Мобилография: Телефон ұстап, табыс тап

Қалтателефонмен түсірген бір минуттық видеоңызды миллиондаған адам тамашалайды, сол сәтте сіз қаражат таба аласыз. Бұл – жаңа технологияның, креатив пен еңбекқорлықтың ортақ жемісі. Мобилография дегеніміз – осы. Ауданымыздағы оқушылар үйінде мобилография үйірмесі жасөспірімдерді осындай кәсіпке баулып келеді. Бұл туралы үйірме жетекшісі Айнұр Мәден жан-жақты баяндады.
– Мобилография – смартфон арқылы фото және видео түсіріп, оларды кәсіби деңгейде өңдеуге негізделген заманауи бағыт. Озық ойлы жастар арасында кең тараған мобилография бүгінде сұранысқа ие, болашағы зор мамандық ретінде қалыптасып келеді. Нарықта кез келген жарнама үшін креативті контент салып, бейнежазбаға жан бітіре алатын қабілеттілік ауадай қажет.
Мұнан өзге ірі жобалар, мемлекеттік шаралар, тіпті ресми кездесулер видеоконтентсіз өтпейді. Әкімдіктерде де жеке мобилографтардың қызметі тапшы. Бұл сала тіпті жоғарғы оқу орындарында жеке пән не мамандық ретінде оқытылуы керек деп есептеймін. Мобилографияны меңгеру үшін 500 мың теңге қаржы жұмсап, курста оқудың қажеті жоқ. Аудандық оқушылар үйінде «мобилография үйірмесінде» талапкерлерді қабылдап, осы өнерге баулып келеміз. Үйіррмеміз арнайы студиямен, штатив, жарық бергіш сәулелі аппараттар және дыбыс жазу құрылғыларымен жабдықталған. Яғни, шығармашылық бағытта бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желінің шебері атанамын дегендерге барлық мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде бұл үйірмеге жылына 35-40 оқушыға дейін қатысады. Мобилография саласын жетік меңгеріп шыққан шәкірттер оны тұрақты кәсібке айналдыра алады, – дейді Айнұр Мәден бізбен әңгімесінде.
Өркениеттің өнерін жас өренге терең меңгертуге талап қылған жаңашыл ұстаз мобилография бала қиялын қанаттандырудың да бір жолы дейді.
Кәсіби фотоаппараттың көмегінсіз-ақ, сандық камерасы бар электронды құрылғыларды қолдану арқылы сапалы бейнеролик дайындайтын мобилографтарға сұраныс артып отырғандығын білдік. Қазір «YouTube», «Instagram», «Tik Tok» секілді әлеуметтік желілердегі контенттердің 80-90 пайызы ұялы телефон арқылы қаралады. Бұл ретте видеоның смартфонмен түсіріліп, монтаждалуы көрерменнің қабылдауына қолайлы. Бүгінде ұзақ фильм немесе кинолентаны тамашалап отыруға уақыт тапшы. Демек, сана клипке құрылып келе жатыр. Контенттің ұзақ мәтінді тыңдап отыруға да құлқы кем. Сол себепті қысқа видеожазбалар уақытты да үнемдеп, көп ақпаратты қысқартып беруге болатын дүние. Мұны танымалдықтан гөрі заманның талабы деуге болады. Бұл туралы маман пікірі төмендегідей: «Күн сайын жаңа трендтер, жаңашыл тәсілдер пайда болуда. Соның бәріне бейімделіп, уақытпен бірге дамымасаң, артта қаласың. Шынына келгенде, бұл үлкен шығармашылық жұмыс. Тапсырыс берушімен тіл табысу, оның ойындағыдай етіп ролик жасау – қиынның қиыны. Кейбір кезде адамдар мобилографтарға ақша бергенше, өзіміз түсіріп аламыз деп ойлайды. Бірақ кәсіби түрде айналысқан адамның мәнері мен үйренуші адамның еңбегінде жер мен көктей айырмашылық бар, – дейді ол.
Мобилографияны меңгеру үшін міндетті түрде қымбат жабдықтың, арнайы білімнің болуы шарт емес. Бұл салада ең бастысы – шығармашылық көзқарас, техниканы ұтымды пайдалану және үздіксіз үйренуге деген ұмтылыс қажет».
Айнұр Мәден – осының жарқын үлгісі. Айнұр Мәденнің шәкірт тәрбиелеумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, біршама жобаларды қолға алғанын білеміз.
Байқасақ, күнделікті өміріміздің қалыпты элементіне айналған әлеуметтік желі заманның талабына сай жаңа кәсіп иелерінің шығуына түрткі болып отыр. «Еңбегі жанғанның – өнбегі жақсы» деген осы болса керек.
Бастысы, қолдан келіп тұрса, бүгінгі заманда қалтаңда артық ақша жүргеннің әбестігі жоқ. «Қолыңда камера болса, қалтаңда қаржы бар» деген заман туды. Ал еңбек пен ізденісті ұштастыра білген адамның жолы ашық. Ең бастысы, бейнебаяныңыз таңдай қақтырарлық қызық болып шықсын деңіз.
Әсел РЗАЕВА




