№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: табыс көзіне айналдыра алдық па?

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: табыс көзіне айналдыра алдық па?


Сыр өңірінде балық шаруашылығына маңызы бар 18 учаскеге бөлінген кіші Арал теңізі мен 203 көл бар. Оның ішінде, Жаңақорғанға тиесілісі 18 көл болса, бүгінде екеуі тауарлы балық өсіру бағытында жұмыс жасауда. Осыған қарап аудандағы балық шаруашылығы жайын аңғаруға болады. Жалпы, біздегі бұл саланың бүгінгі бет алысы қалай? Балық шаруашылығымен айналысамын деушілерге қандай жеңілдіктер бар? Біз осы сауалға жауап іздедік.
Алдымен, аймақ бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталайық. Статистикалық мәліметке сүейенсек, 2017 жылы облыс бойынша 8740 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 140 млн. теңге қаржы түсірген. Бүгінде облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан астам 8 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. Оның ішінде, 6 кәсіпорын балық өнімдерін экспортқа шығаруда. Ал, 2018 жылдың 3 айында облыс аумағынан 925 тонна балық өнімдері экспортталған. Яғни, Сыр өңірінде балық шаруашылығы табыс табудың көзіне айналған. Алайда, бұған Жаңақорғанның үлесі бар дей алмаймыз...
Себебі, ауданда балық өндейтін цехтар жоқ. Тек алып-сатарлар тұрғындарды балықпен қамтамасыз етуде. Біз нәпақасын балық сатудан тауып отырған кент тұрғыны Іскендір Пауленовтан мән-жайды сұрағанымызда:
– Шыны керек, Түркістанда бізге қарағанда балыққа сұраныс жоғары. Мәселен, бізде күніне 70-80 келі өтетін болса, түркістандық сатушылар 500-600 келіге дейін балықты өткізеді. Тіпті, Шиелінің сатушылары тәулігіне 300-400 келіге дейін балық сатады. Осыдан-ақ балық өндейтін цехтардың тиімсіздігін ұғасыз, – деп жауап қатты.
Хош. Енді балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттен қандай қолдау көрсетіледі? Бұл жөнінде жауапты сала мамандарынан білген едік.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Мәселен, құнды балық (тұқы тектес және өсімдік қоректі балықтарға) түрлерін өсіруші тауарлы шаруашылықтардың балық жеміне жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Сонымен қатар, тауарлы балық өсіруші шаруашылықтарға арналған техника мен жабдық сатып алынған шығыстардың 50 пайызын мемлекет тарапынан өтеуге болады, – деді облыстық табиғи ресурстар басқарамасының бөлім басшысы Жалғас Ахметов.
Енді Жаңақорғандағы ахуалға қайта оралсақ. Басқарма басшысы ғылыми ұйымның ұсынысына сәйкес Жаңақорған ауданында 17 көл тауарлы балық өсіру шаруашылығын ұйымдастыруға қолайлы деп танылғанын айтты. Алайда, бүгінде олардың екеуінде ғана тауарлы балық өсіру шаруашылығы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Жыңғылдысай» көлін пайдаланушы «Ислам» шаруа қожалығы және «Айдархан» көлін пайдаланушы жеке кәсіпкер «Тұматаев». Оларға тауарлы балық өсіру шаруашылығы статусы берілген.
Жуырда өткен жеті көл бойынша ұйымдастырылған төрт конкурста үш көлдің жеңімпазы анықталыпты. Олар – кенттегі «Борықты» көлі, Қожакент пен «Қалғандария» көлі. Аумағы 60 гектарды құрайтын «Борықты» көлін келешекте демалыс орнын жасауды көздеп отырған Амантай Сарбасов балық бағытында сапалы өнім алуды жоспарлап отырғанын жасырмады.
– Расында, ауданда балық шаруашылығы кенде қалып отырған кәсіптің бірі. Сондықтан, қолға алуды жөн көрдім. Бір жағынан демалыс алаңын салу да жоспарда бар. Ал, балыққа келсек, африкалық лақа тұқымын өсіріп, сапалы өнім алуға ниеттімін. Себебі, бұл балықтың пайдасы көп, – деді ол.
Иә, жалпы балық өнімінің құнарлығы мен сұранысы жоғары. Жүрек – қан тамырлары, иммунитетке жақсы әсер ететін көптеген пайдалы заттардың қайнар көзі. Бір сөзбен айтқанда, балық өнімі көптеген ауруға ем. Мұны медицина саласының қызметкерлері де растап отыр. Содан болса керек-ті, Кеңестік кезеңде бейсенбі – балық тағамдары күні ретінде белгілен еді.
Орайы келгенде әлемдік тәжірибеге сүйеніп көрейік. Біз бір ғана су қоймасы бар Израильді мысалға алсақ. Жергілікті ғалымдар мен халықтың бар назары Кинера көлінің су қоймасындағы су деңгейіне аударылған. Осы себепті де Израильде балықты көбейту және өсіру үшін тұйық жүйе құрылысы ендіріліпті. Ел үкіметі тұйық жүйелі балық фермасын салу үшін қажетті барлық шығындардың 70 пайызына дейін субсидиялайды. Осындай қамқорлықтың арқасында Израиль бекіре өсіру және экспорттаушы озық елге айналды.
Түйіндей айтқанда, балықтан түсетін табыс көл-көсір, тек ұтымды ұйымдастыра білу қажет-ақ...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
07 сәуір 2018 ж. 1 649 0