№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адами капитал – басты құндылық

Адами капитал – басты құндылық

  Аудан әкімі Руслан Рүстемов Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Сөз жоқ, колледждің кешегісі мен бүгінгінің айырмашылығы жер мен көктей. Яғни 59 жылдан кейін күрделі жөндеуден өткен білім ордасы заманға сай жаңарған, жаңғырған. Бүгінде тәлімгерлердің теориялық білімімен қатар практикалық тұрғыда біліктілігін арттыруға жан-жақты жағдай жасалған. Әсіресе, киім тігу, көлік жөндеу, дәнекерлеу, аспазшы мамандығы бойынша кәсіби маман болып қалыптасуға мүмкіндік мол. Колледж директоры Жомарт Шауенов жаңалықтарымен бөлісті...
– Қанша студент білім алады?
– Колледжде 592 студент білім алуда. Биыл 1 курсқа 265 студент түсті. Бұл колледждің бұрын-соңғы тарихындағы рекордтық көрсеткіші. Мәселен, 2 курста – 188 студент, 3 курста – 139 студент білім алады.
– Онлайн білім беру қалай жүруде?
– Онлайн білім үрдісін бақылап, студенттердің сабаққа қалай қаты­сатыны жөнінде мониторинг жүргізіп отырмын. Білім беру үрдісі тех­никалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік қызметтерді алуға арналған бірыңғай порталы College SmartNation және видеоконференцияға арналған қосымша Zoom арқылы жүргізілуде.
– Күрделі жөндеуден кейін кол­ледждің сәні мен салтанаты жа­раса түсіпті.
– Иә, облыс, аудан басшыларына зор алғыс білдіремін. Аудандағы жал­ғыз колледж заман талабына сай қайта қалыптасты. Оқу ғимараты мен шеберхана, жатахана мен жылу ғи­маратын күрделі жөндеуге 503 миллион теңге жұмсалды.
Аудан басшысы мен колледж дирек­торының диалогынан кейін атқарылған істерді көзбен көріп, бағамдадық.
Алдымен директор спорт зал мен мәжіліс залына жол бастады. Сондай-ақ жаңадан құрылған жаттығу залын (тренажерный зал) көрді. Білім үрдісінде кітапхана маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Сол себепті кәсіптік білім беретін колледждің кітап қорын назардан тыс қал­дырмады. Сосын студенттердің прак­тикалық дағдыларын шыңдайтын ті­гін шеберханасында болды.
Білім ордасының соңғы жылдары жеткен ең басты жетістігі – тігін шебер­ханасын құруы. Мұнда студенттер практикалық білім алып, кәсіби маман болып қалыптасады. Шеберханаға 20 тігін машинасы қойылған
– Соңғы үлгідегі екі тігін машинкасы бар. Бірі – кестелеп тігетін «Bernina», екіншісі – 342 тігіс түрін орындай алатын «Janome» тігін машинасы. Одан бөлек, 3 торлау машинасы бар. Жалпы 20 тігін машинасы қойылды. Карантин кезінде колледждің қызметкерлері 30 000 дана маска тікті. Алдағы уақытта өндіріс орындарының жұмысшыларына қажетті арнайы киім қабылдап, тігу жоспарда бар. Тіпті өнерпаздардың әртіс көйлектерін тігуге мүмкіндік бар, – деді Жомарт Абибуллаұлы.
– Әрине, студенттерге теориялық білім берумен қатар практикалық дағдысын шыңдау өте маңызды. Мұндай тігін шеберханасында шыңдалған сту­дент кәсіби маман болатыны анық.
Сөзге араласқан ел ағасы Алшынбай Тұртанов:
– Білім ордасының қосалқы табыс табуына мүмкіндігі мол. Бір ғана тігін шеберханасы арқылы қыруар қаржы табуға болады. Мұндағы тігін машиналардың мүмкіндігі жоғары. Соны тиімді пайдалану керек, – деді.
