Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дербес бюджет ауылды дамытады ма?

Дербес бюджет ауылды дамытады ма?


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыруды, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалауды тапсырған болатын. Онда: «аудандық, қалалық, ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс» деп айрықша нақтыланған.


Бұл бағытта төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру бірнеше жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бұған дейін 2000-нан астам халық тұратын селолық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілген еді. Енді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ауылдық округ төртінші деңгейдегі бюджеті бар елді мекенге айналды.
Әрине бюджетке қаржы тікелей түскен ауылдық округтерде алға талпыну, салық жинауды ширату, өзге кіріс көздеріне жаңа көзқарас қажет екені байқалады. Бұл жөнінде біз аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Бүркітбаевпен тілдестік.
– Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде 2 мыңнан астам халық тұратын селолық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілген болатын. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдер ауыл бюджетіне берілді. Бүгінгі таңға дейін аудан бойынша 2 кент, 9 ауылдық округ дербес жұмысын жүргізіп келеді. Енді биылдан бастап қалған 15 ауылдық округ 4-ші деңгейлі бюджетке өтті. Атап айтсақ: Қандөз, Қаратөбе, Өзгент, Қыркеңсе, Байкенже, Кейден, Жайылма, М.Нәлібаев, Көктөбе, Екпінді, Талап, Манап, Қосүйеңкі, Қыраш, Қожамберді ауылы, – деп нақтылады.
Бас маманның айтуынша, 4-ші деңгейлі бюджетке өткен кент және ауылдық округтері бюджетінің кіріс көздері салық түсімдерінен және трансферттерден құралған. Нақтылай айтқанда, салықтық және салықтық емес төлемдер, яғни табыс көзінен алынбайтын жеке табыс салығы, мүлік салығы, жеке және заңды тұлғалардан түсетін көлік салығы, жер салығы бар. Сондай-ақ, төлемдер мен ауыл әкімдері салатын айыппұлдар, коммуналдық объектілерді сатудан түскен кірістер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер жатады. Осылардың барлығын үйлестіріп, салық түсімдерін ұлғайтуға қажырлы жұмыс жүргізіп жатқан үздік ауыл әкімдерін білдік. Саланың бас маманы Еркебұлан Бүркітбаевтың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысымен кент және ауылдық округтердің ішінде салық түсімдерін болжамынан артық орындаған 3 ауылдық округ бар. Олар: Төменарық, Сунақата, Бесарық ауылдық округі. Аталмыш елді мекендер дербес тайқазанға түскен қаржыларын жергілікті қоғамдастық жиынында талқылап, ауылдың ең өзекті деген мәселесін шешуге жаратуда екен.
Біз де өз кезегінде үздік ауылдың қатарынан табылған Бесарық ауылдық округінің әкімі Әлібек Әбибуллаевты сөзге тарттық.
– 2019 жылға мүлік, жер, көлік салықтары бойынша жалпы болжам 3500,0 мың теңге болса, бюджетке 4299,3 мың теңге түсірілді. Яғни 122,8 пайызға артық орындалды. Дербес бюджетке түскен қаржыға ауылішілік қос көшеге сметалық-жобасын жасаттық. 2020 жылға жоспар көп. Мүмкіндігінше салық түсімдерінің ұлғаюына жұмыс жасаймыз, – дейді ауыл әкімі.
Иә, бұған дейін жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кадрлық құрамының сапасын арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдері, аппарат қызметкерлерінің бюджетті жоспарлау және бюджет шығысы, салық төлеу, мемлелкеттік сатып алу мәселелері бойынша біліктілігін арттырған. Оларға коммуналдық меншік және дербес бюджет енгізу бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылған. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейде 7-8 мәрте дербес бюджетке қатысты ауыл әкімдері арнайы мамандардан қаржылық есеп-қисаптың қыр-сыры мен ұйымдастырушылық және құқықтық саладан дәріске қатысқан. Ендігі кезекте, елмен етене араласып, әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында белсенді іске кірісуде. Осылайша әкімдерге осындай құзыреттілік берілу арқылы ауыл әкімдіктеріне қойылар талап пен жауапкершілік жүгі де күшейді. Алдағы уақытта мемлекет жасаған маңызды басымдықтарға орай халыққа тиімді жағдай туындауы, әр ауылдың бюджеті қалай құралары әкімдердің атқарған жұмысына тікелей байланысты болмақ. Ол үшін әкім мен қоғамдастық мүшелері тығыз қарым-қатынас орнатып, тек алдыңғы қатарлы ауылдың санатынан болуға жұмыс істеу ғана қалды.

Әбдісамат ӘБДІШ
08 ақпан 2020 ж. 755 0