№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сыр – анамыз, суалмасын!

Сыр – анамыз, суалмасын!


Сырдария өзені – Қызылорда облысының экономикалық тұрақтылығының негізі. Дария болмаса ел өмірінің мәні кетеді. Содан болар тұтас облысты «Сыр өлкесі» деп атаса керек-ті. Соңғы жылдары өзен суы тартыла бастады. Енді кетпен ұстаған диқандар мен төрт түлігін түлеткен малшылар Сырдың суына алаңдаулы. Көктемгі егіс науқаны басталды. Дарияның суы қандай деңгейде? Биыл су тапшылығы болмай ма? Көптің көңіліндегі осы сұрақтардың жауабын «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы Жаңақорған аудандық өндірістік учаскесіндегі мамандарынан білдік.

Мекеме басшысы Мәжит Ахметов:
– Былтыр Шардара су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп болжанған. Алайда айтылған меженің тек 49 пайызы ғана түскен. Мамандар мұны жауын-шашынның аздығымен байланыстырды. Кешегі аптадан бастап дарияға су келе бастады. Бір аптадан бері 300 текше метр су келіп жатқан болса, 23-сәуірден бастап тағы 100 куб қосылып Шардара және Көксарай су қоймасынан 400 куб су келуде. Судың келуі әлі де көбеюі мүмкін. Бірақ бұл тек каналдардың деңгейіне жетуі үшін ғана берілетінін ескеруіміз керек, – деді.
Биыл Қызылорда және Түркістан облысының ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар проблемалар туындауы мүмкін. 2020 жылғы 1 қазаннан бастап 2021 жылғы 28 ақпанға дейінгі кезеңде жауын-шашынның жинақталуы аумақтың көп бөлігінде нормадан 30-79 пайызға кем және айтарлықтай аз болғандығын айтады. Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан Тоқтағұл су қоймасының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3 млн текше метрге су кем жиналды. Яғни Сырдың бойындағы Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанға ортақ мәселе. Әсіресе, бізге салмақ көп түскелі тұр.
«Өзгидромет» мәліметтері бойынша, 2021 жылдың вегетациялық кезеңінде Ферғана алқабының оңтүстігіндегі өзендердің сулылығы 90-100 пайыз сақталады деген болжам бар. Алайда Нарынның сулылығы 80-90 пайыз, Қарадарияда 70-80 пайыз, Шыршық, Ахангаран өзендерінде 70-75 пайыз, Ферғана алқабының солтүстігіндегі өзендерде 65-75 пайыз шамасында күтіліп отыр. Осыған байланысты вегетация кезеңінде Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы елдерден қажетті су көлемі келмеуі мүмкін. Бұл жөнінде «Қазақпарат» агенттігі хабарлайды.
Егінші қауымның арасында Сыр­дария бойында орналасқан елдер арасында «Қазақстан ғана судың тапшылығын сезінуде» деген екіұдай пікір қалыптаспас үшін де жоғарыда қоныстанған мемлекеттердегі жағдайға біршама тоқталдық.
– Өткен жылы оңтүстік өңірлерде су тапшылығы болған. 2020 жылы «Шардара» су қоймасына жоғарыдан 13,4 млрд текше метр су түсіп, төмен қарай ондағы 2 млрд текше метр су вегетация кезінде 13,4 есе су тасталған. Бұл келген су да, төменге тасталған су да – соңғы он жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комис­сиясының отырысында 2020 жылдың басында вегетациялық кезеңде «Шар­дара» су қоймасына 6,4 млрд текше метр су беріледі деп болжанған. Алайда осы кезеңде 3,1 млрд текше метрі немесе 49 пайызы ғана түскен. Ең үлкен су қоймасы саналатын «Тоқтағұл» су қоймасында 9,9 млрд текше метр су бар. Өткен жылдың осы кезеңінде 12,8 млрд текше метр болған. Биыл 2,9 млрд текше метрге аз. Қазіргі таңда «Шардарада» 4,26, «Көксарайда» 1,158 млрд текше метр су бар. Жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне байланысты биылғы вегетация кезеңінде Сырдария өзенінің сулылығы өткен жылмен салыстырғанда да төмен болатындығын анық аңғару қиын емес. Сондықтан қажетті су мөлшерін жинай алмай қаламыз ба деген күмән бар, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­мінің бас маманы Жасұлан Тұраповтың берген мәліметіне сүйенсек, Сырдария өзені секундына 400 куб су қабылдап жатқан болса, Келінтөбе магистралды каналына 20, Сумағар каналына 1,5, Сунақата магистралды каналына 1 куб су келуде.
Жалпы аудандағы су қоймаларының жайына келетін болсақ, Жиделі су қоймасына – 8,7 млн куб жиналған болса, Бесарық – 10,3, Көлтоған – 2,5 Қыраш – 1,6, Манап – 1,6 млн куб су жинаған. Шұқырой көлінің жалпы сиымдылығы 25 млн куб болса, онда қазір 15 млн куб су бар.
Былтыр дария суының аздығынан кейбір шаруа қожалықтары сусорғы құрылғыларды іске қосса, енді бірі қашыртқы суды қайтадан егіске пайдаланды. Диқандар жоқтан бар жасап, егінді күнге күйдіріп алмауға тырысып бақты. Бірақ бұл шешім емес.
Тіршілік нәрінің тиегін ұстаған су мекемесі мамандары диқандар үшін алаңдап отыр. Бар жиған-тергенін көктемгі егіске салып, күзде қалтасын қармап қалмау үшін де сауаттылық керек. Судың тағдыры – егіншінің тағдыры. Бәрінен бұрын, суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық беретін кез келді.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
01 мамыр 2021 ж. 738 0