Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Жас шаңырақтардың шырқын бұзатын – бедеулік пен белсіздік

Жас шаңырақтардың шырқын бұзатын – бедеулік пен белсіздік


Жаратылысынан қыз бала – болашақ ана. Ана болу – әйел затының табиғи міндеті, тіршіліктің жалғасы. Алайда әйел болып туылып, ана болу бақытынан ажырауына ер азаматтың ұрпақ жалғауға бейімсіз жағдайларында көп куә болып жүрміз. Жас шаңырақтардың шырқын бұзатын ең үлкен түйткілдердің бірі – бедеулік пен белсіздік. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағына төнген қатер. Ата-әжелерiмiздің кезінде ілуде біреу болмаса кездеспеген бедеулiк дертi неге белең алды? Оның емі бар ма? Мамандар не дейді? Біз осы тақырып төңірегінде толғанып, қалам тербеп көрген едік.


Бедеулік тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Әйелі бедеу, еркегі белсіз қоғамның болашағы бұлыңғыр. Әлемдік ақпараттарға жүгінсек, бедеуліктің көбеюіне экологиялық факторлар, тамақтану үрдісінің өзгеруі, тағам құрамындағы химиялық қоспалардың көп­тігі, микротолқынды пештер, компьютерлер мен ұялы телефондардың өзіндік әсері бар. Деректерге сенсек, елімізде табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі жоқ 20 мыңнан астам ерлі-зайып тіркеуде тұр. Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға миллион теңгеден аса қаражат жұмсайды. Мамандар бұл санаттағы мұқтаж адамдарға мемлекеттік деңгейде көмек қажеттігін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15- 20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтайды. Олардың 10 мыңдайы экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж көрінеді. Бейресми дерек бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Сәби сүйе алмай әулие-әнбие жағалап, болмаса дәрігерден есігін тоздырып жүрген қаракөздеріміз қанша. Осыны назарға алған мемлекет 2010 жылдан бері ЭКҰ-ға арнайы квоталар бөліп келеді. Ең алғашында 100-ден басталған квотаның саны биыл мыңға дейін көбейген.
Әйелдердегі бедеуліктің себеп-салдары жөнінде білмекке аудандық көпбейінді аурухананың акушер-геникологы Рабиға Баязовамен әңгімелескен едік.
– Бедеуліктің себептері өте көп. Маған жылына 2000 мыңға жуық әйел осы мәселемен келіп қаралады. Бұрындары егде жастағы ерлі-зайыптыларда мәселе туындайтын болса, қазір жастар арасында өте көп. Біріншіден жатыр түтікшесінің өтімсіздігі, аналық жұмыс жасушасының дұрыс жұмыс істемеуі, гармонның өзгеріске ұшырауынан дер едім. Сонымен қатар, әйелде де, еркекте де кездесетін инфекциялық аурулардың да әсері жоғары. Егер ерлі-зайыптылар бір жыл бірге өмір сүріп, балалы бола алмаса, ол бедеулік деп есептеледі. Бұндай жағдайда әйелді де, ер адамды да тексеруден өткіземіз. Содан кейін ғана емдеу жолдарын бастаймыз. Сол себепті де, әр адам өз денсаулығына мұқият қарау керек. Киген киім мен ішкен асына дейін мән беріп, салауатты өмір салтын ұстану қажет. Жасанды түсік – тірі жанды өлтіру деген сөз. Дегенмен, әйелдің өз еркімен түсікті жасауына біздің елде еш кедергі жоқ. Баласынан безінген әйелдер медициналық тәсілмен шарананы алдыртып құтылғанымен, айықпас дертке шалдығатынына немқұрайлы қарайды. Жасанды түсік жасаудың әйел адамға зиянды тұстары өте көп. Біріншіден жатырға зақым келеді. Табиғат ана әйелдің жаратылысын өзгеше етіп жаратқан. Жүктілік дегеніміз – бұл физиологиялық үрдіс. Бұл кезде әйел адамның ағзасында гармон өзгерістері жүреді. Бүкіл ағза өзгеріп, жаңаша қалыпқа енеді. Алайда, оны мезгілсіз уақытынан бұрын үзген кезде, барлық гармондардың бұзылуының салдарынан аналық бездерінің қызметі әлсіреп, жұмысы қалыпсыз болып қалады. Бұл бедеулікке әкеп соғатын себептердің бірі. Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айыры­луы әбден мүмкін. Сонымен қатар, созылмалы ауруларға ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесінде айтарлықтай өзгерістер байқалады. Әйелдің ағзасы жүктілікке дайын болған кезде процесті тоқтатып тастау күйзеліске ұшыратады, – дейді ол.
