№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әртараптандыру мәселесі: басымдық қай дақылға беріледі?

Әртараптандыру мәселесі: басымдық қай дақылға беріледі?


Жаңақорған аграрлы аудан десек, көктем келе қызу тірлік басталды. Бірақ дақылдың дәстүрлі түрлерінен суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне ауыстырып, егісті әртараптандыру маңызды. Біз осы бағыттағы жұмыстарды сараладық.


Қазір дақылдарды әртараптандыру аса маңызды іс. Үкімет осыған айрықша көңіл бөлуде. Соның салдарынан биыл зығыр, рапс, күнбағыс, жасымық, ноқат, арпа, сұлы, қант және дәндік қызылша сияқты қажетті дақылдар алаңы 1 миллион гектарға ұлғаяды.
Агросектор мамандары бұл оңды іс болғанын айтады. Себебі, ауыл­шаруашылығы сарапшыларының өзі кейінгі жылдары еліміздің дәнді-бұр­шақты және майлы дақылдар өсіруге үлкен әлеуеті бар екенін айтып жүр. Негізі дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды өндіруге тек Қазақстан емес, бүкіл дүниежүзі бет бұра бастады.
Өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдарды өсіру 28 пайызға артқан. Оның ішінде рапс – 54 пайызға өскен. Биыл 300 мың гектарға жасымық дәні себіліп, былтырғы деңгеймен салыстырғанда 2,8 есеге артық көрсеткішке қол жеткіздік. Нәтижесінде, дүниежүзі бойынша жасымық өсіруші бес ірі мемлекеттің қатарына ендік.
Біздің ауданда да егінді әрта­раптандыруға көңіл бөлуінде. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев:
– Биыл аудан бойынша 36108 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ауылшарушылығымен айналысатын 781 шаруашылық құрылымның 485-і егін егуге бейімделген, оның ішінде 200 шаруашылық күріш өсіруге маманданған. Ауданда соңғы үш жылда ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріліп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда әртараптандыру бағытында күздік бидай – 1618 гектарға, көкөніс, бақша, картоп – 64 гектарға, жүгері – 25 гектарға, жоңышқа – 500 гектарға артады, – деді сала басшысы.
Шынында, шаруақожалық басшы­лары нарықты терең зерттеп, шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлеріне басымдық беретін кез келді. Бір ғана мысал, нарықта көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ тұқымдас дақылдарға сұраныс жоғары бағаланады. Ал біздің ауданда шаруалар көкөніс өсіруге басымдық бермейді. Айталық, көршілес Өзбек елі көкөністен көл-көсір пайда тауып отыр. Қазіргі таңда Өзбекстан жыл сайын шамамен 20 миллион тонна көкөніс өнімін өткізеді. Міне, нағыз табыстың көзі осы.
Біздің елімізде де оңтайлы өзгерістер орын алып, егінді әртараптандыру қолға алынуда. Әйтсе де, соңғы уақыттары су деңгейі төмендеп келе жатқаны белгілі. Облыстағы басқа аудандарға қарағанда Жаңақорған ауданы су тапшылығын бірінші болып сезінуде. Бұл жағдай диқандарға ауыр тиюде, сондықтан шаруашылық құрылымдары суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы дақылдарға басымдық беріп, бейімделіп келеді. Бұл жөнінде ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев жіті түсіндірді.
– Күріш егілетін Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Қыркеңсе, Жаңарық ауы­л­ында егінді әртараптандыруға басымдық берілуде. Қаратау бөктерінде де инновациялық жобалар. Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пазылбек Қажы» шаруа қожалығында «Акватерра гидрогелі» жаңа технологиясы іске қосылды. 500 гектарға мақсары, 100 гектарға жаздық бидай дақылдарын орналастыруға жұмыстар жасалуда, – деді ол.
Аграном мамандардың сөзінше, ауыспалы егістің жемісі бір жылда көрінбеуі мүмкін, бірақ бұл тәсілдің әсері өте көп деседі. Бастысы дәстүрлі бірізділіктен құтылуға жұмыс жасап, жақсы нәтиже беруге көшкен жөн. Бұл ойымызды қандөздік диқаншылар да құп көріп, өзге де өнімдерді өсіру тары өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді.
– Біз әуелі тары егуден бастағанбыз. Бұл өте пайдалы өсімдік, өнімі көп. Дегенмен егінді әртараптандыру деген өте дұрыс бағыт деп есептеймін. Бұл мемлекеттің де, шаруалардың да мүддесі. Осы тұрғыда мемлекеттің көмегі жоғары бағаланады. Бұндай жаңалықты баяғыдан-ақ енгізу керек еді. Біз биыл жоңышқа егуді қолға алып жатырмыз. Онымыз дұрыс болды деп ойлаймын», - дейді диқан Нұрберген Исабеков.
Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан, аграрлық секторға қатысты мәселелерді Елбасымыз өзінің жіті бақылауына алып отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсеңсіген емес. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз.

Әсел РЗАЕВА


20 сәуір 2021 ж. 572 0