№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Экономикалық сараптама: цифр мен «шифр»

Экономикалық сараптама: цифр мен «шифр»


Аудан әкімі аппаратының бұл мәжілісі басқа жиындардан ауқымы мен маңызы жағанынан өзгерек өтті. Өйткені талқысы да, талдауы да көп, табыс теңдеуіне төрелік айтқан төбелі сөз де жоталы болды. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің экономикалық сараптамасы көпшілікті кәдімгідей ойландырып тастады, ол ештеңе емес, уайымдатып қойды. Олай болатыны, цифр қуып, «шифрды» көлегейлеген көрсеткіштер жалаң болып шықты. Бұл жерде цифр – статистикалық сипаттама да, шифр – астарлы ақиқат екен.
Ал олай болса, мәжілістің мәнін ашуға көшейік. Жасыратыны жоқ, Сыр өңірінде Жаңақорған әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы бойынша көшбасшы ауданның бірі. Ауданның әрбір жылдық көрсеткішін салыстырмалы түрде талдай отырып, оның пайыздық дәрежесі тым жоғары екенін көресіз. Көресіз де қуанасыз. Тіпті дәйек пен дерекке күмәнмен қарайтынымыз рас. Осы ойымызға ауданның бас менеджері Руслан Рүстемовтің төрағалағымен өткен мәжілісте көз жеткізе түстік. Неге дейсіз бе, ауданға мол инвестиция келуде, бірақ, салық түсімі артқан жоқ, кәсіпкерлік бағытта мемлекеттік гранттар берілуде, бірақ жұмыссыздар саны азайған жоқ.
Міне, аудан басшысы таразыда осы мәселелерді салмақтап, сала басшыларының қызметтегі кемшілігін көрсетіп, нақты бағыт-бағдар айқындап берді. Ол – салық базасы мен бюджеттің кіріс көздерін кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздар санын азайту бағытындағы ауқымды жұмыстар жайлы еді.

Алқалы басқосуда сөз тізгінін ұстаған аудан әкімі ә дегеннен-ақ өзінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне салық базасын кеңейту, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздар санын азайту бағытындағы бастамаларына көңілі толмайтынын білдірді.
– 2020 жылы 3 қыркүйекте қызметке келгеннен бастап аудан көлеміндегі шағын және орта бизнестің дамуына талдау арқылы салық және бюджет саясатын жүйелі қалыптастыру маңызды екенін айттым. Бұл – көлеңкелі экономиканың көлемін қысқартуға алғышарт болады. Бірнеше жиналыста осы мәселені көтеріп, хаттамалық тапсырма бердім. Бірақ менің талабымды өз деңгейінде орындауға деген талпынысты байқамадым. Бұған түрлі себептер айтып, уақыт өткізіп келдіңіздер.
Бұл жұмыстарды үйлестіретін аппарат басшысы қайда қарап отыр? Өткен жылдың төртінші тоқсанында жиналыс жасап, нақты тапсырма бердім. Сол бойынша осы жылдың 1 сәуіріне дейін салық базасын кеңейту үшін арнайы алгоритм дайындап, соның негізінде бюджетті көтеретін қаржы көздерін айқындауымыз керек еді. Сол хаттамалық тапсырманың орындалуы барлық орынбасарға тапсырылды. Бақтияр Ахметов жолдас, берілген хаттамалық тапсырманың орындалуына неге бақылау жасамайсыз, неге орындалмау себептерін маған жазбаша баяндамайсыз? – деп Руслан Рүстемұлы аппарат мәжілісінің салмағын сезіндіре түсті.
Жиынға қатысқан салалық орынбасарлар мен бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері сілтідей тынып, әкімнің сөз-сойыл соққысы арқаны осып жібергендей селк етті. Оны жиылғандардың жәутеңдеген жанарынан оқып-білгендей болдық. Әншейінде әңгімелескісі келіп, бір-біріне ымдасып отыратын әдетке мойын бұруға мәжілістің маңыздылығы мұрша бермеді.
– Орынбасарлар тарапынан тиісті қадағалау болмағандықтан ба, әлде өзінің функционалдық міндетін дұрыс түсінбегендіктен бе, мәселеге терең үңіліп, мән-жайды анықтап, сараптау ісі кемшін тартып келеді. Ал, дербес бөлімнің басшылары өздерін қадағалап отырған орынбасарлар болмағаннан кейін әртүрлі жеңіл себеп айтуды дағдыға айналдырды. Айтатын сылтаулары – статистика басқармасынан ақпарат алу қиын, Мемлекеттік кірістер басқармасы құпия ақпаратты бермейді және т.б дәлелсіз, дәйексіз сөздер.