Аудандық емхананың дәрігері Раушан Тотаева бедеуліктің бірден-бір себебі, жұқпалы дерттің дендеуінен дейді.
– АИТВ және вич жұқтырғандар санынан әлем бойынша Қазақстан алғашқы ондыққа енуі еліміздегі ахуалдың күрделеніп бара жатқанын білдіреді. Қазір қауіпті аймақтар қатарында Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында ВИЧ-инфекциясын жұқтыру жиілеген. Біздің ауданымызда да жылдан жылға дерт жұқтырып жатқан жандардың саны көбейіп барады. Өйткені, жыныстық жолмен жұғатын індеттің қауіп-қатерін ескеріп жатқан адамдар аз. АИТВ – инфекциясы білінбей өтетін дерттің түрі. Вирус адам ағзасына ауыз қуысы сілекейлері, тері арқылы, инфекция жұқтырған адамдармен жеке гигиена заттарын бірге пайдаланған жағдайда жұғады. Бұдан бөлек жұғудың бірнеше түрі бар. Олар – қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы, АИТВ жұқтырған нашақормен бірге тамыр арқылы есірткі тұтыну кезінде жұғады. Вирус жұқтырған әйелдің ішіндегі ұрыққа не жүктілік кезінде сәбиге жұғуы мүмкін. Одан бөлек, бүгінгі таңда сән салондар көптеп ашылуда. Мұнда татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасату кезінде стерилденбеген құралдар пайдалану кезінде жұғу ықтималдығы жоғары, болады. Содан келіп, түрлі дертті жұқтырып, денсаулықтарына кінәрат келеді. Оның соңы бедеулік пен белсіздікке әкеліп соғуда – деді ол.
Әйтсе де, «Ерлi-зайыптының сәби сүйе алмауына не себеп болды екен?» деген сауал барлығымыздың да көкейiмiзде қылаң беретiнi сөзсiз. Мамандардың сөзiне сүйенсек, жастар арасында бедеулiктiң кеңiнен етек жаюының себебi – экологияға байланысты. Жыныстық қатынасқа ерте түсу де бедеулікке әкеп тірейді. Жастықтың әрi тәжiрибесiздiктiң кесiрiнен әртүрлi созылмалы жыныстық ауруларға шалдығып, соңында бедеулiкке ұшырайды. Жасанды түсік жасату бейкүнә періштені өлтірумен тең. Келте ойлау мен келеңсіз қылықтың кесірінен қоғам дертіне айналған жасөсіпірімдер арасындағы жүктілік тыйылар емес. Тек былтырдың өзінде елімізде 7000-ға жуық қыз бала жүкті болған. Оның мыңнан астамы түсік жасатыпты. Бұл әлбетте ресми мәлімет. Ал, нақты саны белгісіз. Өйткені, түсік тастаудың түрлі әдістері мен тәсілдері бары анық.
Дүниежүзілік статистика бойынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік едәуір артқан және соңғы жылдары көбеймесе азаймай отыр деген ақпарат тағы бар. Мамандар кәмелетке толған қыз-жігіттермен ашық түрде жыныстық қарым-қатынастың зияны жайлы жиі пікір алмасып, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Бойжеткен қыз – ертеңгі ана, өз өмірлеріне өздері балта шауып некесіз бала көтеріп, құрсағындағы шарананы жасан­ды түсік жасатып алып тастап жатқаны қаймана қазақтың қасіреті десек қателеспейміз. 12 жастағы жасөспірімді де осы қатардан көргенде жаға ұстадық. Елімізде жасанды түсік жасату көрсеткіші экономикасы дамыған елдерден әлдеқайда көптігі көңілді күпті етті.
Қыз балалар тәрбиесіне аналық жүрекпен алаңдап, осы тақырыпта қалам тербеп келе жатқан ұлт жанашыры Зейнеп Ахметова апамыз:
Соңғы уақыттары қоғамда орын алып жатқан жайттар мені көп ойландырады. Қоғам өзгерді деп жатамыз, бірақ ол өзінен-өзі болатын құбылыс емес қой, оны жасайтын адамдардың іс-әрекеті. Қазір, шынын айту керек, әдемі бойжеткен қыздардан гөрі қаптаған еркекшора көп. Заманауи боламыз деп қыздарымыз көйлекті тастап, шалбар киіп кетті. Тіпті, қазір қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалған жоқ, – деп ащы да болса ақиқатты бетке басып айтудан еш жаңылмай келеді.

