№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Екінші әкімнің ізі...

Екінші әкімнің ізі...


Төл газеттің №4 (8405) нөмірінде қаламгер Баян Үсейінова Тәуелсіздік жылдарындағы ауданның тұңғыш әкімі Ибрагим Абибуллаев туралы «Басшы болмысын уақыт безбендейді» атты мақала жариялады. Ондағы ойымыз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ауданда ізі қалған басшыларды кейіпкер етіп, халықшыл бастамалары мен игілікті істерін көптің есіне салып, өткенді таразылап, бүгінді бағдарлау. Сондықтан 1994-1996 жылы ауданда әкім болаған Мұхитдин Ысмайыловтың ізін саралауды жөн көрдік.


Ауданның шежіресіне айналған «Жаңақорған тынысы» газетінің 1994 жылғы 18 наурызындағы №10 (6937) нөмірінде сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың Қаулысымен облыстық орман шаруашылығы өндірістік бірлестігінің директоры қызметін атқарған Мұхитдин Смайылов Жаңақорған ауданының әкімі қызметіне тағайындалғаны жазылған.
1942 жылы Ташкент облысының Піскент ауданының Көкарал ауылында туған. Ол Алматы ауылшаруашылығы институтының Орман шаруашылығы факультетін бітірген. Алғаш еңбек жолын аудандық орман шаруашылығы мекемесінде инженерлік қызметтен бастап, директордың орынбасары, директор қызметін абыройлы атқарады. Одан әрі Шиелі ауданындағы жеміс-жидек кеңшарының директоры, сондай-ақ, Шиелі аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, Ы.Жақаев атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы, облыстық партия комитеті ауылшаруашылығы бөлімінің нұсқау­шысы қызметінде кәсіби маман ретінде шыңдалады.
ХХ ғасырдың 90 жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің іргесін қалау, нарықтық экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік қоғам құру, қоғамдық ойды жаңғырту бағытында жүйелі істерді бастады. Бұл ретте, облыс, аудан, ауыл әкімдері жұмыла іске кірісіп, бағдарлы істі сапалы жүзеге асыру міндеті тұрды. Осы бағытта М.Смайылов күш-жігерін қажыр-қайратын сарқи біраз іске мұрындық болды.
Бұл туралы сол кезде аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Зинабдин Шермағамбетов ағамыз:
– 1994 жылы қыс ұзаққа созылды. Көктем шыға, егін және мал шаруашылығын бір ізге түсуін бақылап, нарықтық қатынастарға бейімделуін және қоғамдық тәртіпті назарда ұстады. Совхоздарды шаруа қожалық ретінде қайта құрып, нарыққа сай дамудың жолын көрсетіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту міндеті тұрды. Осы істерді ұйымдастыруда Мұхаңның іскерлік қырын, азаматтық болмысын көрдік, – деп еске алады.
Халықта жаппай жұмыссыздық белең алған тұста, елді еңбекке ұйыстыру мақсатында түрлі шаралар атқарылды. Соның бірі – тау беткейіндегі Қыраш, Қосүйеңкі елді мекеніне тоған салдырды. Сондай-ақ, Түркістанмен шекаралас Қаратөбе ауылына 100 өгізге, 100 метр жер қаздырып, канал салғаны, оған Қален Жәнібековтің есімін бергені де әлі де халық жадында.
1994 жылы баспа көрген «Жаңақорған тынысы» газетінің сарғайған беттерінен жаңақорғандық дала еңбеккерлері Сыр өңірінде өнім жинаудан үздік шыққанын көруге болады. Төл басылымда М.Смайыловтың «Еңбектегі ерен ерлігіміз» атты мақаласында:
