«Әділетсіз құрбан болғандарға әділетті баға беруіміз керек»
Осыдан біраз бұрын елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде Мемлекет басшылығының пәрменімен құрылған арнайы комиссияның тұғырлы тұжырымдамасын тірек еткен, таратып айтқанда, ұлт азаттық жолында жас өмірлерін пида еткен арыстарымыздың ақиқатын зерделеген тарихи шындықты негізге ала отырып орнықты ой қорытқан бүгінгі ұлт қайраткерлері көшбасшысы санатында жаны асыл азамат, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың «Егемен Қазақстан» газетінің 8 шілдедегі №128 санында «Әділетсіз құрбан болғандарға әділетті баға беруіміз керек» деген тақырыпта жарияланған сұхбаты қазақ қазақ болғалы арман болған азаттық идеясын бүгінгі Тәуелсіз мемлекет жүзеге асыра алды ма деген сауалға толғамды ой тарқатуымен санада сілкініс тудырғанын мойындау керек.
Сұхбаттың төркінін кәдуілгі «Бізде ұлттық идеология бар ма?» деген тілші сауалына жауап беруден бастаған шешен бүгінгідей жаҺандану кезеңінде ұлттық тұйықталу емес, ал жалпы адамзаттық құндылықтар алға шыққан кезеңде әрбір индивидиумның таңдау еркін ізгілікке бұру жағы маңызды екеніне, жалаң сөз, жалған идеология емес, жарқын мемлекет құруға сапалы негіз қалыптастыру қажеттігін алға тартты. Ол құндылықтың негізі – Тәуелсіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты еңбегінде қазақ елінің жаңа даму бағдарламасын ұсынды. Оның тетігі – білімді ұрпақ. Абай айтқан «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіздің» заманы туды. «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек» дейді Ахмет Байтұрсынов.
Сұхбатта Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның репрессия құрбандарын құқықтық қана емес, саяси жағынан да саралау мәселелеріне жан-жақты талдау жасалды.
Алаш қозғалысына қазақ қауымының пікірі қандай?
1937-1938 жылы құрбан болған Алаш қайраткерлерінің идеясы ұлттың төл мәдениетін жетілдіре отырып, қазақтың ұлттық мемлекеттігіне қол жеткізуді көздеді. Өйткені қазақ мемлекетін қалыптастырмай қазақ ұлтын сақтап қалу мүмкін емес.
ХІХ-ХХ ғасырды қамтыған ұлт азаттық көтерілістердің дені ұлтты сақтап қалудың құралы бола алмағанына тарихтың өзі дәлел. Ұлтты ұлт ретінде ұлықтауда, өзгеге мойындатып, мәртебесін арттыруда руханият пен өнердің құдіреті ерек, болмысы бөлек, өрісі кең, терезесі тең. Бұған біздің Әмірелер мен Қажымұқандардың даңқы дәлел. Сондықтан да ұлт зиялыларының бар арман-мақсаты елді ағартушылыққа арналды. Тіл білімінің негізін салды. Ұлттың жазба әдебиетінің қазығын қалыптастырды. Алғашқы газет-журналдар қазақ сахарасына жол тартты. Ең алғаш 1901-1905 жылдарда жеке дара бой көрсеткен Алашшыл азаматтар бас біріктіріп, алғаш Құрылтайда Алаш ұйымы құрылды. Ал 1912 жылдың 12 желтоқсанында құрылған Алаш автономиясының мақсаты – Парламенттік-Президенттік Республика құру еді.
Алаш партиясының көшбасшылары ұлттық-демократиялық Жапония сынды үлгілі мемлекеттердің даму жолына түсу үшін Батыстық ғылыми-өндірістік бағытты меңгерген және дінге берік мемлекет қалыптастыруды құп көрді. Алаш ұстанған негізгі бес принципке тоқталайық. Олар:
1. Жер және оның қойнауындағы қазына-байлық Алаш азаматтарының мәңгілік мұрасына айналуы керек. Жер асты-үстіндегі байлық ортақ.
2. Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сыртқа шикізат болып кетпей Алаш мемлекетінің өзінде тоқыма өндірісіне айналуы керек. Сонда экономикалық тәуелділіктен құтыламыз.
3.Қазақ топырағындағы түйір тас Алаштың өз кеудесіне түйме болып қадалуы керек.
4. Билеуші ұлттың тіл, дін үстемдігі болу керек.
5.Дәстүрге негізделген заң мен тәуелсіз ғылым керек.
Мұның төркінінде егер қазақта 100 заң қабылданса соның 99-ы қазақ ұлтының мүддесіне бағытталуы керек деген тұжырым жатыр.
