Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балық шаруашылығына субсидия жеңілдейді

Балық шаруашылығына субсидия жеңілдейді



Балық шаруашылығын дамытуға биылдан бастап басымдық беріле бастады.  Яғни, балық өсіру өндірісіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Оның ішінде, субсидиялау, көл-тоғандардың инфрақұрылымын дамыту, жаңа технологияларды енгізу мен балық түрлерін көбейтуге көбірек көңіл бөлінеді. Әрі экспорт көлемін арттыру да басты назарда. Сондықтан жаңақорғандық балықшылар мүмкіндікті пайдалана алуы тиіс. Осы тақырып жөнінде жақында аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержановтың төрағалығымен семинар-кеңес өткізілді.
Осы уақытқа дейін, егін және мал шаруасына берілген субсидия, жеңілдіктер мен қолдаулар, гранттардың есебі болмады. Мемлекет тарапынан мал басын көбейтуге күш көбірек жұмсалды. Бірақ, еттің бағасы шарықтады, өнімі өсті, азық-түлік те жыл сайын қымбаттамаса, арзандаған емес. Енді басымдық балық шаруасына беріледі. Адам ағзасына пайдалы дәрумендері өте көп тіршілік иесін дамытуға Жаңақорған ауданының әлеуеті жетеді.
Министр Сыр өңірінде
Алдымен Арал ауданында ҚР Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төра­ғалығымен өткен балық шаруашылығын дамытуға байланысты кеңейтілген отырысына тоқталсақ. Шаруаларға түсінікті болуы үшін осыдан бастағанды жөн көрдік.
Бүгінде аймақта қуаттылығы 12,5 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты бар. Олардың өндірістік қуаты саланы дамытуға және өндіріс көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Үкіметтің Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасында балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Оның 16 мың тоннасы Қызылорда облысына тиесілі.
– Балық шаруашылығына ерекше мән беру жөнінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Президент Жолдауында атап көр­се­тілді. Үкімет басшысының тапсыр­масына сәйкес өткен жылы қазан айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бірлесіп, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын республика бойынша алғашқы болып бекіттік, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов:
– Қызылорда облысының табиғи-климаттық факторларын, Арал теңізі көлемін, күріш егу алқаптарында балық өсіру мүмкіндігін ескере оты­рып, өңір жылына 25 мың тонна балық өсіруге қабілетті. Сондықтан жергілікті тұрғындарды балық өсірумен айналысуға шақырамыз. Ол үшін өңірде теңіз де, тәжірибе де бар. Саланы мемлекеттік қолдау түрлері көбеюде. Біріншіден, тауарлы балық шаруашылығымен айналысу мерзімі 49 жыл болып белгіленді. Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспар құруға ықпал етеді. Ал кәсіпшілік балық аулау үшін бұрынғы мерзім қалып, 5 жылдан 49 жылға дейін белгіленді. Сондықтан тауарлы балық шаруашылығымен айналысу тиімді, – деді.
Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызды 207 көл бар.
– Балық шаруашылығы бағдарламасын жүзеге асыруға 29 млрд теңге қаржы тартылады. Осыған сәйкес 2030 жылға қарай облыстың балық экспортын 2, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есе арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Нәтижесінде 16 шарбақтық, 12 тауарлы балық өсіретін тоған шаруашылығы құрылып, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы іске қосылатын болса, көл-тауарлы су айдындарының саны 55-ке жеткізіледі, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бау­ыржан Шәменов.
Арал ауданындағы сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова мен Мағзұм Мырзағалиев жергілікті ғалымдармен, тұрғындармен кездесіп, өңірдегі түйткілді проблемаларға, экология мәселелеріне қатысты ұсыныстарды тыңдады.
– Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың азаюы ауыл шаруашылығына айтарлықтай қиындық келтіруде. Облыстың негізгі шаруашылығы – суды көп қажет ететін күріш егісі екенін жақсы білесіздер. Алайда біз жылдан-жылға күріш егісінің көлемін азайтып, ауыл шаруашылық саласын әртараптандыруды бастадық. Осылайша суды үнемдеу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді аймақ басшысы. Министр мәселені уақыт күттірмей шешуге кірісетінін жеткізді.