Ендігі жерде ондай сылтау мен өтірік ақталу өтпейді. Осы жиынды өткіземіз дегенімізге 3 ай уақыт болды. Халық өтірік сылтаудан шаршады. Сондықтан енді ешкімге кешіріммен қарауға болмайды. Өмір сүру сапасы артып, тұрғындардың талап-тілегі күннен-күнге көбейіп келе жатқанын көріп отырсыздар. Оларды орындау үшін ең алдымен қаржы керек екені белгілі. Мұны орындауда барлық күш-жігер мен біліктіліктеріңізді жұмсау керек болады. Егер олай жұмыс істеу қолдарыңыздан келмей ме, онда басқа жұмыс іздегендеріңіз дұрыс, – деп ойын бір түйіндеген аудан әкімі сала басшыларының есебін тыңдауға кезек берді.
Яғни бөлім басшылары өздерінің функционалдық қызметіне жататын міндеттерді қалай, қай деңгейде атқарып жатқанын хабарлауды, содан кейін ғана байыпты бастамалар таразыланып, талқыдан өтетінін түсіндік.
Алдымен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев мінбеге көтеріліп, өзі басқаратын саланың дамуы жөнінде баяндады.
– 2021 жылдың 1 мамырына тіркелген кәсіпкерлік субъектісі – 5459, оның 280-ы заңды тұлға, 2648-і шаруа қожалық, 2531-і жеке кәсіпкер. Ондағы белсенді субъекті саны – 5181. Кәсіпкерлік субъектілерінде 7741 адам жұмыспен қамтылды.
2021 жылдың төрт айында негізгі капиталға салынған инвестиция – 6,4 миллиард теңге. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 177 пайыз өсімді құрайды. Жыл басынан бері ауданға қаржы көздерінен 242 жобаға 590 миллион теңге тартылды... – деді Қаржыбек Тәжібайұлы.
Дұрыс, дерегі дәйекті болар. Дегенмен бұл цифр күйінде. Нақтысы – көңіл жықпас көрсеткіш. Кәсіпкермен жеке-жеке жүздесіп, олардың мақсат-межесіне мән беріп жатқан біреу жоқ. Жұмыспен қамтылғанның басым бөлігі – әк өндіру, тас ұнтақтау және уран саласында шығар, шағын және орта бизнес бағытында мұның үлесі тіптен төмен. Яғни деректерді жинап, цифрларды сөйлетуден бөлек, кәсіпкерлік саласындағы толып жатқан мәселелерге жанашырлықпен қарау, кәсіпкерлерді сүйемелдеп, әдістемелік бағыт-бағдар көрсету жағы кемшін.
Әкім мұның бәрін жақсы біледі. Бірақ бір білгенін ішіне бүгіп, келесі баяндамашыға кезек берді. Себебі бұл мәселелердің бір ұшы Жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбековке тиесілі еді.
Орталық директорының мәліметінше, 2020 жылы 649 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Оның басым көпшілігі мал шаруашылығын дамытуды көздеген. Ол мақұлданды да. Соның мүмкіндігімен 467 жұмыссыз азамат мал шаруашылығы бағытында грант алды. Ал, бұдан басқа 38-і сұлулық салонын, 30-ы кондитерлік өнімді, 16-ы техникалық қызмет көрсетуді жоспарлады.
– Былтыр грант алғандар арасында кәсіпкерлігін уақытша тоқтатқан – 7, мүлде жауып тастаған – 16 адам анықталды. Жаңақорған кентінің 9 тұрғыны кәсіпкерлігін жапса, 3-і уақытша тоқтатты. Бұл қатарда Қожакент, Жаңарық, Ақүйік, Жайылма, Сунақта, Қыркеңсе, Қандөз, Төменарық ауылдық округ бар. Грант алған 649 кәсіпкердің 513-і әлеуметтік аударым аудармағаны белгілі болды. Жаңақорған кентінің 6 тұрғыны мен Келінтөбенің 1 азаматы қаржыны мақсатсыз жұмсағаны анықталып, экономикалық сотқа жолданды, – деді Жаңабек Оразбекұлы.
Директордың баяндауын бақсақ, түсіндіру жұмыстары мен бақылау тетігі қалыптаспағанын бірден білуге болады. Яғни, әркім өз дегенімен жүр. Оларға бағыт-бағдар беруге, кәсіпкерлігін дамытуға дұрыс жолды кім көрсетеді?
Руслан Рүстемұлы мұның байыбын терең түсініп отырса да, тағы да іштей тыңды. Кезекпен үшінші баяндамашы мінбеге шықты.
Қызықтың көкесі Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Нұрсейітов кәсіпкерлік субъектілері бойынша аудан бюджетіне түсімді талдағанда көрінді.
