№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Келбеті көркейген колледж

Келбеті көркейген колледж


Кәсіптік білім беру көшінде 60 жыл үздіксіз тәжірибесі бар Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі мерейлі мерей тойы қарсаңында жап-жаңа келбетке ие болып, білім беру үрдісінде жаңа сапаға көтерілді. Жаңарған ғимаратта жаңа технологиямен дәріс алып жатқан студенттердің қуанышында шек жоқ.


Жаңарған, жаңғырған білім ор­да­сының оқу ғимараттары мен жатақханасы көз танымастай өзгерген. Асхана, тігін цехы, кітапхана, тренажер залы, мәжіліс залы толық жабдықталып, студенттердің практикалық білім алуына жан-жақты жағдай жасалған.
– Өркениет көшіне ілесудің жалғыз жолы – адами капиталды дамытуда. Ол үшін кәсіптік және жоғары оқу орындарында теориялық біліммен қатар практикалық білімге басымдық беру маңызды. Басшылардың қолдауымен 60 жылдық тарихы бар колледж уақыт талабына сай қайта қалыптасты, – деді директор Жомарт Шәуенов.
Тарқата айтсақ, 2016 жылдан бері колледж «Дуалды оқыту тех­нологиясын» тек эсперимент ретінде қолданса, 2018 жылдан бері «Дуалды оқыту» жүйесіне көшті. Яғни бұған дейін шәкірттердің көп уақыты теориямен, лекциямен өтсе, бүгінде 60 пайыз практикаға мән беріледі. Студенттер оқу орнында білім ала жүріп, арнайы зертханаларда жұмыс істеп, білімін шыңдайды. Бүгінде 12 түрлі мамандық бойынша 20 түрлі біліктілікті меңгеруге мүмкіндік бар. Оның ішінде, әлеуметтік, ауылшаруашылығы, құрылыс, өндіріс, шағын және орта бизнес саласында сұранысқа ие мамандықтар бар.
Колледждің басты жаңалығы – оқу ғимараттары күрделі жөндеуден өтумен қатар «Жас маман» жобасы аясында 320 млн. теңгеге оқу өндірісіне қажетті технология алады. Бұл жоба облыстық білім басқармасының құзырынан құпталып, қаржысы қаралды. Осы жылдың соңына дейін таңдалған құрылғылар колледжге келеді. Құрыл­ғылар тізімінде дәнекерлеуші құрыл­ғылардың түр-түрі, автомеханика саласына арналған диагностика, көліктің желдеткішінің ақауларын анықтаушы, көлік моторларынының ақауын тез анықтаушы секілді халықаралық стандартқа сай заманауи әрі цифрлы технологиялар бар. Демек, колледждің оқу процесі алдағы уақытта мүлдем жаңа деңгейге көтеріледі.
Оның ішінде, биылғы оқу жылында жаңа технологияны меңгеру үшін 27 станокты «Тігін цехы» өндіріс үшін жұмысты бастап кетті. Яғни тігін мамандығында оқитын студенттерге оқытушылар сабақты цехта өткізіп, тігін тігу әдістерін іскерлік тұрғыда меңгертіп қана қоймай, кәсіпкерлік бағытта әр түрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдап, жұмыс істейді. Сондай-ақ 200 адамға арналған асхананың жөндеу жұмысы аяқталып, аспаз мамандығындағы студенттер бірлесе кешенді астарды дайындап, түрлі кондитерлік өнімдер шығаруда. Осы мамандыққа машықтанып жүрген Сымбат Серікбай топтың белсендісі, әрі үш тілде де еркін ойын жеткізе алатын дарын иесі.
– Өткен жылдың оқу процесімен биылғысының айырмашылығы жер мен көктей. Жаңарған асхананың аспаз­шыларға арналған бөлмесінде жиі практика жасап, өзіміз пісірген өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік ашылды. Мұндағы нан илегіш станоктар, пеш, газ плитасы, түтін сорғыш, ет пен жидек ұсақтаушы құрылғылармен жұмыс істеу өте ыңғайлы. Облыстағы ірі-ірі кәсіптік білім беретін орданың студенттермен де жиі бәсегеге түсіп, аспаздар жарысын өткізіп жүрміз, – деді студент.
