№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 1996 жыл: Есенқұлов – үздік түйекеш

1996 жыл: Есенқұлов – үздік түйекеш

Төл газетте Тәуелсіздік жылдары ауданда орын алған айшықты оқиғаларды жазып келеміз. 1996 жылға келгенімізде еңбек адамының жетістігі алдымыздан шықты. Иә, «Жаңақорған тынысы» газетінің сол жылғы нөмірінде Шадыман Есенқұловтың облыс бойынша «Үздік түйе бағушы» атанғаны жазылыпты.
Әрі сол кездегі жаңақорғандықтар арасындағы жоғары жетістік екен. Сондықтан еңбек адамы жайлы жазуге бел байладық.


Ауданда мал шаруашылығының озаттарын сөз еткенде түйекеш Шадыман Есенқұловтың есімі ерекше ойға оралады. Қара жұмыспен шыңдалып, еңбекпен өнген азаматтың ауыл тіршілігі үшін төккен тері өлшеусіз. Жарты ғасыр ғұмырын Ойсылқара тұқымының көбеюіне арнап, ыстық пен ызғарды тең көрді. Жұмысына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі оның болмысын ерекше етіп, елдің алдыңғы қатарынан табылуына себеп болды. Түптеп келгенде еңбегі еселеніп, өзінің де, туған ауылының да мерейін өсіріп, абыройын көтерді. Алғаш рет 1989 жылы қарауындағы 90 інгеннен 90 бота алып, аудан көлемінде ең жоғарғы көрсеткішке ие болды. Араға бірнеше жыл салып, 1996 жылы 102 түйеден 108 бота алып, облыста рекордтық көрсеткішке ие болды. Бұл туралы жергілікті басылым “Жаңақорған тынысы” газетінің 1996 жылы, 20 қарашада шыққан басылымында кең көлемде жазылды.
Ақиқатын айту керек, мұндай көрсеткішті осыдан кейін ешкім қайталай алған жоқ. Мұндай іс-тәжірибе өз ісіне зейінін салып, асыл уақытын сарп еткен Шадыман Есенқұлов секілді ісмер азаматтың қолынан ғана келері сөзсіз. Оны ұстазға балап, ақылын тыңдап, тәжірибесін алған малшылар қауымы мол болды. Төрт түлігі қауіпті індетке шалдықса, жараланса немесе жоғалса кеңес сұрап келшілер қарасы көп болды. Алдына келген адамның мысын баспай, бар білгенін айтып, жөн көрсетуден жанылмады.
Малшы қауымның өміріне зер салсақ, тәлімі терең тарих жатқандай. Әр күні күреспен өтетін шаруалардың басынан кешкен оқиғалары да сан түрлі. Ел арасында кең таралған Шадыман ақсақал туралы бір хикая айтсақ артық болмас.
Күздің қара суығы өңменнен өтердей. Қарсы алданан соққан өкпек жел көз аштырар емес. Атқа қонған үш кісі жоқ іздеп, жайлауды кезіп келеді. Ауыздықпен алысқан қарагердің де шабысы тым баяулады. Төңірекке көз тастап, тайлағын іздеген Шадыман ағамыз денесінің тоңғанын сезінер емес. Үйден желең шыға салғандықтан тісі-тісіне жұқпай қалшылдап тұр. Күн ұясына батуға жақындағандықтан кері бұрылып, киім киюге уақыт та тапшы. Туылғанынан маубас болып, өзге түйелермен жуыс­пайтын тайлағы үйірінен ұзап, өріс өзгертіп кететінін қайдан білсін. Жаңа ғана үйірдің шетінде жайылып тұрған жануар бір демде ізім-ғайым жоқ болады деп кім ойлаған. Не де болса ұзамаған шығар деген оймен төңіректі шарлап жүргені мынау. Сай-сайды жортып өтті, ізі де жоқ. Жер тартып кетті ме? Тағы да екі-үш қыр асырғанша түн қараңғылығы басты.
Амалы құрып, үйге қайтты. Шала-шарпы ішкен асы да батпады. Түнімен тайлағын ойлап мазасы болмады. «Апырай, «Үздік түйекеш» деп мадақтаған малшының тайлағы жоғалыпты деп ел масқарамды шығармаса игі» деп күбірлеп қояды.
Таң қылаң бергеннен қарагерге қайта қонды. Қарамағындағы атқосшыларды жан-жаққа бөліп іздеуге бағыттады. Ұлы Айтөрені де оятып, тайлақты тауып келуді тапсырды. Үйден ұзамай-ақ, маубас тайлағы алдынан қарсы кезікті. Әдеттегі дағдысымен «Жантақсайда» жусап, топтан қара үзіп қалған екен-ау. Біраз әбігерге салғаны үшін өзін айыпты санаған жануар иесіне монтия қарады. Тайлақтың қос бүйірінен қақпайлап, үйге алып келді. Қораға кірген тайлақтың бас жібін босатып тұрып, көңілі орнына түсті. Шәкеңнің бұл қасиеті өзгелерден ерек ететін. Бір ботаның жайы болмаса көңілі сергімейтін еді. Күнбе күн түгелдеп, дер кезінде ем-домын жасап, күтіп-баптауға дағдыланған.
Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп, апамыз Сарамен қадірменді қария болып, елдің қошеметіне бөленуде. Шаңырағында 1 ұл 7 қыз тәрбиелеп, немере-шөбере тілеуін тілеген қарияларды ауыл құрмет­тейді. Үш атадан жалғасқан кәсіпке ұлы Айтөре ие болып, «Бозінген» шаруақожалығын жандандыруда. Шұба­тын сатып, ботасын баққан келіні Балзира да енесінің өнегесін өшірмеді. Етегінен өрген 6 баласы да атакәсіпке қолғабыс етеді. Осындай отбасыларды көріп, «қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз текке айтылмағанына нанасың.

Мақпал МАРҚАБАЙ

29 шілде 2021 ж. 378 0