№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТҮЙЕКЕШТІҢ ТІРШІЛІГІ

ТҮЙЕКЕШТІҢ ТІРШІЛІГІ


Малсақ қазақ шұбаттың денсаулыққа шипасын ертеден білген. Қазіргі дамыған медицина енді ғана дәлелдеп жатқан сусынның химиялық құрамын оқымаған қазақтың қалай білгеніне қайран қаласыз... Өкініштісі, соңғы кездері шұбаттың тамақ, әрі ас қорытуға пайдасы зор екенін естен шығардық. Төрт түліктің төресі–Ойсылқара тұқымының қасиетін де қаперден шығарып алғандаймыз. Түйе өсіріп, әке дәстүрін жалғаған жаңақорғандық Ақмадияр Жүсіпбековтің әңгімесінен біз осыны аңғардық.  

– Әкем де, атам да түйе баққан кісілер. Бұл кәсіп маған мирас болып қалды. Бала күнімізден осыған баулыды. Ішкен ас-суымыздың бәрі де таза, құнарлы тағам болды. Қыстан ауырмай шығатынбыз. Ер жеткен соң  бір тоқтамға келіп, атакәсіпке ден қойдым. Ол тұста түйенің саны 100-ден асып жығылатын. Қиын кезеңдерде жем-шөбін тауып, бабын жасау мұң болды. Сол себепті біраз азайып кетті. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деп қазақ бекер айтпаған екен. Аяққа тұрғаннан соң, қайта ойсылқара тұқымын өсіруге ойыстым, –дейді Ақмадияр.
Бүгінде түйекеш жігіттің қорасында 40-тан астам түйесі бар. Кәсібінен нәсіп тапқан шаруа түйенің шаш етектен пайда әкелетінін санамалап берді.  Қыста жұрт соғымға алады. Шұбатын сатып, жүнін өткізеді.  Түйе жүнінен жасалған төсек жасаулары сапалы болатындықтан оған сұраныс жоғары.  Әрине, бұл шаруада оған жары қолғабыс етіп, екеулеп жүріп түйе басын көбейткен.
Отызда орда бұзар жігіттің ісі көпке үлгі. Ақмадиярды аудан халқы жақсы таниды. Себебі, соңғы кездері той-томалаққа, жиын мен асқа  шұбат қоятындар қатары артқан. Бұл шаруаның табысын молайтып, алға жылжуына оң әсерін тигізіп отыр. Алдын ала тапсырыстар беріп, сол бойынша дайындайды.  Жазда күніне 40-50 литр шұбат сатса, қыста сәл бәсеңдейді. Шұбат жүз аурудың емі. Құнарлығы 911 ккалға тең. Бұл бір лирт шұбат адам ағзасының дәрумендер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алады деген сөз. Сонымен бірге түйе сүтінің инфаркт пен инсульттің алдын алуға, қант диабетіне, қатерлі ісікке шипасы зор екенін медицина саласының мамандары айтып отыр.  
Осы орайда шаруақор жігіт Елбасының: «Кімде –кім қай кәсіпті бастаса да, соның шыңына шығу керек» деген сөзін ұстанымына айналдырған. Басты мақсат байып кету емес, отандық өнімнің дамуына үлес қосу, одан түскен табысқа шаруашылықты  кеңейту. Келешекте шаруашылық тізгінін ұлына ұстатпақ. Жалпы, түйе суыққа да ыстыққа да төзімді жануар. Шығын да аз кетеді. Бірақ бұл түйе бағу оңай деген сөз емес. Ақмадияр да біраз бейнетті көрді. «Мал баққанға бітеді» дегеннің бекер айтылмағанына көз жеткізді.
    Еңбекқор жігітті елдің табиғи өнімдерді тұтынуға қайта ден қоя бастағаны қуантады. Себебі шетелден келетін құнарсыз азық-түлік адамға пайда емес зиянын тигізуде. Бұған көзі жеткендер ұлттық тағамдар мен өнімдерді іздей  бастады. Бұл бір жағынан отандық тауарларға сұраныс арттырса, екінші жағынан шаруалар шаруасын дамытуға жол ашары сөзсіз.  
Елімізде 1000 түрлі шөп өсетін болса, соны толықтай жейтін түйе ғана екен. Осы ретте түйекеш жігіттің де өз ойын білдік. «Бастысы елімізде түйе шаруашылығын өркендетудің жолдарын қарастыру керек. Бұл шаруа кейіндеп тұрғаны жасырын емес. Мәселен, сиыр, жылқы мен қой шаруашылығын дамытуға арналған арнайы бағдарламалар бар. Ал бұл біздің кәсіпке қатысты мұндай бастама қолға алынбаған» дейді. Уақыт ағымына сай бұл мәселе де оң шешілер. Бастысы Ақмадияр мұнымен тоқтап қалмақ емес, алдағы жоспары көп.  
Сара АДАЙБАЕВА.
04 сәуір 2018 ж. 1 189 0