Алаш автономиясының құрылуын – қазақ мемлекетінің жаңа жағдайда жаңғыруы деп санауға болады.
Тілші сауалында қойылған Архив деректерінде кездесетін жеке тұлғалар жөнінде кейбір ащы деректер елді екіге бөлмей ме деген сауалға тарихты арылу, тазару, сабақ алуымыз үшін зерттеп жатқанымызды жеткізген саясаткер негізгі қағида - мемлекетшілдік, тарихи шындық, ашықтық, айқындық екенін алға тартады
«ХХ ғасыр тарихына ортақ көзқарас қалыптасқан жоқ. Бұл болашақ үшін, елде жасалып жатқан реформалар үшін үлкен қауіп. Біз қоғамды бөлетін емес, біріктіретін тірлікті іске асыруымыз керек» дейді ол.
Келелі сұхбатта Алаш қайраткерлерінің елді сауаттандыру бағытындағы жұмыстары ұлт азаттық көтерілісінің жалғасы , ал оның басында тұрған жетекшілерін ұлт азаттық көтерілісінің басшылары деп бағалау керектігін айтады. Бұл жерде қазақ сахарасындағы болған ұлт азаттық көтерілістерінің нақты бағасын беру маңызды. Аталмыш тақырыпқа нақты деректерге сүйене отырып қалам тербеген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романы мен белгіілі алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бейуақ» кітабы көркем шығарма болғанымен тарихи оқиғалар қаз-қалпында көрініс тапқандығымен құнды. Шығармада бастан-аяқ ащы шындық баяндалады. Бұған архивтегі құжаттарда кездескен Жетісу генерал-губернаторына жолданған нұсқаудағы «Өңірде бірде-бір қазақ қалмауы тиіс» деген мәтіндегі жазбалар, Албан көтерілісінде 250 мың адам босқынға ұшырап, 70 мың адамның қазаға ұшырағаны, Атбасар, Терісаққан бойындағы, басқа да аймақтарды қамтыған қантөгістегі сай-сүйекті сырқыратар сандар мен деректер дәлел.
Бірақ бір қынжыларлығы, бұған тарихи тұрғыдан толық баға берілген жоқ. «Қилы заман» алғашқы басылымында толық тәркіленсе, Тұрсын Жұртбайдың шығармасы жазылып болған соң он төрт жылдан соң жариялауға мүмкіндік туды. Рас, бұл тақырып жөнінде кезінде Сәбит те, Ғабит те, Ғабиден де, Бейімбет те қалам тербеген. Бірақ көбінде социалистік реализм талабы ұлт батырларының ар-намысынан гөрі большевизмнің ыңғайына көбірек жығылып, интернационализмді насихаттауға пейіл. Мәселен, біз білетін қолбасы батыр Амангелді жалауын көтерген қызыл комиссар Жанкелдинсіз бір қанаты сынған сұңқар сынды. Ал ақиқатына келгенде, ұлт азаттық көтерілісі батырлары мен қызыл Үкіметтің мүддесі бір арнада ешқашан бас біріктірген емес. Тарихи шындыққа жүгінсек, ең алғаш ұлт-азаттық көтерілісіне қол бастап, патша өкіметіне ғазауат жариялаған қасиетті мекен – Әулиекөлде ұстаздық еткен Ахмет Байтұрсынұлының нақ осы өлкеде ой көтерілісіне, сана көтерілісіне тұңғыш түрен салуы бекер емес. Бұл – Тәңір қалауы. Ғұлама тұлға Мұхтар Әуезов қазақтың білімі мен ғылымының Хантәңірі атанған Ахметті «Ахаң идеялары – ақ бесіктей» дейді. Қазақтың руханиятына, саяси өміріне, қоғамдық қатынастарына Ахметтей өзгеріс әкелген адам жоқ. Ахмет – ұлттың ұстазы ғана емес, қазақтың рухани ұстазы.
Алаштың бәрі күрескер. Соның ішінде сәби күнінде аяулы әкесін көз алдында байлап әкеткен зорлықшыл саясатқа ымырасыз күреске бел байлаған боздақтың «Он үшімде ой түсірген, жүрегімде бар жарам» деген жан дауысы сол кездегі бүтін қазақ қоғамының қасіретін көз алдымызға әкеледі.
Қырымбек Елеуұлы тарихи шындықты қалпына келтіруде құрылып отырған Мемлекеттік комиссияда жүктелген міндеттерді нақтылап берді.
Біріншіден, комиссияға кіретін барлық азаматқа ортақ жауапкершілік тән. Әрбір адам мен азаматтың, әрине өзіндік ойы мен пікірі бар. Бірақ кәсіби және ғылыми әдеп танытқанымыз дұрыс. Екіншіден, Мемлекеттік комиссияның жұмысы нақты медиажоспарлар негізінде жүргізіледі. Қазақстан және әлем баспасөзінде шығып жатқан материалдар ғылыми тұрғыдан зерттеліп, зерделеніп, сараптамалық зерттеулер жасалып отырады.