Семинар-кеңестің мақсаты неде?
Енді ауданға қайта оралайық, семинар кеңестің мақсаты – аудандағы балық шаруашылығын дамыту және оларға қолайлы жағдайларды жасау, балық шаруашылығын дамытуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру. Сөз тізгінін ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев алды. Жиынға қатысушыларды ауданда балық шаруашылығын дамытуға бай­ланысты нысаналы көрсеткіштермен, атқарылып жатқан және алдағы жоспарлармен бөлісті. Су айдындары иелерінен шешімін таппаған мәселелерді ортаға салуларын ұсынды.
Жалпы Жаңақорғанда кәсіпкерлерге бекітіліп берілген 24 және резервте тұрған 3, барлығы 27 су айдыны бар. Соның алтауы Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы қаулысына сәйкес, «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» өңірлік бағдарламасына енгізілген.
– Елімізде республикалық деңгейде «2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы әзірленді. Негізгі индикаторлық көрсеткіштеріне тоқталсақ. Балық өсіру көлемі 2021 жылдан 2030 жылға дейінгі аралықта 9 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. 1 200-ден астам жаңа балық өсіру шаруашылықтары құрылып, қосымша жұмыс орындары ашылатын болады. Балық өнімінің экспорты 2030 жылға қарай жылына 30 мың тоннадан 181 мың тоннаға дейін көбейту тапсырылды, – деді бөлім басшысы.
Облыс әкімінің қаулысымен бекітілген «Қызылорда облысының балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» аясындағы межені де түсіндірді. Тауарлы балық өсіру көлемі 155 тоннадан 16 мың тоннаға дейін ұлғайту межесі тұр. Өңірдегі су айдындарында балық өсіру потенциалы жылына 25 мың тоннаға жеткізу де жоспарда.
– 2030 жылға дейін орындалуы тиіс индикаторлы жоспарлар мынандай. Аудандағы тауарлы балық өсіру шаруашылығымен айналысатын көл­дердің жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемінің өсімін 10 тоннадан 70,4 тоннаға дейін арттыру. Тоған балық шаруашылығы мен инкубациялық цехтан 2 тоннадан 10 тоннаға дейін өнім алу көзделуде, – деді Талғат Зейдалиев.
Мемлекеттен қандай қолдау бар?
Балық шаруашылығымен айна­лысатын кәсіпкерлерге мемлекет тара­пынан көрсетілетін қолдау шаралары аз емес. Инвестициялық салымдар кезінде техника мен жабдықтар сатып алуға балық өсіру шаруашылықтары үшін шығыстардың 25 процентін өтейді. Балық (тұқы, бекіре, албырт) жеміне кететін шығындар құнының 30 процентін өтеуге болады.
Мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту бойынша келесідей субсидиялау түрлері бар. Биологиялық негіздеменің құнын, балық өсіру материалын сатып алу құнын, бағалы балық түрлері аналық-жөндеу табындарын сатып алуға және ұстауға кеткен шығындар, дәрілік препараттарды сатып алуға кеткен шығындардың 50 процентін субсидия есебінен қайтаруға болады.
Тікелей субсидиялар бойынша 2030 жылға дейін республика бойынша барлығы 136 млрд теңге жоспарланған, оның 8,9 млрд. теңгесі Қызылорда облысына тиесілі. Инвестициылық салымдарды субсидиялауға тор шаруа­шылықтарын, УЗВ, тоған шаруа­шылықтарын, құрама жем зауытын, қайта өңдеу кешендерін салу және кеңейту жатады. Инвестициялық субсидиялар бойынша 2030 жылға дейін республика бойынша барлығы 41,4 млрд теңге жоспарланған, оның 2,1 млрд теңгесі Сыр өңірінің есебінде.