Мемлекеттік кірістер басқармасына 660 заңды тұлға, 3997 дара кәсіпкер, 974 шаруа қожалығы тіркелді. 2021 жылдың 1 мамырына жоспарланған 9 миллиард 772 миллон 932 мың теңгенің 2 миллиард 114 миллион 693 мың теңгесі кем орындалды. Республикалық бюджетке салық түсімі 72,8 пайызды құрады. Бұған наурыз айында корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша жоспардың 1 миллиард 491 миллион 847 мың теңгеге көтерілуі себеп болды. Жергілікті бюджет және аудандық бюджет 120 пайызға орындалды.
Осы жерде ауданның бас салықшысы мәселенің екінші ұшын шығарды. Ол – аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің жауапты мамандары бюджетті жоспарлауға келгенде көне әдістен арылмаған. Мына қызықты қараңыз, Өзгент ауылдық округінің әкімі мүлік салығынан 4 айға экономикалық болжамды 5 мың теңге деп қойған, сөйтіп оны 438 пайыз орындады. Осындай көз бояушылықтың арқасында Қыркеңсе ауылдық округі көлік салығын 406 пайыз, Сүттіқұдық ауылдық округі мүлік салығын 463 пайыз артық жинады. Цифр деген пәлекеттің парқы енді түсінікті болған шығар.
Біз салық базасын ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анықтау бағытында бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бюджеттің кіріс көзін арттырудың бір жолы – дұрыс жоспарлауда. Егер бюджет дұрыс жоспарланса салықтық көрсеткіштер 300-400 пайызға артық орындала ма? Салық түсімін артыруда тағы бір теріс әсер ететін жайт – салық есебін нөлдік көрсеткішпен тапсыру немесе табысын жасыру етек алды. Бұл көрсеткіш ауданда тіпті шарықтап тұр. Мәселен, аудан бойынша 3877 кәсіпкердің 2088-і нөлдік көрсеткішті көрсетіп, табысын жасырып отыр. Мұны тарқатып айтсақ, Жаңақорған кентіндегі 2211 кәсіпкердің 1258-і табысын өз деңгейінде көрсетпесе, Қандөздегі 42 кәсіпкердің 40-ы, Қыраштағы 28 кәсіпкердің 20-ы, Қосүйеңкідегі 19 кәсіпкердің 13-і, Шалқиядағы 77 кәсіпкердің 53-і, Талаптағы 10 кәсіпкердің 6-ы осындай «қулыққа» көшкен. «Өзіме тиімді, басқаны қайтейін» деген пасық пиғыл барлық ауылдық округке қатысты болып тұр.
«Ернұр-Жетістік» ЖШС, «Жаңақорған Жібек жолы» ЖШС, «АҚ-ЮГ Құрылыс» ЖШС салық төлеуде қателіктерге жол берген. Ол – ол ма, Жаңақорған кентінде орналасқан 30 кәсіпкерлік субъектісінің 13 сауда орны мүлік және жер салығын төлемегені анықталды. Біздегі ірі-ірі сауда орталығы ғимаратын бағалау құны обьективті қойылмаған, ол да салық төлеуге келгенде мейлінше төмен болуына тиімді. Мәселен, «Береке» сауда үйінің бағалау құны – 2,5 миллион теңге, «Атамекен» – 5 миллион теңге, «Ғани» – 5,4 миллион теңге, «Заңғар» – 20 миллион теңге, «Қара-Бура» – 22,8 миллион теңге, «Нұрасыл» – 36 миллион теңге екен. Яғни нарықтағы құн салығынан төмен көрсету салықтан жалтарудың жақсы мүмкіндігі. Жарайды, солай-ақ болсын, бірақ ғимарат иесі осы бағаға сатар ма еді? Әрине, жоқ!
Ендігі өзекті мәселенің бірі – алкоголь өнімін сату. Ол үшін арнайы лицензия алу керек. Бірақ біздің ауданда оған да «көз қысты, бармақ басты» көзқарас басым. Оның дәлелі – аудандағы 3877 кәсіпкерлік субъектісінің тек 74-і ғана лицензия алыпты. Ал, ірі-ірі деген Қыркеңсе, Кейден, Өзгент, Қандөз, Екпінді, Сунақата, Жаңарық, Қожамберді, Көктөбе, Қыраш, Манап ауылдық округіндегі дүкендерде бірде-бір лицензия жоқ, – деді Нұрлан Сайлауұлы.
Біздің бір білгеніміз, бюджет үшін де, жұмыссыздық үшін де ең жауапты деген мекеме басшыларының есебі екі түрлі сөйледі. Цифр мен «шифр» бір-бірімен мүлдем үндеспейді. Мәселен, Қ.Бүркітбаев пен Н.Нұрсейітовтің кәсіпкерлік жөніндегі цифры екі түрлі сөйлейді. Кәсіпкерлікті дамытуға жауапты басшы ауданда заңды тұлға саны – 280, жеке кәсіпкер – 2531, шаруа қожалық – 2648 дегенді алға тартса, бас салықшы 660 заңды тұлға, 3997 дара кәсіпкер, 974 шаруа қожалық бар деп көрсетті. Осыдан кейін іс қалай оңсын!
