Соңғы жаңалықтар

№93 (8907) 6

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Маусымдық дерт мазаңызды алып жүр ме?

Маусымдық дерт мазаңызды алып жүр ме?


Жаз – табиғаттың жасарып, тіршілік атаулы еркін тыныстап, сергитін ерекше кезеңі. Алайда жаз маусымында аллергиялық аурулардың асқынуы көбімізге қиындық әкелуде. Соның ішінде шөп тозаңы мен шаң-тозаңнан туындайтын аллергия – қазіргі таңда жиі кездесетін, алайда еленбей жүрген маңызды мәселелердің бірі.


Жазғы аллергияның басты себебі – ауамен бірге тыныс жолына енетін өсімдік тозаңдары мен шаң бөлшектерінің ағзада артық реакция туындатуы. Бұл жағдай адамның күнделікті өміріне едәуір кедергі келтіреді. Басқаша айтқанда, аллергия – адам ағзасының сыртқы ортадағы тітіркендіргішке шамадан тыс жауап беруі. Мұндай аллергия көбіне маусым-тамыз айларында өршиді. Себебі дәл осы кезеңде далалық, орманды және қала маңындағы өсімдіктердің көпшілігі гүлдейді. Әсіресе жусан, жоңышқа, бақбақ, қарасора сияқты арамшөптер мен кейбір ағаштар көп мөлшерде тозаң бөледі. Бұл ұсақ тозаңдар ауада жүздеген шақырымға дейін таралып, тыныс алу жолына оңай еніп, аллергиялық реакцияға себепші болады. Бұған қоса, желмен ұшатын көше шаңы мен үйдегі микроскопиялық кенелер де аллергияның белсенді қоздырғыштарына жатады. Тек өсімдік қана емес, жазда көбейетін жәндіктер – маса, ара, шіркейдің уы мен шағуы да сезімтал адамдар үшін қауіпті.
Жазғы аллергияның белгілері әртүрлі. Кейбір адамдарда тек жеңіл түшкіру немесе мұрынның бітелуімен шектелсе, енді біреулерде көздің қызаруы, жас ағу, жөтел, қышыну, тіпті терідегі бөртпелерге айналуы мүмкін. Ал кейбір жағдайларда аллергия тыныс алу жүйесін зақымдап, бронхиалды астмаға ұласуы да ықтимал. Бұл – дер кезінде емделмеген аллергияның асқынуының айқын мысалы. Аудандық емхананың ЛОР дәрігері Жансерік Бердеевтің айтуынша, жаз мезгіліндегі аллергиялық шағыммен келетін науқастар саны жыл сайын артып келеді. Оның айтуынша:
«Әсіресе маусым мен шілде айларында аллергиялық ринит белгілерімен шағымданып келетіндердің көбі – жасөспірімдер мен орта жастағы ересектер. Олардың негізгі шағымдары – тоқтамай түшкіру, мұрыннан су ағу, көздің қышуы, мұрынның бітелуі және бас ауруы. Өкінішке қарай, көпшілік бұл белгілерді тұмау немесе салқын тиюмен шатастырып, дұрыс ем қолданбайды. Ал шын мәнінде, бұл – маусымдық аллергияның айқын көрінісі. Аллергияны тек уақытша басатын дәрілермен емес, нақты диагностика жасап, кешенді еммен жеңуге болады», – дейді дәрігер.
Сонымен қатар, маман аллергиялық аурулардың алдын алу шараларына мән берудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша шөп шабылып жатқан жерде, әсіресе таңғы және кешкі мезгілде далада көп жүрмеу керек, терезені ашық қалдырмай, ауа сүзгіш қолдану қажет, үй ішін жиі сүртіп, кілем, перде сияқты шаң ұстайтын заттарды азайту да маңызды.