Одан кейін, аудан әкімі 100 орындық жатақхананы көрді. Күрделі жөндеуден өткен студенттер үйінің бөлмелеріне жаңа жиһаздар қойылыпты және асхана, кір жуатын және жуынатын бөлме жасақталған. Ең бастысы, медбике кабинеті толық жабдықталып, қажетті заттар алынды. Бүгінде колледж көгілдір отынмен жылытылады. Әкім жылу ғимаратын да көрді. 200 орындықты асхана аспазшы мамандығы бойынша білім алатын студенттердің кәсіби біліетілігін шыңдайтын шеберхана деуге болады. Асхана кондитер өнімдеріне арналған пештер мен арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталды. Әрі асханада студенттердің қол жетімді бағада тамақтануына мүмкіндік бар.
Соңғы нысан – оқу корпусындағы әдістемелік кабинет болды. Онда ав­то­мобиль көлігіне техникалық қызмет көр­сету және жөндеу, электрмен жә­не газбен дәнекерлеуші ма­ман­ды­ғы бойынша білім алатын сту­дент­тер­ге арналған зертханалар мен кабинеттердің жобасымен танысты.
– 2021 жылы «Жас маман» жобасы бойынша автомобиль көлігіне тех­никалық қызмет көрсету және жөндеу, электрмен және газбен дәнекерлеу ісі мамандығына арналған зертхана мен кабинеттер жасақтауға республикалық бюджеттен 320 миллион теңге қаралды. Жоба бойынша автокөіліктерге тех­никалық қызмет көрсету зертханасы, трактор және автомобиль зертханасы, жолда жүру қауіпсіздігі мен ережелері ка­бинеті, автоэлектрик зертханасы, пісіру жұмыстары зертханасы мен каби­неті құрылады. Онда соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар алу жоспарда бар, – деді директор.
Оның сөзінше, «Автодело» ма­ман­дығы бойынша заманауи 3Д тех­нологияларды қолдана отырып оқы­туға арналған интерактивті модуль жүйесі және 25 планшет қолжетімді болады. Жалпы көлікті жөндеу және дәнекерлеу ісіне қажетті құрылғылар – автомобильдердің бензин және дизель қоз­ғалтқыштарын диагностикалауға арналған «Bosch FSA 500» бағдар­лама­лық-аппараттық мотор-тестері, электр жабдықтарын тексеруге арналған «Banchetto PLUS INVERTER PRO» стенді, автоматты шиномонтаждау станогы, кө­ліктің доңғалағын теңдестіретін (ба­лан­сировка) «ATIS» станогі, көлік доң­ғалағының дискісін түзетуге арнал­ған «Стенддиск Zuver PO» станогі, көлікті көтеріп-түсіретін екі тіректі көтергіш «Nussbaum» құрылғысы, ак­куму­ля­тор­­ды қуаттайтын «Gys startpack» құрыл­ғысы, автомобильдердің тежегіш жүйелеріндегі тежегіш сұйық­тықты ауыс­тыруға арналған қон­дырғы және т.б маңызды станогтар іске қосылады.
Бұл – студенттердің тәжірибесін арт­­тырып, білікті маман болып қалып­тасуына әсер етеді.
– Үкімет тарапынан кәсіби білім ордаланың материалдық-техникалық ба­за­сын жаңартуға үлкен қолдау көрсетуде. Бұл қатарда біздің колледж де бар. Енді күрделі жөндеуден өткен ғимаратты күтіп ұстап, студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдайтын шеберхана мен арнайы кабинеттердегі заманауи технологияның мүмкіндігін пайдалану керек. Себебі біліммен бәсекелесетін заман келді. Экономикасы озық елдер адами капиталдың мүмкіндігін пай­далану арқылы даму жолына түсті. Біз өркениет көшінде өз үлесімізді алғымыз келсе, білімді, білікті, белсенді жастардың қалыптасуына мән беруіміз керек, – деді Руслан Рүстемұлы.
Айта кететіні, колледж студенттері қазақ, орыс, ағылшын тілінде өз мамандығының маңызын түсіндіріп, жаңарған білім ордасын мақтан етті. Студенттерден құрылған жайдар­маншылар әзілін ортаға салып, қонақ­тарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

  P.S.: 2021 жылы аграрлық-тех­никалық колледждің 60 жылдығы. Ме­рейлі дата алдында білім ордасы танымастай өзгерді. Енді облыстық, республикалық деңгейдегі спорттық, рухани-мәдени шараларды өткізуге мүм­кіндігі бар. Ең бастысы, кәсіби бі­лікті мамандар дайындауда жан-жақ­ты жағдай жасалды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
29 желтоқсан 2020 ж. 519 0