№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көктемгі қарбалас...

Көктемгі қарбалас...


Көктемнің бір күні – жылға азық. Осы қағиданы берік ұстанған дала диқандарының жұмысы қыза түсті. Көктемгі қарбаласта бірі күріштіктің орнын малалап, дән себуге дайындап жатса, енді бірі бақша дақылының дәнін жерге тастауда. Бәрі де мол өнім алуға ниетті.


Биыл Сырдария өзені суының тап­шылығына байланысты күріш кө­лемі азаяды. Бұл жөнінде семинарлар өтіп, дәнді дақылдың көлемін қысқартудың мән-маңызы қозғалып, шаруа қожалықтарға түсін­дірілді. Аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің мәліметінше, облыс әкімі бекі­ткен сызбаға сәйкес аудан бойынша 36108 гектарға дақыл орналастырылады, оның ішінде, күріш дақылын 7300 гектарға егу межеленіп отыр. Осы жылы күріш көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1046 гектарға қыс­қарады. Бұл көрсеткіш ауыспалы егіс айналымының 23 пайызын құрайды.

***
Ауданда соңғы жылдары ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық бері­ліп келеді. Биыл күздік бидай 4590 га, жаздық бидай 100 га, арпа 50 га, дәндік жүгері 550 га, тары 250 га, майлы дақылдар 2037 га, оның ішінде, мақсары 2000 га, күнбағыс 37 га, ал мал азықтық дақылдар 18181 га, оның ішінде, жаңа жоңышқа 4300 га, ескі жоңышқа 13 870 га, сүрлемдік жүгері 11 га, картоп, көкөнiс, бақша көлемі 3050 гектарды құрайды.
Бүгінгі таңға аудан бойынша күздік бидай және ескі жоңышқа дақылдарын толық тырмалау жұмыстары жүргізіліп, 3800 гектар жаңа жоңышқа (89 пайыз), 1700 гектар мақсары (85 пайыз), жаздық бидай (130 пайыз), жаздық арпаның (100 пайыз) дәні топыраққа тасталды. Ақ егіске негізделген аяқ су Келінтөбе магистралды каналы арқылы бүгінгі күнге шаруалар егістігіне бөлінуде. Негізгі дақыл 7300 гектар күріш егістігін 25 сәуірден бастап егуді жоспарлануда. Дақылдарды әртараптандыру Жайылма, Жаманбай батыр, Қаратөбе, Аққорған, Қожакент, Өзгент, Келінтөбе, М.Нәлібаев, Қыркеңсе, Жаңарық ауылдық округінде қарқынды жүргізілуде.

***
Көктемнің екінші айы да ортасына таяп қалды. Бау-бақша, шаруашылық жұмыстарына кірісетін уақыт. Сауда орындары мен базар маңында көшеттер мен түрлі тұқымдардың саудасы қызып-ақ тұр. Көктемде бау-бақшаға «жан бітіру» үшін көшет пен тұқымын сатып алу жеткіліксіз. Егілетін орнын дайындап, жақсы күтім жасамаса,мол өнім алу қиын. Бұл жайлы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаев кеңінен қозғады.
– Көктемде алдын ала дайын­далмаған жерге қанша көшет отырғызсаң да, көкөніс ексең де ол жерсінбейді, жеміс бермейді. Сол үшін көктемгі көшет отырғызатын жерді күзде түрлі тыңайтқыштар сеуіп, бір рет аударып қойған дұрыс. Ең пайдалысы, ол – көң немесе күзде ағаштардан түскен жапырақтар. Оларды өртеп жіберуге немесе сыртқа қоқыс ретінде шығарып тастауға асықпаңыз. Тиісінше, көктемде көшет немесе көкөніс еккіңіз келген орынға жиналған жапырақтардың көлеміне қарай шұңқыр қазып, сонда көміп тастау керек. Сол кезде өнімнің өсімділігі жоғары болмақ. Өйткені, шіріген жапырақтың тыңайтқыш белсенділігі сиырдың жапасымен бірдей. Екеуінің құрамындағы азот пен фосфор мөлшері тең болады, – деді ол.
Жаз жайлы болып, жерден беріп, көктен иісе, биылғы егін еккен шаруалар мол өнім алады деген үміт бар. Азық-түлік дақылдарымен қамтамасыз ету қашанда айрықша маңызға ие екендігі белгілі. Жалғыз азық-түлік қана емес, мал шаруашылығымен де мықтап айналысатын өңір үшін мал азығын ескермесе тағы болмайды. Сол үшін де шаруашылықтар жүгері, бидай, мақсары секілді мал азығы өнімдеріне ден қоймақшы. Демек, жыл санап басы өсіп келе жатқан төрт түлік мал да сапалы, құнарлы азықпен толайым қамтылады деп айтуға болар. Әрине, күні бұрын тон пішкен де қисынға келе бермес. Жер емшегін емген елде «балапанды күзде санайды» дейтін де мәтел бар. Әйтсе де жаңақорғандық диқандардың ел игілігін молайтуға деген құлшынысы құптарлық. Екінші бір қырынан алғанда, бос жатқан жер игеріліп, кәдеге асады. Егін шаруашылығымен айналысатындар ғана емес, ел де берекелі тірліктің игілігін көрмек.
Қазіргі күні көктемгі егіске қажетті қолда бар техника тегіс дайындалуда.
– Егер техника толық даяр болмаса, ойға алған істің сапалы орындалуы мүмкін емес, – дейді бас агроном. «Еңбек өнімділігі үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып техниканы жаңартуға тырысқандары жөн. Көктем жауын-шашынды болса егіс жұмыстарына үлкен көмек. Аудандағы егінге ден қойған шаруашылықтар – Жайылманың жалпақ даласында көктемгі егіске қарбалас күшейген».

Түйін. Иә, қай ауылға қарасаң да шаруалар егіннің қамына кірісіп кеткен. Таң сәріден басталған тірлік тынбастан қара кешке дейін ұзарады. Мал өрістен қайтарда гүрілдеп үйіне оралуға асыққан ауыл тұрғындарының жарасымды тіршілігі келер қыстың қамы және бұл үлкен жауапкершілік.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
21 сәуір 2021 ж. 455 0