не болмақ? Бұл сұраққа облыстық білім басқармасының бас маманы, комиссия төрайымы Алия Қарабалаеваның пікірін білдік.
– Қазіргі уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдарда бала құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы кездері жекеменшік балабақшаларда орын алған оқиғалар бәрімізді ойландыруы керек. Әр баланың денсаулығы мен амандығы – қай уақытта да бірінші орында тұруы керек. Сондықтан кәсіпкерлер де, ата-аналар да, тиісті органдар да бұл мәселеге бейжай қарамауы керек. Балабақша ашу – бұл жай ғана кәсіп емес, ұрпақ тәрбиесіне қосылған үлес, сондықтан кәсіпкерлер әр қадамына жауапты болғаны жөн. Біз бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде ата-аналармен, тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз, – дей келе, тәрбиеші мамандар «бос жұмыс орындары» бойынша жұмысқа орналаса алатынын сөз етті.
Апта басында балабақшалардағы өрескел заң бұзушылыққа байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала басшылары, балабақшалардың құрылтайшылары қатысты.
– «Барлық балабақша меңгерушілеріне ата-ана төлемақысының бекітілген сомадан аспауы қажеттігін ескертемін. Тасымал мәселесіне де ерекше назар аудару қажет. Балалардың қауіпсіздігі – басты талап. Автокөлікке қойылатын арнайы талаптар қатаң сақталуы тиіс. Қала, аудан әкімдері, жергілікті полиция басқармаларымен бірлесе отырып, «Балабақшадағы қауіпсіз тасымал» рейдтік шарасын ұйымдастырыңыздар. Мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі құжаты – балабақша жарғысы. Жарғыда бекітілген жұмыс уақытының дұрыс рәсімделмеуі, бекітілген жұмыс кестесінің сақталмауы барлық балабақшада кездескен. Жарғыны қайта қарап, тиісті заңнама талаптарына сәйкестендіруді және орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын»,– деді Данияр Жаналинов.
ТҮЙІН. Бала тәрбиесі – сөзбен емес, іспен дәлелденетін үлкен жауапкершілік. Әсіресе, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әрбір баланың қауіпсіздігі, денсаулығы, тәрбие мен сапалы білім алуы – басты міндет. Сондықтан да балабақша ашуды жай ғана кәсіп деп қарауға болмайды. Бұл – ел болашағына, ұрпақ тәрбиесіне қосылған нақты үлес. Бүгінде мемлекет тарапынан балабақшаларға қойылып отырған талаптар өте дұрыс әрі орынды. Себебі әрбір ата-ананың баласын сеніп тапсыратын орын ең алдымен қауіпсіз болуы маңызды. Осы ретте кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Тек балаға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, тәрбие мен білім беру ісіне ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Бұл жерде тәрбиешілердің біліктілігі, материалдық база, санитарлық талаптардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі – бәрі маңызды. Тек осылай ғана біз ата-аналардың сенімінен шығып, балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өсуіне мүмкіндік бере аламыз. Сондықтан әр кәсіпкер, әр балабақша басшысы өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, баланың амандығын, қауіпсіздігін, сапалы тәрбиесін бірінші орынға қоюы керек. Біз болашақ ұрпақтың негізін қалап жатқанымызды әрдайым естен шығармауымыз керек.
Мақпал МАРҚАБАЙ




