№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛЫҚ ТА БАҚЫЛАУҒА ЗӘРУ

БАЛЫҚ ТА БАҚЫЛАУҒА ЗӘРУ


Күзгі орақ бітіп, егінжайды жинағаннан кейін жаңақорғандықтар күріш алқабы мен оның маңына жақын орналасқан көлдерге жиналады. Ондағы мақсат – қараусыз қалған балықтарды аулап, азық ету. Әрине, нәпақа тауып, қажетіне жаратқанға өкпе жоқ. Алайда, балықтардың басым бөлігі аң-құсқа жем болады. Неге? Өйткені, егін науқаны аяқталған мезетте шабақтар шама-шарқынша құтқарылғанымен, көбісі далада қалады.

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» демесін, біздікі табиғат байлығының талан-таражға түсіп, обал-сауапсыз жерде жатқанын көзбен көргенді айту ғана. Одан қала балықтарды тоқпен аулау қылмысы да жиілеп келеді. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің дерегіне жүгінсек, былтыр балықтарды тоқпен атып өлтіру дерегі бойынша 5 қылмыстық іс тіркелді. Іс сотқа жөнелтіліп, тиісті шара қолданылғанымен, қылмыс түрі азаймай тұр. Ал, бейресми қанша балық қырылғаны беймәлім. Алайда, сала мамандары тағы бір жайтқа алаңдайды.
– Көбіне тоқ арқылы балық аулау дарияда орын алады. Себебі, Сыр өзені қазір бақылаусыз қалды. Осы жайт бізді алаңдатады. Салдарынан көлдерге де зиян тиіп жататыны жасырын емес. Біздің тараптан бақылау үнемі жасалынып тұрады. Десе де, қылмыс азаятын түрі жоқ. Былтыр уылдырық шашатын уақытта Қызылорда облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау аймақтық инспекцияның ықпалымен бірнеше қылмыстың үстінен түстік, – деді мекеменің балық маманы Қуаныш Әбілқасымов.
Бақсақ балыққа қамқорлық аса маңызды көрінбеуі мүмкін, алайда ол да табиғат байлығы. Әрі, табыстың көзі. Бір жағынан халық денсаулығына пайдалы, құнарлы өнім. Бірақ ауданда балық шаруашылығының дамуы әлі де кенжелеп тұр. Мемлекет тарапынан балық шаруашылығын дамытуға қолдау бар, бірақ, біздікілер балық бизнесін дамытуға асығатын түрі жоқ.
Дерек көздеріне қарағанда, былтыр облыс бойынша 8 186 тонна балық ауланып, өңдеу зауыттарына жөнелтілген. Қазіргі уақытта облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Оның басым бөлігі Арал ауданында. 2017 жылы 109 тонна балық өсірілсе, 2018 жылы 130 тонна ғанаға жеткен. Осыған орай облыста балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қолға алынып, балық өсіру кәсіпорындарының санын үш есеге арттыру межеленіп отыр. Өңдеуден өткен тауарлар Ресей және Еуропа елдеріне экспортталуда. Былтыр 3 802 тонна балық өнімі экспортталған екен. Әрине, мұның арасында Жаңақорған ауданының үлесі жоқ екенін айтпаса да түсінікті.
Неге дейсіз ғой?! Себебі, ауданда бірде-бір балық өңдейтін цех жоқ. Тек алып-сатарлар ғана тұрғындарды қамтамасыз етуде. Осы орайда, біз нәпақасын балық сатудан тауып отырған кент тұрғыны Іскендір Пауленовты әңгімеге тарттық.
– Шыны керек, Түркістанда бізге қарағанда балыққа сұраныс жоғары. Мәселен, бізде күніне 70-80 келі өтетін болса, түркістандық сатушылар 500-600 келіге дейін балықты өткізеді. Тіпті, Шиелінің сатушылары тәулігіне 300-400 келіге дейін балық сатады. Осыдан-ақ балық өндейтін цехтардың тиімсіздігін ұғасыз, – деп жауап қатты.
Жалпы, Жаңақорғанда 24 көл есепте тұр. Оның 22-нің иесі болса, екеуінде әзірге қожайыны жоқ. Тауарлы балық өсіру бағытында үш көл жұмыс жасайды.
Енді, субсидия мәселесіне келсек. Жуырда облыстық табиғи ресурстар, табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Жалғас Ахметов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қызылордада балық өсіруге субсидия бөлінгенін растады.
– Балық жемі қымбат. Сондықтан, субсидия бөлу мәселесі өзекті. Биыл облыстық бюджеттен 4 млн. 200 мың теңге қаралды. Балық өсіруші он шаруашылық жем сатып алатын болса, әр келі жемге 105 теңгеден субсидия алуға мүмкіндіктері бар. Олармен қазір жұмыс жасап жатырмыз, – деді.
Ақпараттың анық-қанығын білу үшін аудандық ауылшаруашылық бөліміне қоңырау шалған болатынбыз. Бас маман Жасұлан Тұрапов:
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Үкімет басшысының орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 4 қазандағы №408 бұйрығымен акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бекітілді. Қағидада балықтың қай түрлеріне, қанша көлеміне қанша пайызбен субсидия берілетіндігі көрсетілген, – деді.
Қорыта айтқанда, елдің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығын дамыту ісі ерекше ықпал мен қолдауды қажет етуде. Алайда балық өнімдерінің көп бөлігінің көлеңкелі айналымға кетуі бұл кәсіптің ширай түсуіне кедергі келтіруде. Сондықтан, тағдыры таразыға түсіп, тарандалып жатқан судағы тіршілік те қамқорлықты күтеді. Ал, облыстағы жауапты мамандар жергілікті балық шаруашылықтарын жеммен қамтамасыз етіп, браконьерлерге қарсы күресті күшейтеміз деп отыр. Қалғаны уақыт еншісінде...

Әли ТЕМІРБЕК.
09 ақпан 2019 ж. 1 472 0