Аллергия белгілері білінбей тұрып, алдын ала ем бастау – ең тиімді жол. Мамандар қазіргі кезде аллергияны тек дәрі-дәрмекпен уақытша басып қана қоймай, оның түпкі себебін жоятын тәсілдерді де ұсынып отыр. Соның бірі – спецификалық иммунотерапия. Бұл ем түрі ағзаны аллергенге біртіндеп үйрету арқылы иммундық жүйенің дұрыс әрекет етуін қалыптастырады. Бұл ұзақ процесс болғанымен, нәтижесі тұрақты әрі тиімді болады.
Аллергиядан қалай қорғанамыз?
Бұрын «аллергия» дегенді көп естімейтінбіз. Ауылда болсын, қалада болсын, шөп пен шаңға реакция беретін адам сирек кездесетін. Бүгінгі таңда болса, айналадағы адамдардың жартысынан астамы түрлі аллергендермен арпалысып жүр. Бірі – тозаңнан, бірі – тағамнан, бірі – иіссу мен шаңнан зардап шегеді. Осындайда еріксіз "Не себеп?" деген сұрақ туады. Неліктен соңғы жылдары аллергия күрт көбейді? Бұған не ықпал етіп отыр?
Ең бастысы – біз өмір сүріп отырған ортаның өзгеруі, өмір салтымыздың табиғат заңдылықтарынан алыстауы мен экологияның нашарлауы. Қазір ауа сапасы бұрынғыдай таза емес. Қалада да, ауылда да көлік саны артты, зауыттар мен өндіріс орындары көбейді. Қайда барсақ та — ауада улы газ, түтін, шаң-тозаң. Адам тыныс алып отырған ауасының өзі – ағзаны тітіркендіруші факторға айналған. Бұл – иммундық жүйенің үнемі шиеленіс күйінде жүруіне алып келеді. Нәтижесінде, ағза бейтарап тозаңды да «қауіп» деп қабылдап, шамадан тыс реакция танытады. Осыдан барып аллергия пайда болады.
Екінші себеп – тұрмыста қолданылатын химиялық заттардың шамадан тыс көбеюі. Бұрын адамдар табиғи өнімдерді тұтынатын. Қазір әр үйде хлорлы су, синтетикалық жуғыш заттар, парфюмерия, ауа тазартқыш, боялған киім-кешек пен түрлі пластик ыдыстар тұрмыстың қалыпты бөлігіне айналды. Оған қоса, дүкен сөрелеріндегі тағамдар – таза өнім емес, консерванттар мен дәм күшейткішке толы. Ағза бұл жасанды дүниелерге бейім емес. Тіпті иммундық жүйе оларды бөтен, қауіпті зат деп қабылдап, қайтадан қорғаныс әрекетін бастайды. Бұл – аллергияның тағы бір жолы. Кезекті себеп – иммунитеттің әлсіреуі. Қазіргі адамның өмірі күйзеліс пен шаршауға толы. Тұрақсыз ұйқы, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, экран алдында көп отыру – мұның бәрі адам ағзасын әлсіретеді. Әлсіреген иммун жүйесі қарапайым шаң мен тозаңға да «қаттырақ» реакция бере бастайды. Яғни ағза қорғанудың орнына, шамадан тыс сезімталдық танытып, өз-өзін шаршатады.
Қорытындылай келе, аллергияның қазіргі көбеюі – табиғаттың емес, адамның өз қолымен жасаған ортасының салдары. Ауа, су, тамақ, өмір салты – бәрі өзгерді. Ал оның зардабы – бізді аллергия, иммун тапшылығы, тыныс аурулары сияқты созылмалы дерттермен күресуге мәжбүрлеуде. Демек, жазғы аллергия – уақытша, жеңіл өтетін дерт емес. Оның белгілері адамның күнделікті тіршілігіне кедергі келтіріп, жұмысқа деген қабілетін, көңіл күйін төмендетеді. Ең қиыны – уақытылы қолға алынбаған аллергия жыл сайын өршіп, асқынуы мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілерден бастап дәрігерге жүгініп, нақты ем алу – әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің көрсеткіші.

Жәмила ЕРМАХАН

29 шілде 2025 ж. 902 0