№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аяқ судың тарифі бекітілді

Аяқ судың тарифі бекітілді


Сырдария өзені – өңір халқының негізгі тіршілік көзі, нәрі мен мәні. Өйткені, Сыр өңірінің халқы егін және мал шаруасына бейім десек, дариясыз еңбек өнімді болмайды. Әсіресе, суды көп қажет ететін күріш дақылынан мол өнім алуда Сырдың суына тәуелдіміз. Алайда жыл өткен сайын су деңгейі төмендеп келеді. Енді суды үнемді пайдалану мәселесі алдымызда тұр. Соған байланысты су беруге жаңа тариф бекітілді.


Жаңақорған ауданы жері егінге жайлы, жайылымға да қолайлы. Бірақ, су тапшылығы мен жайылымға қажеттілік сезіліп келеді. Жыл басынан бері аудан әкімінің тапсырмасына сай ауылшаруышылығы бөлімі мен су мамандары ауыл-ауылды аралап, биыл судың аз болуына байланысты күріш көлемін азайтуды құлаққағыс етті. Алайда күріш шаруашылығына маманданған еңбеккерлер өзге дақыл түрлеріне басымдық беруге асығар емес.

Тариф бекіді, бағасы қанша?

Енді тарифке оралсақ, Қазақстанда 1 мамырдан бастап каналдар арқылы су беруге жаңа тарифтер бекітілді. Фермерлер 1 текше метр су үшін 74 тиын төлейді. Естеріңізге сала кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК арналар арқылы су беруге арналған тарифтің әділ деңгейін белгілеу туралы ұсынысқа бастама жасаған болатын. Бұл жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлімдеді.
– Шаруалар 2019-2020 жылы 1 текше метр суға 45 тиын төлейтін еді. Алайда, бұл тариф мекемеге 4 млрд теңгедей шығын әкелді. Өйткені біздің мекемеде 10 мыңнан аса қызметкер бар, олардың көбі ауылдық жерлерде тұрады. Ең үлкен мәселе бар, ол арадағы – делдалдар. Мәселен, «Қазсушар» 1 гектарға 8 мың теңге төлеу тарифін енгізген уақытта кооперативтер шаруаларға сол қаржыны екі еселеп, яғни 16 000 теңгеден жеткізіп берді. Енді тариф құны 1 гектарға 14 800 теңге болып белгіленді, ал кооперативтер 35 000 теңгеге жуық қаржыға жеткізіп беретін болды. Бірақ, арада келісім болып, шаруалар енді бізден тікелей суды ала алады, кооператив жұмысы тоқтауға мәжбүр, – деді вице-министр.
Тарифтің қайта бекітілуі соңғы тұтынушыға судың экономикалық құндылығы бар екенін және оны ысы­рапсыз пайдалану керектігін көр­сетуі керек екен. Мамандардың тағы бір дабыл қағуы, қаражаттың жетіспеушілігінен су шаруашылығы нысандарының тозығы жетіп, техникалық жағдайының төмендеуі судың көп мөлшерде жоғалуына әкелетін көрінеді.
– Судың аз келуі тек егін емес, жалпы ауылшаруашылығы саласына ауыр болатыны анық. Бұл шаруаларға ғана емес, ел экономикасына ауыр тиетіні анық. Өйткені Елбасы ауыл­шаруашылығы саласы – ел эконо­микасының негізгі драйверіне айналуы тиіс деген болатын. Біздің ендігі межеміз әртараптануға көшу. Жыл сайын судың мөлшерін төмендету өте алаңдатарлық жағдай, – деді Керімхан Егізбаев.

Дарияға қанша су келуде?