Бұл жердегі олқылықтың орнын әкім бірден байқап, басым бағыттарды жүзеге асыру бойынша кемшілікті атап өтті. Әрі манадан бергі үнсіздіктің сыры енді ашыла түсті.
– Қаржыбек Тәжібайұлы, 4 айдың қорытындысымен бөлшек сауда, өнеркәсіп өнімдерін өндіру мен өңдеу бойынша индикаторлық көрсеткіштің орындалуы төмен. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш. Өзіңіз білетіндей, 2020 жылдың қорытындысы бойынша да осы 3 көрсеткіш орындалмай қалды. Осы мәселе алдымыздан қайта шықты. Сонда бұған кім жауапты? Себебі не? Жарты жылдың қорытындысымен не болады? Болжам қандай? – деп әкім сұрақтың астына алды.
Бұған бөлім басшысы мардымды ештеңе айта алмады. Оның сылбыр жауабына әкім де қанағаттанбады. Сөйтті де Руслан Рүстемұлы: – Негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 177 пайызға орындалған. Артық орындалуы бюджеттің үлесінен бе, әлде жекенің үлесінің басымдығынан ба? Болмаса өткен жылдың статистикалық есебі осы жылға өткен бе?
Қазір ауданға келіп тұрған 6,4 миллирд теңге инвестицияны тарқатып айтыңызшы. Биылғы жылға жоспарланған инвестиция көлемін жыл соңына дейін орындауға мүмкіндігіміз бар ма? Талдап айтыңыз! – деді.
Қаржыбек Бүркітбаев тағы іркіліп, нақты деректі алға тарта алмады.
Әкім: «Хабарламаңызда айтып тұрсыз, жыл басынан барлық қаржы көзінен 237 жобаға 569,1 миллион теңге қаржы тартылды деп.Аудан бойынша тек «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларына сәйкес «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы жалпы құны 928 миллион теңгенің 287 жобасы ұсынылған екен. Сол жобалардан бүгінгі күнге дейін 6-ы несие, 173-і грант жеңіп алған. Қалған жоспарланған жобалардың барлығына жыл соңына дейін қол жеткізуге мүмкіндік қарастырылған ба? Оларға жоспарланған қаражат жеткілікті ме? Әлде кәсіпкер мен тұрғындар қолына ұстаған құжаттарымен бекерге әуреленіп жүріп, қаржыға қол жеткізе алмай қалып кетпей ме?» деп бөлім басшысының функционалдық міндетіне сәйкес жауабын күтті.
Бөлім басшысы екіұшты ойын білдірген болды. Бұл да «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей жауап еді.
Бұған әкім: «Қаржыбек Тәжібайұлы, бөлімді басқарғаныңызға 4 жылдай болды. Сіз санаулы тәжірибелі маманның бірісіз. Сөйте тұра, тиісті тапсырма нақты орындалмайды. Саланың жұмысын сараптап, талдауды білмейсіз. Мәселен, Сыр өңіріндегі өзге ауданмен салыстыруға болады ғой! Тәжірибелі басшы ретінде 2021 жылдың бірінші тоқсанында ауданда қанша кәсіпкерлік нысан жұмысын тоқтатты? Оның басты себебі неде? Жабылған кәсіпкерлік нысандардың кент, ауылдық округтер бойынша талдамасы бар ма? Жыл басынан бері ауданда қанша кәсіпкер тіркелді?» деді.
Бөлім басшысы сұрақтың салмағы дәл мұндай ауыр боларын күтпесе керек-ті, айтарға жауап таппай, тосылып қалды. Әкім сұрақтың жауабын кейіндеу өзі берді.
Бар мен жоқтың арасы сараланып, істің ақ-қарасы ашылды. Енді кәсіпкерлікті дамытуға жауапты бөлім басшысы өзін-өзі қамшылайтын тұстарын білді. Енді нәтиже керек!
Аудан басшысы Руслан Рүстемов келесі кезектегі мәселенің түйінін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жарас Мырзалиевтен сұрады.
– 2021 жылдың бірінші тоқсанында жұмысын тоқтатқан 309 кәсіпкерлік субьектісінде қанша адам жұмыссыз қалды немесе жаңадан ашылған 147 кәсіпкер қанша адамды жұмыспен қамтыды? Бұл көрсеткіштер бойынша сіз қандай жұмыс істедіңіз? Мырзалиев жолдас, бұл жұмыстар тікелей міндетіңізге кіретінін білесіз бе? Білмесеңіз, тарқатып айтып берейін:
1) ауданда жұмыссыздық деңгейін түсіру және кедейшілік ауқымын қысқарту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
2) халықты жұмыспен қамтудың бағдарламаларын жасау;
3) еңбек нарығындағы жағдайды, жұмыс күшінің сұранысы мен ұсынымын болжамдау;
4) халықтың әлеуметтік аз қорғалған санаттары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал жасауыңыз керек.