– Аудан еңбеккерлері 29 қыркүй­екте ерен еңбегі арқылы мемлекетке тапсыруға тиісті күрішті толық орындап, облыста бірінші болып абырой биігінен көрінді, – деп ауылшарушылығы жұмысына қатысқан барлық еңбек адамдарына алғыс білдіреді. Бұл да екінші әкімнің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен жүзеге асқаны белгілі жайт.
Жұмыс шашетектен. Сұрап келетіндер бар. Сынап келетіндер бар. Бәрінің де мәселесін шешуге тырысып бағады. Бастан асатын күнделікті қауырт, алашапқын жұмысына қарамастан елдің, жердің тарихына үңіліп, барын түгендеп, жоғын іздеуді де ұмытқан жоқ. Өзі құзыреті жететін тірліктерді тізбектеп алды да, белді бекем буып, іске кірісті. Жұмыла жұмыс істеудің әдіс-тәсілін жақсы біледі. Оның ұйымдастырушылық қабілет-қарымын, сөзге тастай берік басшы екенін, бастаған істі аяғына жеткізгенше жарғақ құлағы жастыққа тимей тыным таппайтынын жаңақорғандық үлкендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
1995 жыл. Бұл жыл аудан ғана емес, ел тарихындағы елеулі жыл. Ұлы Жеңіске 50 жыл толуына орай «Тағзым» алаңы ашылды. Ел мен жерді қорғау мақсатында қолына қару ұстап, қан майданнан қайтпаған асыл ерлерді ұлықтауға арналған алаңға Мұхитдин Смайыловтың қалдырған қолтаңбасы ерек. Сол жылдары жұмылдырылған мекемелер, атсалысқан азаматтардың барлығы жазылған арнайы кітапша сол ескерткіштің астындағы арнайы ыдыста сақталған. Ол Ұлы Жеңістің 100 жылдығы қарсаңында ашылмақ…
Иә, тарих қойнауында қалың көпшіліктің көз алдында айнымас қазықтай қағылған ұлт үшін ұмытылмас батыр ұлдарын еске алуға арналған алаңды соғу оңайға түспеді. Соғыста қайтпаған қайран ерлерді жаздыру үшін мрамор плиталарды сырттан алдырды. Ал оған қашап жаздыруда ауыл ұстасы Айыптың да еңбегі зор екендігін естіп қалдық.
Халықтың жадында іскерлігімен есте қалған аудан басшысының әрбір қолтаңбасы бүгінге дейін жетіп, ыстық естелік ретінде халық жүрегінде мәңгі сақталары хақ. Кез-келген істі бастауға қаржы керек болса, қолбайлау болып отырған қаржыны халықтан жинауға, асар әдісімен бірлесе жұмыс жасау қажеттілігі туды. Екінші әкім елмен етене жақын болып, елшіл істерді ұйымдастыра білді.
Мұхитдин Смайылов ауданды басқарып тұрған жылдары кадр мәселелерін қарау үшін аудан әкімі жанынан алғашқы ақылдасу кеңесі құрылды. Оның құрамына З.Шерма­ғамбетов, Ө.Тақырбасов, Б.Ыс­қа­қов, Ө.Әлімбетов, А.Шаухаманов, З.Әбу­сейітов, А.Бибасаров, Қ.Байкен­жеев, Т.Қонысбаев, Т.Мелдебеков бекі­тілген.
Осы жылдары Қаратөбе ауылында 392 орындық, Өзгент ауылындағы 492 орындық мектеп пайдалануға берілді.
Ауданның көркейіп гүлденуі мен өсіп-өркендеуі жолында талай тындырымды тірліктерді бітіріп, қадір-қасиетімен үлгі болған Мұхитдин Смайылов өзінің парасаттылығы мен талапшылдығының арқасында аудан халқы үшін жасаған еңбегі өлшеусіз.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында аудан тізгінің ұстап, халықтың ауыз­біршілігін арттырып, берекелі іске ұйыстыра білген Мұхитдин Смайыловты мерейлі мезетпен құттықтап, шаңы­рақтарына шаттық, деніне саулық тілейміз!

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

23 қаңтар 2021 ж. 516 0