«Балық шаруашылығын дамыту­дың 2021-2030 жылдарға арналған» өңірлік бағдарламасына сәйкес тауарлы балық шаруашылығымен айналысатын көлдерге инфрақұрылымын дамыту жоба сметалық құжаттарын жасап электр желісін тарту, трансформатор орнату жергілікті жерге тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта аталған алты көлдің инфрақұрылымын дамытуға ақау актілері жасалып ауданның тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолданған.
Субсидияға қандай
құжат қажет?
Аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты маманы Асылбай Дәулетханұлы мән-жайды түсіндірді. Аудандағы тауарлық балық шаруашылығымен айналысатын 6 су айдынының инфрақұрылымдарын дамытуға байланысты электр желілерін жүргізу және трансформатор орнату үшін жоба-сметалық құжаттарын жасап ұсынған жағдайда, облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім өткізіп, қолдау тапқан жағдайда, қаржы қаралатындығын атап өтті. Яғни, кез келген шаруашылық иесі бөлімге жоба-сметалық құжатын өткізуі тиіс.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Тәжібайұлы су айдындары иелеріне бизнес жоспар, жоба-сметалық құжаттарын жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ұсыну арқылы мәселені шешуге болатындығын жеткізді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКҚ арқылы бірлескен өндіріс құру арқылы 51/49 проценттік үлеспен белгіленген мерзімге дейін төмендетілген пайызбен қажетті несиесін алып, жобаларын жүзеге асыруға болатындығын тілге тиек етті. Жақсы жобалар болған жағдайда гранттарға ұсынуға жәрдемдесетіндігін сөз етті.
Бір сөзбен айтқанда, қос бөлім арқылы да, жоба-сметалық құжатты (ЖСҚ/ПСД)  әзірлеп, өткізуге болады. Бірінде субсидия алсаңыз, енді бірінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізесіз. Екеуі де тиімді жол, қолдау тапса қос тараптан да кәсібіңізге инвестиция құйылады.
Семинар соңында «Өзгент» көлінің иесі Орынбек Асылбаев өз көлінде жүргізіліп жатқан жобалармен балық шабақтарын өсіретін питомнигімен таныстырды. Құны 5 грамы – 740 мың теңге тұратын гипофиз дәрісі арқылы 80 процентке дейін балық шабақтарын аман алып қалудың тәсілдерін практика жүзінде қоланып көргендігін алға тартып, өзге де көл иелеріне осы бағытта жұмыс жасауды ұсынды. «Қалғандария-2» көлінің иесі Шарапбай Битанов көлдің айналасындағы жерлердің өзге тұлғаларға берілуі дұрыс еместігін айтты. Өйткені, көл маңайында санитарлық талаптар сақталмайды, сондықтан шаруаларға көл жағасынан жер берілгенін қалайды.
Жалпы алғанда, балық бизнесімен айналысу өте тиімді. Мәселен, 2014 жылы Алматы облысындағы Қарой елді мекенінде болғанда бір кәсіп бүкіл ауылды асырап отырғанына куә болдық. Балқаш көлінің шеткі аймағында орналасқан ауылдың тыныс-тіршілігі осы кәсіппен біте қайнасып жатты. Бізде де осы бір өндірісті жүзеге асыруға болады, өйткені сұраныс жоғары. Әсіресе, Түркістан облысынан тонналап сатып алатындар аз емес. Бұл жөнінде бізге аудан кәсіпкерлері талай сұхбат берген болатын.
Айта кетейік, балық асыраушы шаруаларға мәлімет болсын, Қарағанды облысында балық және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған азықтарды өндіру және қайта өңдеу бойынша құрама жем зауытын салу бойынша инвестициялық жоба іске асырылады. Зауыттың қуаттылығы күніне 1 мың тоннаны құрайды. Инвес­тициялардың жалпы сомасы – 30 млрд теңге. Жобаны іске асырудың жоспарланған мерзімі – 2021-2022 жылдар.
Біз негізгі мәселелерді сараладық, қалғаны өз құзырығыңызда. Ең бастысы, құжатты ертерек өткізіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудан кеш қалмаңыз…

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
02 мамыр 2021 ж. 718 0