Жұмыс орындарын құру үшін кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысқа орналасуына ықпал етіп, қажет болса, кәсіпкерге өтініш айтып, жұмысқа жолдауыңыз керек, – деп әкім бөлім басшысының функционалдық міндетін жіпке тізгендей жеткізді.
Әрине, сала басшылары өз функционалдық міндетін жобалап біледі-ау, бірақ өзі атқаруы тиіс жұмысты бір-біріне сілтеп, әріптестік байланысты арттыру жағына немқұрайлы қарайды. Болмаса тұрғындар бөлімдер арасында сабылып, шалғайдағы елді мекендерден аудан орталығына бірнеше рет келіп шығындала ма? Біз қоғамдық қабылдауларда әкімге осы сыңайлы сұрақтар қойылғанына куә болдық та.
Бөлім басшысы Ж.Мырзалиев пен орталық директоры Ж.Тұрлыбеков арасындағы осындай «жөнсіз» қарым-қатынастың деңгейі қалыптасқанынан хабардар Руслан Рүстемұлы:
– Сіз басшылық ететін бөлімге Жұмыспен қамту орталығы ведомстволық бағыныстағы мекеме. Білмесеңіз, ереженің 1-ші бөлімінің 2-ші тармағында жазылған.
Басқа жұмысты былай қойғанда, жұмыс беруші кәсіпкерлермен қарым-қатынас жолға қойылмаған. Оны байқайтыным, әлеуметтік желіде жұмысшы іздеген хабарландыруларға көз сүрінеді. Бірақ ол хабарландырулар бойынша не бөлім, не орталық мамандары кері байланыс орнатқанын көрген емеспін. Кәсіпкер шырылдап жұмысшы таппай жатады, ал, сіздердегі тіркелген жұмыссыздардың саны қысқармай тұр. Тіркеуде тұрған контингент ішінен кәсіпкер сұраған жұмысшы мамандыққа азаматтар неге жолданбайды?! Оған бастарыңыз ауырмайды да. Өйткені бюджеттен бөлінген қоғамдық жұмыс пен жастар практикасының қаржысына иек артып отырып алғансыздар. Егер жұмыс сұраушыға жағдай дұрыс түсіндірілсе қоғамдық жұмыстың (42500 теңге) жалақысынан 2 есе көп жұмысқа баруға ынтасы артар еді, – деп бөлім басшысының функционалдық міндетін есіне салды.
Келесі талқы орталық басшысына бағытталып, мемлекет қаржысына қатысты мәселенің оң-солы ортаға салынды. Және әкім сөзінің екпіні қатты, дәйегі дәл естілді:
– Тұрлыбеков жолдас, сіздің жұмысыңыз бюджет қаржысын тарату емес, оған мониторинг жасап отыру. Мұны істемек түгілі несие, грант алған азаматтардың елді мекендер бойынша базасы қалыптаспаған. Неге?
Қайтарымсыз қаржыалуға ниетті кәсіпкерлер алдымен бизнес-жоспар дайындайды. Онда кәсіп түріне байланысты қаржыны қайда, қалай жұмсайтыны және қанша адамды жұмыспен қамтитынын көрсетеді. Сосын комиссияда қорғайды. Менің білуімше солай. Ендеше неге осы уақытқа дейін орталықта осы жөніндегі ақпарат жинақталмады? Бұл – бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол беретін тетік.
Тағы түсінбейтінім, жыл басында қажетті қаржыны сұрап, бюджеттік өтінім бересіздер. Біз өтінімге сай қаржыны бюджеттен толық бөлеміз. Алайда жарты жыл өтпей қаржы жетпей жатыр дейсіздер. Неге? Кім кінәлі? Өздеріңіз! Солай бола тұра, «әкім қаржы қарамайды, экономика бөлімі тиісті қаржыны бермейді» деп адамдарды бізге жібересіздер. Бұл дұрыс па? Сіз мемлекеттік саясатты жүргізетін тұлға ретінде бюджет қаржысын тиімді, оны мақсатты жұмсауды сауатты жүргізуіңіз керек. Соны сіз білесіз бе?
Айналып келгенде, мұның бәрі жұмысты дұрыс жоспарламауыңыздан, бюджет қаржысын оңды-солды шашып жатқандарыңыздан.