Иә, тариф белгілі болды. Бірақ, су тапшылығының қорқынышы алқымнан алып тұрғаны жасырын емес. Облыс экономикасы мен экологиясының өзе­гіне айналған өзендегі бұл жағдай егінші қауымға ғана емес, жалпы жалпақ жұртқа оңай тимейді. Бірақ дәл қазір ертеңнен үміттеніп, дән сепкен егінші қауымның қаупі күшейіп тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маман­дарының дерегінше, биыл 188,2 мың гектар егiн егу межеленді. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш көлемі былтырғыдан 5 мың гектарға азайып, 84 мың гектарға себілетін болды. Көбісі себіліп те қойды, жаңақорғандықтар білек сыбана кірісті. Күріш көлемі азай­ып, есесіне көкөніс-бақша, малазықтық дақылдар алқабы ұлғаяды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016-2025 жылдарға арналған бассейндер мен облыстар жағдайында суды пайдалану лимиттерін бекіту туралы бұйрығы бар. Сол құжат негізінде әр жылы облысқа егін мен экологиялық қажеттіліктер үшін 5 млрд текше метрден асатын су бөлінуі тиіс еді. Былтырдан бастап осы бұйрыққа «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы су пайдаланушылардың сұранысы мен дария арнасындағы жағдайға орай өзгеріс енгізе алатын болды.
Мысалы, биыл экологиялық қажет­тілікке арналған су бұрынғы көлемде қалдырылды да, егінге арналған 4,1 млрд текше метрдің 12 пайызы қысқарды. Өйтпеске амал жоқ, дарияның сағасындағы мемлекеттер де қазір тамшы санап отыр. Осы күні Тоқтағұл су қоймасының аясында 9,3 млрд текше метр су жатыр. Бұл былтырғыдан 2,6 млрд текше метрге аз. Өзіміздегі Шардараның шарасында жиналып тұрғаны 4,5 млрд текше метр. Оған Көксарай су реттегішіндегі 1,5 млрд текше метрді қосыңыз.
– Егер Шардараға вегетациялық кезеңде тағы 2,5-3 млрд текше метр су түспесе, онда жағдай оңалып кетеді деп айту қиын, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Қазір Шардарадан дария арнасына секундына 250, ал Көксарайдан 300 текше метр су түсіп, облыс шекарасына соның 495 текше метрі жетіп тұр. Былтыр мамыр айының алғашқы онкүндігіне дейін егістік алқаптарды суаруға 1 млрд 73 млн текше метр су алынған, қазіргі көлем – 835 млн текше метр. Өткен жылы осы мерзімде Қызылорда су торабынан секундына 110 текше метр су өткен, қазір ол 70 текше метрге түскен. Сондықтан Орталық Азия елдері су жинау лимиттерін және Нарын-Сырдария су қоймаларының вегетациялық кезеңге арналған жұмыс режимін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тығырықтан шығудың жолы қандай?

Облыстық табиғатты реттеу және табиғи ресурстар басқармасының бас­шысы Бауыржан Шәменов осындай сәтте артық суды жинап алудың маңыздылығын түсіндірді. Облыс аума­ғынан жалпы сыйымдылығы 2,3 млрд текше метр су жинайтын 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Олардың кейбірі дария арнасынан тікелей су алмайды, қашыртқы суды жинап, ол шабындық алқаптарды суландыру, балық шаруашылығын дамыту үшін пайдаланылады. Ал, тығырықтан шығудың, кәсіптің дамуы, ішкі нарықты, әл-ауқатты жақсартудың тиімді тұсы – суды аз қажет ететін өнім түрлерін көбейту.
Әу бастан Сырдың суы тапшы болады деп болжанды. Соған сәйкес күріш көлемі 5 мың гектарға қысқартылғаны белгілі. Енді оның орнына суды аз қажет ететін 9 мың гектар дақылдар егілуде. Бұл – әртараптандыру мақсатындағы әрекет. Оған етіміз үйренеді дейді диқандар, тек дария суы келешекте шаруаға тапшы болып қалмай ма деген қорқыныш бар. Әрине, су жақын онжылдықта таусыла қоймас, алайда келешек не болары белгісіз. Тағы да айтарымыз, Сыр халқының негізгі тіршілік тынысы ауылшаруашлығы саласымен тығыз байланысты...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
17 мамыр 2021 ж. 453 0