Үшіншіден, комиссияның өз веб сайты мен ғылыми танымдық журналын жасау қажет.
Төртіншіден, комиссияның ақпараттық серіктестіктер институтын, журналистер мен сарапшылар пулын жасақтау керек.
Бесіншіден, ХХ ғасыр қазақты аямады. Тарих, оның сабақтары қазақты ұлт ретінде «саяси құрбан» психологиясына итермелемеуі керек. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай біз өткен ғасырдың барша қиындығына төзіп, суығына тоңып, мың өліп, мың тірілсек те жерді, ұлтты сақтап, тез арада халық санын толтырып, тарих сахнасына қайта шыққан, тәуелсіздігін түлеткен жеңімпаз ұлтпыз, дәулескер халықпыз. Әрине, тарихи фактілер мен архивтік құжаттардың көптеп сөйлегені дұрыс. Алайда тиісті терең тарихи философиялық талғауға да, саяси пайымға да жол беру парыз.
Алтыншыдан, зобалаң зұлмат тек қазақты ғана жалмаған жоқ. Сталиндік тоталитарлық жүйенің сұмдығын басқа да халықтар басынан өткерді. Елімізге күштеп жер аударылған тұтас этностарға қазақ қалай құшақ жайса, ашаршылықтан, репрессиядан басы ауған жаққа үдере көшкен қазаққа да көмек берген елдер аз емес. Парасатты ұлт ретінде біз сол тарихты да ұмытпауымыз керек. Қиын кезде қазаққа қол ұшын беріп, жанын алып қалған жүздеген, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрікмен, түрік азаматтары болғаны тарихи шындық. Олардың атын атау, оларға құрмет көрсету зиялы, парасатты ұлттың міндеті.
Жетіншіден, Мемлекеттік комиссияның жұмысы Қазақстанның әлеммен байланыстарын күшейте түсу керек. Қазақстанның, қазақтың әлем елдерімен тек мемлекеттік қана емес, адами, азаматтық байланыстары да тереңдей түсуі керек. Екінші дүниежүзілік соғыста іс-түзсіз жоғалып кеткен мыңдаған азаматымызды іздеу,табу, оларға белгі орнату – ұрпақ міндеті. Осы жұмысты да жүйелі жүргізу қажет.
Осы жұмыстардың барлығын ақпараттық сенсациялар іздемей, салқынқандылықпен, жүйе-жүйесімен іске асыру үшін Мемлекеттік комиссияның қызметін ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі арнайы топ құрылды. Жұмыс тобына журналистер, медиа саласындағы мамандар, БАҚ басшылары кірді. Топты мәжіліс депутаты, тарихшы, саясаттанушы Айдос Сарым мен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың басқаратынын айтты.
«Егемен Қазақстанның» тілшісі Кәрібай Мұсырманның соңғы сұрағы еліміздегі ең ірі бағдарламаның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қазір нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде сауалға Қырымбек Көшербаев былай деп жауап берді:
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша он алты арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр. Әр жобаның өз міндеті, аудиториясы бар. Әрбір арнайы жобаға тұжырымдама әзірленді.
2021 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшті. Сол бойынша оның жұмысы Жол картасы форматына ауысты. Онда азаматтардың эстетикалық талғамын тәрбиелеуге, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыруға, ұлттық бірегейлікті сақтау бағыты бойынша, халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жаңғыртуға, тарихи және мәдени жетістіктерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар кезеңін іске асыру көзделген. Сонымен қатар жас ұрпақтың қазақ тілінде сөйлеп қалыптасуы – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.
Жол картасы шеңберінде ішкі еңбек көші-қонын ынталандыратын «Ұлы қоныс» жобасы отандық тарих туралы академиялық басылымдарды әзірлейтін «Ұлт тарихы» арнайы жобасы жүзеге асады. Бұдан бөлек, кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды көздейтін әділетті қоғам жобасы, қаржылық сауаттылықты арттыру, прагматизм, экологиялық сананы қалыптастыру, қоғамның патриоттық деңгейін көтеруге бағытталған іс-шаралар кеңінен атқарылады.
Бұл жұмыстар халқымыздың жаңғыруы жолында ерекше көмек болады деп ойлаймыз, – деп келелі сұхбатын түйіндеді.
Иә, рухани жаңғыру идеясы – қазақты қайта жаңғырту идеясы, ол қоғамды жаңа сапаға көтерді.
Баян ҮСЕЙІНОВА