Бір мысал айтайын, өткен аптада қабылдауыма Қожакент ауылдық округінің бір тұрғыны келді. Оның айтуынша, орталық грантты 2 мәрте алды деген желеумен сотқа беріпті. Бұл фактіні зерделей түссек, кінә сіздерден. Өйткені қаржыны кім берді? Сіздер бердіңіздер. Неге бір адамға екі рет бердіңіздер, өйткені ақпараттық база жоқ. Ол сынақ тапсырып, бизнес жоспарын қорғады, яғни ақшаны ұрлаған жоқ. Енді мәселені медиация деңгейінде шешудің орнына, сотқа тартасыздар. Әлгі азамат грант қаржысын қайтарамын деп отыр ғой! Мұндай әділетсіздікке орын беруге болмайды, – деді.
Орталық директоры ойланып, тұрып қалды. Жауап жеткілікті жағдайда емес. Оған әкімнің тағы көңілі толмағаны байқалды.
Жаңақорған кентіндегі ірі-ірі сауда ғимараттарының бағалау құнын обьективті көрсетпей, нысандардың құрылыс актісін қабылдаған аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Орман Ахметовті орнынан тұрғызып: «Сізге қабылдау актісі кезінде жіберілген қателіктің салдары сабақ болсын. Екінші қайталанбауы тиіс» деді. Ал, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Қосаевтың бюджетті жоспарлау жұмысына бей-жай қарап, ескі көзқарастан арыла алмай жүргенін сынады.
Айтқандай, ауданда 85 мыңға жуық халық тұрады. Оған кент, ауылдық округтердегі 3877 дүкен, сауда орындары қызмет етеді. Оның 74-і ғана арақ-шарап сатуға лицензиясы бар. Әкім бұл мәлесенің мәнін аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғани Тұрсекеевтен сұрап: – Ауданның бас салықшысы Нұрлан Сайлауұлының баяндамасынан белгілі болғандай, Қыркеңсе, Кейден, Өзгент, Қандөз, Екпінді, Сунақата, Жаңарық, Қожамберді, Көктөбе, Қыраш, Манап ауылдық округіндегі дүкендерде бірде-бір лицензия жоқ. Әрине, алкоголь өнімдері сатылмаса қуанамыз. Бірақ сатып отырса ше? Ғани Асанұлы, сізге осыған байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынған едім. Нәтиже қандай? – деп аудан басшысы мәселені тереңнен қозғады.
– Төрт орында арақ-шарап сатылады деген дерек бар. Біреуі Қыраш ауылдық округінен шықты. Біз оны экономикалық сотқа жолдадық. Қалған мәліметті сотқа жолдағаннан кейін жариялаймыз, – деді полиция бөлімінің басшысы.
«Кемедегінің жаны – бір». Ескіден келе жатқан ескірмейтін есті сөз. Осы сөздің мәнін түсінген адамға бәріне тек сала басшылары ғана кінәлі еместігі белгілі. Таяқтың екі ұшы бар, соның бір ұшы кент және ауылдық округ әкімдеріне де тиеді. Мәселен, I-ші тоқсандағы жұмысын тоқтатқан 309 кәсіпкерлік нысан болса, оның 149 кәсіпкерлік субьектісі Жаңақорған кентіне қарасты. Соның ішінде, 16 кәсіпкер жұмыс істеп, өз кәсібімді дамытамын деген ниетпен қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Олар кәсібін неге тоқтатты? Бұл – Жаңақорған кентінің әкімі Сардар Садықовқа тікелей қатысты сұрақ.
Ол орнынан тұрып, мәселені терең зерттейтінін жеткізді.
– Садықов жолдас, жұмысты зерттеп, меңгеретін уақытыңыз болды. Өйткені, қандай мәселе болмасын бірінші кезекте Жаңақорған кенті алдымыздан шығады. Мәселен, аудан орталығындағы кәсіпкерлердің 56,9 пайызы нөлдік есеппен тапсырып отыр. Ал, кент аппаратында бір сектор салыққа жауапты. Бір ғана адам емес, тұтас команда бар. Соларды Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарымен келісім бойынша бірлесе түсіндіру жұмыстарына жұмылдыруға не кедергі? – деді Руслан Рүстемұлы.
Кезек елді мекендерге келді. Ауыл әкімдері келесі сөз-сойыл кімге тиетінін білмей, сасқалақтай түсті.
– 2021 жылдың бірінші тоқсанында Көктөбе ауылдық округінде 2 кәсіпкерлік субьекті ашылса, соның біреуі көп ұзамай жабылды.
Боран Әбуов жолдас, елді мекенде жұмысын тоқтатқан кәсіпкер кім, ол не үшін жұмысын тоқтатты? Осының мән-жайын білесіз бе? – деп оған бұрылды.
Ал, Көктөбе ауылының әкімі бұдан бейхабар болып шықты.
