№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыспалы егіс – өнімділікті арттыру жолы

Ауыспалы егіс – өнімділікті арттыру жолы

Агроөнеркәсіптік кешені – стратегиялық сала, әлеуетті локомотив. Мұны дамыған елдердің тәжірибесінен көруге болады. Бұған қол жеткізуде ғылымға арқа сүйеп, инновациялық технологияны қолдану маңызды. Сосын жер құнарлығын сақтауда ауыспалы егін шаруашылығына басымдық беру керек-ақ. Міне, осы турасындағы ойлар Қожакент ауылдық округінде өткен семинарда талқыланды. Оған Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысып, ғылыми дәлел-дәйектерін ортаға салды.

Басқосудың негізгі мақсаты – өнім­­ділікті арттыруда соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу, жер құнар­лығын сақтауда ауыспалы егін шаруа­шылығының маңызы және тағы басқа идеяларды жан-жақты талдап, диқандарға тың жаңалықтармен бөлі­су.
Семинарда модераторлық еткен аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков күріш шаруашылығын дамы­туда топырақтың құнарлылығына мән беру, органикалық және минералдық тыңайтқыштарды өз мөлшерінде қол­дану, суды тиімді жұмсау маңызды екенін, осы жөніндегі сауалдардың жауабын ғалымдардан білуге бола­тынын айтты.
Ғылыми институттың агроте­хно­логия мелиорация және топырақтану бөлімінің жетекшісі Камалдин Шерма­ғам­бетов бастаған арнайы топ агро­өнеркәсіп салаларын дамытудың әр түріне ден қойып, соның ішінде ауыс­палы егістікке ерекше мән берудің мән-маңызына тоқталды.
Техника ғылымдарының кандидаты, доцент  Жанұзақ Байманов «Күріш егісі­нің суару режимін тимді пайдалану» атты тақырыпта баяндамасын ұсынды.
Күрішті күтіп-баптау тәжірибесінде жайып суарудың бірнеше түрі бар. Яғни тұрақты жайып жіберу – күріштің өсіп-өнуі кезеңінде егістіктегі суды түгелдей ұстап тұрса, жайып суарудың ықшамдалған түрі – күріштің өсіп-өну кезеңінің басы мен соңында суды жібермей ауық-ауық ылғалдандырып тұрады. Әрине бізде күрішті суарудың бірінші тәсілі қолданылады. Тиісінше бұл суды көп қажет етеді.
Ал су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Қазір күріштің көлемін азайта отырып, өнімділікті арттырудың жолын табу маңызды. Ол үшін күрішті суару нормасын анықтап отыратын құрылғыларды пайдалану керек. Мұндай автоматтандырылған құрылғылар тәулік бойы күріш арналарындағы су деңгейін реттеп және жіберілген немесе қайта шығарылған суды есептеп отырады. Сондай-ақ, күріштен мол өнім алуда заманауи технологияны қолдануды кешіктіре беруге болмайды. Ең қарапайымы, шауашылықтар жерді лазерлік тегістейтін «Маро» техникасы мен тыңайтқыштар себетін дрондарға қол жеткізуде жұмыс жасау маңызды.
Ал ауыспалы егістің маңызына тоқталған Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының бас директоры Бақытжан Әлішерұлы:
– Топырақ құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды және танаптарды алмастырып отыра егу өте маңызды. Егер осы әдісті барлық шаруақожалық иелері қолға алатын болса сапалы өнім алып қана қоймай, мол табысқа кенелуге болады. Мәселен, ауыспалы егістің жүйесі бойынша егін егер алдында танапқа екі-үш жыл жоңышқа егіледі. Мұның пайдасы көп. Біріншіден, топырақтың құнарлығы артады. Екіншіден, өнім көрсеткіштері жақсарады. Үшіншіден, топырақ эрозиясы төмендейді. Төртіншіден, егістіктің ластануы, зиянкестер мен ауру қоздырғыштардың көбеюі азаяды, – деді.
Айта кететіні, қазір тіпті әлем су тапшылығын сезінуде. Ауыз судан бөлек, тіпті аяқ судың өзі ғаламдық проблемаға айналуда. Тығырықтан шығатын жол – суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру, инновациялық технология мен ғылыми жетістіктерді қолдану.
 Қызылорда облысында 186 мың гектар жердің 90 мыңына күріш егілсе, енді соны 75 мыңға дейін қысқарту көзделуде. Өйткені соңғы жылдары Сырдария өзенінің суы азайып барады (Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегіш қоймасында су тапшылығы айқын сезілуде). Бұл дегеніміз, әлемдегі су тапшылығының сезілуінің айқын дәлелі. Бұл – суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру керектігін көрсетіп отыр.
Жаңақорған ауданы негізінен дәнді дақылға басымдық бергенімен, соңғы жылдары бақша дақылдарына мән бере бастады. Расында Жайылма ауылдық округінен бөлек, Сыр беткейдегі елді мекеннің диқандары қауын, қарбыз егіп, өнімін экспорттауды жолға қойып келеді. Алайда бақша дақылдарынан мол өнім алудың өзіндік қыр-сыры бар. Бұл жөнінде институт ғалымдары өздерінің ғылыми тәжірибелерімен және шетелден көрген-білгенімен бөлісіп, диқандарды тың ақпараттармен бөлісті. 
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков пен Қожакент ауылдық округінің әкімі Асылбек Айтжанов диқандарға пайдалы ақпарат берген ғалымдарға алғысын білдіріп, саланы дамытуда ғылымға мән берудің маңызына тоқталды.  
Лаура Бибасарова
22 тамыз 2020 ж. 813 0