Мұндай идеяға облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова да өз қолдауын танытты. Бұдан бөлек, кәсіптік тұрғыда шыңдайтын арнайы зертханалар бар. Өндірістік оқыту шеберлері студенттердің «Трактор және автомобиль», «Автомобиль тренажер», «Пісіру жұмыстары», «Станок жұмысы», «Техникалық қызмет көрсету», «Элек­тронды ақпараттандыру», «Авто­элек­трик» сынды зертханасында терең білім алуында бағыт-бағдар көрсетеді. Мәселен, колледжге тиесілі «СТО» яғни машина жөндеу орталығында студенттер кәсіби шыңдалып қана қоймай, қосымша қаражат табуға мүмкіндік алады. Бұл – ерте кезден жұмысқа араласудың, өз ісінің маманына айналудың тиімді бағыты.
Студенттердің бос уақытын тиімді мақсаттарға бағыттау үшін «ЖАТК» жайдарман командасы, күрес, волейбол үйірмесі тұрақты жүргізіледі. Өнер, спорт саласында колледж студенттері мен оқытушыларының жеткен жетістігі бір төбе.
60 жылдық даму тарихына көз жүгіртсек, алғашында №187 ауыл­шаруашылығын механикаландыру учи­ли­шесі болып құрылғанын көреміз. 1966 жылы №187 селолық кәсіптік техникалық училище, 1985 жылы №17 селолық кәсіптік училищесі, 1996 жылы №13 Кәсіптік мектебі, 2008 жылы №13 Кәсіптік лицейі, 2012 жылы Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі болып құрылды. Колледж құрылғалы 12 директор басқарды. 1961-1962 жылы Шарап Зәреров, 1962-1968 жылы Тұрсынхан Нысанбаев, 1968-1972 жылы Мұсахан Жаппаров, 1972-1977 жылы Абдімәлік Оспанов, 1977-1990 жылы Мақсұт Ибрагимов, 1990-1994 жылы Абибулла Балабиев, 1994-1999 жылдары Жаңаберген Ахатаев, 1999-2001 жылы Қалмырза Ілясов, 2001 жылы Мырзабаев Маметәлі, 2001-2005 жылы Нұрберген Тастаев, 2005-2019 жыл Мадияр Ахметов басқарса, 2019 жылдың сәуір айынан бастап Жомарт Абибуллаұлы колледж тізгінің ұстады.
Кәсіптік білім берудің қарашаң­ырағына айналған ұжымда ұлағатты ұстаздар еңбек жолын бастап, елге танылды. Солардың қатарында Нұртаза Аппазов, Жақсылық Жұрқабаев, Қадиша Нұрдинова, Патма Мамбетиярова, Анар Қалменова, Әбділахан Нұрділлаев, Күләш Бегманова, Төрежан Әбдімәліков, Рабиға Әметова, Аймағамбет Ахмет­жанов, Сара Сарқұлова, Әсемкүл Құртмамбетова, Түймеқыз Қайназарова, Нұрби Тастаева, Сейілхан Искендіров, Қосаман Шерниязұлы, Зияудин Әбіл­хайыров, Тұрсынбек Артықбаев, Қал­дыбек Беркімбаева, Әбілқасым Бакир­динов, Құрбанай Сарқұлов, Өскенбай Қабылбаев, Мұхтар Омаров, Талапбаева Алхайдар, Құрбанбай Ахметов, Әсемкүл Өмірзақова, Ұлмекен Сыздықова, Әбен Бектұрова, Салима Мүслімова, Жұпаш Мақұлбекова, Гүлжәмила Бәкілбекова, Жұлдыз Жанұзақова, Қашия Парман­құлова, Асылбек Ибрагимов, Тұрымтаева Тасбике, Ұлбазар Балтақожаева, Совет Нұрмағамбетов, Күләйша Мылхайдарова, Сейтқасым Қарабалаев және т.б ерекше атауға болады.
Мерейлі той қарсаңында өзінің қасиетті қарашаңырағына деген ыстық ықыласын білдірген Қазақстан Респуб­ликасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері Әбілқайырұлы Зияудин қажы:
– Кәсіптік білім елдің дамуында шешуші рөл атқарады. Осы салада білім беру, кәсіптік мамандарды даярлап, оны өндіріске қабілетті ету заман талабы. Алпыс жылдық мерей тойдың қарсаңында оқу ғимараттарын жаңартып, жаңа білім беруге ұмтылған ұжымдастардың ісін құптаймын. Киелі шаңыраққа айналған колледждің бүгінгі тіршілігі, сабақ беру үрдісі, студенттердің жетістігі бізге мақтаныш. Елдің көшін алға сүйрейтін талай талантты шәкірт­тер осы білім ордасынан шығатынына сенім артамын, – деді.
Мерейлі мерекеге қызу дайындалып жатқан колледж ұжымының жетістіктерін көңілге тоқып, ауданда кез-келген қонаққа ұялмай көрсететін білім ортасы бар екенін көріп қайттық.

Мақпал МАРҚАБАЙ

22 сәуір 2021 ж. 641 0