– Ауылдық округте барлығы 24 шағын бизнес субьектісі тіркелген. Сол үшін ауылға 1 штат бірлігінде салықшы маман берілді. Сіз ауылдағы барлық кәсіпкерді жатқа білуіңіз керек. Өткен жылы Көктөбе елді мекенінен «Еңбек»мемлекеттік бағдарламасы арқылы бірде-бір кәсіпкер несие алмады. Биылға жоспарларыңыз бар ма? Әлде сіздерге ештеңе қажет емес пе?
Енді мынаған жауап беріңіз, Көктөбеде тіркелген 20 кәсіпкерден 12-і нөлдік есеп тапсырған. Сонымен бірге алкоголь өнімдерін сатуға лицензия алып, жұмыс істеп тұрған кәсіпкер жоқ. Егер арақ-шарап шын мәнінде сатылмаса, оған өз басым қуанамын. Ал жасырын, көлеңкелі түрде сатылса, оған басыңызбен жауап беруге тиістісіз! – деді аудан басшысы.
Бұл сұрақтар Көктөбе ауылдық округінің әкімі Боран Әбуовты тығырыққа тірегені анық. Алақандай ауылға иелік ете алмағанына өкініп те тұрған шығар. Бұл жерде ауыл әкімі туралы екінші мәселе туындайды. Өйткені ол Қандөз ауылынан Көктөбеге қатынап жұмыс істейді. Бәлкім, кемшіліктің басты себебі осы болар...
Әкім ендігі сөзін М.Нәлібаев ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ілиясовке бағыттап:
– Өткен жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алған кәсіпкерлер жоқ екен. Бұл дегеніміз тиісті түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен болуы мүмкін. Биылға жоспарларыңыз қандай? – деді.
Өмірбек Ілиясов те түйін тарқатардай тұщымды жауап бермеді. Кемшілігі үшін төмен қарады.
Міне, керек болса, енді кабинетке келіп-кетіп, жұмсақ креслода ары-бері тербеліп отыратын уақыт емес, бұған мойынсұнбаған басшылар басқа қызмет іздеуі мүмкін. Мұның салмағын келесі кезектегі жергілікті әкімдер де сезінді.
– Салық есептілігін нөлдік көрсеткішпен 50 пайыздан жоғары тапсырған Жаңақорған және Шалқия кенті, М.Нәлібаев, Аққорған, Өзгент, Қандөз, Жаманбай батыр, Екпінді, Сунақата, Келінтөбе, Қожакент, Қожамберді, Көктөбе, Қосүйеңкі, Қыраш, Талап, Сүттіқұдық, Төменарық ауылдық округтерінің әкімі не дейді? Неге кәсіпкерлер салықтық есепті нөлдік көрсеткішпен тапсырып отыр. Демек, ауыл әкімі тарапынан дұрыс түсіндіру жұмыстары жолға қойылмаған. Қазір салықтық есептікті онлайн тапсырады. Әрбір әкімдікте бір-бір салықшы бар. Олар не бітіреді? Халыққа салық есептілігін дұрыс тапсыруды түсіндіре алмаса, қызметті атқаруға қабілетсіз болса салықшының бізге не қажеті бар? – деп мәселені бір мығымдап алды аудан әкімі.
Сөйтіп әкім сөзін тағы жалғады: – Қандөздің әкімі Кеңес Оразбеков жолдас, тіркелген кәсіпкерлеріңіз 42 болса, содан 40 кәсіпкер нөлдік есеп тапсырып отыр. Мысалға айтайын, бір кәсіпкер күніне кемінде 3 мың теңге сауда айналымын жасаса 30 күнде 90 мың теңге табыс табады. Соның 3 пайызы табыс салығына түскен уақытта ол 2700 теңгені құрайды. Енді соны 40 кәсіпкерге көбейтсек, ол 1,3 млн теңге болатынын білесіз бе? Демек, сіз салық саясатына дұрыс мән бермей келесіз! Бұл барлық кент, ауылдық округ әкімдеріне қатысты жағдай. Осыдан-ақ сіздердің жұмыстарыңыздың деңгейін білуге болады, – деді ол.
Салық саласында еңбек сатысынан өткен Жаманбай батыр ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдуллаевқа да бұрылып:
– Абдуллаев жолдас, сіз қайда қарап отырсыз? Салықтың мән-жайын жақсы түсінесіз ғой! Солай бола тұрып, ауылыңызда 142 кәсіпкердің 60-ы нөлдік есеппен тапсырады. Бұған неге жол бересіз?
Салықты нөлдік есеппен көрсету, бұл – көлеңкелі бизнес! Кәсіпкерлерге дұрыс түсіндірсе, мұндай факті орын алмаушы еді. Қырашта 28 кәсіпкерден 20-ы, Талапта 10 кәсіпкердің 6-ы табысын жасырып отыр. Бұл бойынша жұмыс істеу керек, – деп үш ауылдың әкімін бір ширатып алды.