Қыз тәрбиесі – ұлт болашағының негізі

Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың ұлы миссиясы. Қыз бала – болашақ ана. Сондықтан мектеп жасынан бастап қыз баланың денсаулығы, рухани және адамгершілік тәрбиесі ерекше назарда болуы тиіс. Қазақ «Қызға қырық үйден тыйым» деген. Қазіргі қоғамда бұл ұстаным әлсірегендей. Әлеуметтік желілерден алынған үлгілер мен еркіндікке тым еліктеу – жастарды жауапкершіліктен алыстатып барады.
2024 жылғы ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 7000-ға жуық жасөспірім қыз бала жүкті болған. Оның мыңнан астамы жасанды түсік жасатқан. Бұл – ресми дерек. Ал шын мәнінде бұл көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Ер балалар тәрбиесі – ертеңгі әке жауапкершілігі

Белсіздік – ер адам тарапынан балалы болуға қабілетсіздік. Бұл да – бүгінде жиі кездесетін проблема. Ерлердің денсаулығы да әйелдердің денсаулығы сияқты аса маңызды. Ер азаматтар темекі шегу, алкоголь тұтыну, күйзеліс, ұйқысыздық және ауыр физикалық немесе химиялық әсерлердің салдарынан белсіздікке ұшырайды. Бұл – тек медициналық емес, әлеуметтік, тіпті ұлттық мәселе.
Бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Бұл – дер кезінде анықтап, емдеуге болатын дерт. Бірақ оны ескерусіз қалдыру – ұлт үшін кешірілмес қателік. Әр ата-ана ұрпағының болашағын ойлап, денсаулығына немқұрайлы қарамауы керек. Жас жеткіншектерге жауапкершілікті ерте жастан үйретіп, ар-ұят, ұлттық тәрбие негізінде бағыт берсек, болашақта дені сау ұрпақ дүниеге келеді.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Перзентсіз үй – шуақсыз шаңырақ. Балалы болу – өмірдің мәні, отбасындағы берекенің бастауы. Осы жолда денсаулықты күту, ерте тексеруден өту, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден арылу – әркімнің өз қолындағы шешім.
Үйінің босағасы – алтыннан, табалдырығы – күмістен болса да, перзент сүймей, адамның мейірі қанбайды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, әр адам болашағын, өмірінің, тіршіліктің жалғасы болар ұрпағының қамын көп ойлайды. Президенттің өзі қамқор болып, сәбилі болсақ деп жүрген жұптардың үмітін жалғауға арналған бағдарламасы берекелі болып, әр шаңыраққа қуанышын сыйласын дейміз.

Әсел РЗАЕВА
03 қараша 2025 ж. 19 065 0