Жыл басынан бері кәсіпкерлігін жауып тастағандар саны артып отыр. Мұны қатты назарға алған аудан әкімі: – Ауыл әкімдері, сіздердің бұдан хабарларыңыз бар ма? Саралайтын болсақ, Аққорған – 15, Келінтөбе – 7, Өзгент – 4, Жаңарық – 13, Қыркеңсе – 14, Кейден – 4, Ақүйік – 7, Жаманбай – 15, Манап – 2, Қосүйеңкі – 5, Қыраш – 3, Төменарық – 15, Сүттіқұдық – 11болды. Бұдан кейін ауыл әкімі не қызмет атқарып отыр деген ой туындайды менде. Алақандай ауылдағы жағдай осы. Мұнымен біз қалай дамимыз?
Ең сорақысы – кәсіпкерлікті тек несие мен грант алу үшін ғана ашып, қаржыға қол жеткізілгеннен кейін жауып тастау фактісін көріп отырмыз. Бұл – мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілген қаржының түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмегенін көрсетеді. Яғни, мемлекетті алдап, қаржыны талан-таражға салу. Бұған жол берген жұмыспен қамту орталығы мен кент, ауылдық округтің әкімдері, керек болса, жауап бересіздер, – деп 4-ші деңгейлі бюджетке ие болатын әкімдердің дәрменсіздігін дәлелдеп берді.
Аудан әкімі жиынды түйіндей келе алдағы уақытта да жауапкершілік жүгі жеңілдемейтінін жеткізді.
– Аудан әкімі аппаратының мәжілісіне дайындықсыз, тиісті талдауларсыз келіп қатысқан және функционалдық міндеттерін өз дәрежесінде меңгермеген аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаевтың, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Жарас Мырзалиевтың, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары Нұрбол Қосаевтың, Жұмыспен қамту ортылығының директоры Жаңабек Тұрлыбековтың тәртіптік жауаптылығы қаралатын болады, – деді Руслан Рүстемұлы.
Маңызына, ауқымына сәйкес мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының мәжілісінде аудан басшысы салалық орынбасарлары мен дербес бөлім басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында атқаратын нақты міндеттерге екпін берді.
Ол қандай тапсырмалар?
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша бөлшек сауда, өнеркәсіп өнімдерін өндіру және өндеудің индикаторлық көрсеткіштердің жоспарға сай орындалуын қадағалап, сонымен қоса, барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржы институттарына ұсынылған кәсіпкерлік жобалардың толық қаржыландырылуын ұйымдастыруы тиіс.
Сондай-ақ, кент және ауылдық округ әкімдері Мемлекеттік кірістер басқармасымен (келісім бойынша) бірлесіп аудан көлемінде жабылған кәсіпкерлік субъектілерінің себебін анықтауға және жаңадан ашылған кәсіпкерлерді сүйемелдеп, дамуына жағдай істеуге, кәсіпкерлердің салық есептілігін уақтылы жүргізуін қадағалауға, кәсіпкерлік нысандар онлайн бақылау касса аппаратын орнатып, жұмыс істеуіне түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндеттелді.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне және кент, ауылдық округ әкімдерімен бірлесе грант, несие алған тұрғындардың қаржыны мақсатты жұмсап, кәсіпкерлігін дамытуына жағдай жасау, кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылу деңгейін талдап, нақты базасын жасау тапсырылды.
Аудан басшысы 6 айдың қорытындысы бойынша өтетін аудан әкімі аппаратының мәжілісінде жұмыстың барысын орынбасарларына баяндауды міндеттеді.
Кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үйге беріліп жатқан жер телімі және олардың мақсатқа сәйкес пайдаланылуы, кәсіпкерлік ғимараттарының бағалануы және олардан аудан бюджетіне түсетін салықты қайта талдау қажет. Ауданда даму әлеуеті жоғары Келінтөбе, Аққорған, Қожакент, Өзгент, Сунақата, Жаманбай батыр ауылдық округі бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен кәсіпкерліктің дамуына талдау жүргізіп, қорытындысы шілде айындағы аппарат мәжісілінің күн тәртібіне қойылуы керек. Аудан әкімі бұл тапсырмаларды үйлестіріп, бақылауды аудан әкімі аппаратының басшысына жүктеді.
...Жиын бітті, бұрыңғыдай гу-гу, абыр-сабыр жоқ, әркім өз мәселесімен мұңдана шықты. Дана бабамыз «қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер» демей ме, енді аудан әкімінің орынбасарларына да, дербес бөлім басшыларына да, кент, ауыл әкімдеріне де оңай тимейтіні анық, өйткені олар мойнымен көтеретін ауыр міндетті арқалап шықты. Ал, оның нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді...

Қаныбек Әбдуов,
Нұрлат Байгенже
05 маусым 2021 ж. 1 670 0