№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Желі арқылы жемтігін тапқан

Желі арқылы жемтігін тапқан


Тер төгіп тапқан тиын-тебенін еселеп көбейтемін деген дәмемен жолбикеге алданып қалу ауылдағы ағайынды да әбіржітіп отыр. Ғаламтор дамыған сайын виртуалды алаяқтық кәдімгідей белең ала бастады.
Алтынмен аптаймыз, күміспен күптейміз, бірден мол ақшаға қарық қыламыз деген жалған уәдемен адамдардың санасын жаулап, жарға жығып кету жағдайлары жиілеп кетті. Алдаудың тәсілдері сан алуан болғанымен, түпкі мақсаты аңқау адамдардан көбірек ақша жымқыру. Әсіресе, елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері тұрғындар көбіне үйде, немен шұғылданарын білмей, жылт еткенге сенгіш болып алды. Әсіресе, «Орифлейм», «Мэри Кей», «Эйвон» сынды компаниялар көпшілік арасына танылып қалды. Осы желілік маркетинг жайлы сан пікірлердің арасында жаманы да, жақсысы да бар. Бірі ұтып жатырмын десе, бірі ұтылдым деп санын ұрып қалып жүр.
Алаяқтықтың мына түріне қараңыз. Осыны ұтымды пайдаланған онлайн алаяқтар үйде отырған ағайынды алдап, қаржы жымқырудың жаңа әдісіне көшті. Қазір түрлі бағдарламаларды пайдаланудың қарапайымдылығымен қоңырау шалады немесе абоненттік нөмірлерге SMS хабарлама жібереді және компанияның байланыс операторымен бірге өткізген науқаны туралы есеп беріп, нәтижесінде сіздің абоненттік нөміріңіз жеңіп шыққанын айтады. Ұтысты кім жек көрсін, бірақаяқастынан  тап болған олжаны басқа қаладан алу керек не оның құнын пластикалық картаға ауыстыру қажет болады-мыс. Әрі қарай қылмыскер интернеттегі (мобильді) банкингті өз құрылғысына қосады. Одан әрі өз ойын жүзеге асырып, ақшаңыздан әп-сәтте айрылып қаласыз.
Желі арқылы сан алуан дәрумендер, ыдыс-аяқ жуатын тазалағыш құралдар, биологиялық белсенді қоспалар мен косметикалық заттарды желі арқылы қолжетімді бағаға сатып алғың келді делік. Алдымен осындай үлгідегі қылмыскердің арбауына түсіп қалмау үшін сауатты болуың қажет.
Үйден шықпай бірталай қызмет түрлерін пайдалана береміз. Осындайда интернет-алаяқтардың құрбаны болудан сақ болу керек. Бір жағдайды келтірейік, бір адам өзінің автокөлігін сату үшін Колеса.кз сайтына хабарландыру береді. Оған біреу хабарласып, «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр, сатып алайын деп едім, бірақ өзім Ресейдемін, сізге барғанша 2-3 күн өтеді, мен барып көлікті алып кеткенше ешкімге сатпай ұстап тұрсаңыз екен, сол үшін сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын» деп өтінеді. Көлігінің тез сатылатынына қуанған адам ештеңе ойлап жатпай бейтанысқа банк картасының нөмірін береді. Әлгі сатып алушы қайта телефон шалып: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуі тиіс. Сол хабарламадағы сандарды маған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі» дейді. Әдетте, интернет-банкингті қолданатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Өзіңізге жіберілген кодты ешкімге айтпаңыз» деп ескертеді. Бірақ көлігін сатпақ болған адам телефонына келген кодты айта салып, алаяққа қалай алданып қалғанын білмей қалды. Өйткені осы код арқылы алаяқтар оның интернет-банкингіне кіріп, есепшоты бойынша кез келген операцияны жасай береді.
Сонымен қатар, электронды поштаға келетін көлік немесе бағалы сыйлық ұтып алдыңыз деген смс-жолдамалар мен электронды хаттар таңғаларлық танымалдыққа ие болды. Әдетте, арам пиғылдылар «ұтыс» үшін электронды есепшотқа ақша аударуды талап етеді. Және ол қаржы ұтысты «салық пен кедендік бақылауға, сондай-ақ, үйге дейін жеткізу қызметіне төленеді» – деп, алданушыны марқайтып қояды. Ақша есепшотқа түскеннен кейін әлгі хабаршы ізім-қайым жоқ болады.
Айталық, жақында өткен брифингте судья Эльдар Рысқұлов аудандағы алаяқтардың көбейгенін айтып, халықты сақтыққа шақырды. Өйткені,  кент тұрғыны Р есімді азамат 2019 жылы әртүрлі сылтаулармен жәбірленуші К-ға мүгедектік құжаттарын алып беремін деп жалған айтып ақша алған және бірнеше адамнан жұмысқа орналастырып беремін деп жалған айтып қомақты сома алып, өзгелердің сенімдеріне қиянат жасау арқылы мүлікті заңсыз иемденіп, өзінің жеке бас пайдасына жаратып, бұл әрекеттерімен жәбірленушілерге мүліктік шығын келтірген. Ең сорақысы, айыпталушы  алаяқтықты бір рет емес, жеті рет қайталап, адамдарды алдап-арбап жүрген. Басты сот талқылауында сотталушы Р өзіне тағылған айыпты толық мойындаған. Алайда оның тарапынан жәбірленушілерге келген залалды ішінара өтелгені анықталды. Сотталушы соттың үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4 тармағымен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Әлбетте, бұл бір ғана мысал.
Сонымен қатар, қайырымдылыққа қаржы жинаған болып, қалтасына жымқыратын түрлі ұйымдар мен жеке адамдар көбіне жүректі елжіретер аянышты сөздерді айтып, кейіпкер ретінде бір баланы таңдап алып, оған көмек көрсетуді сұрайды. Ғаламтор беттерінде мұндай хабарландыруларды жүздеп, тіпті, мыңдап кезіктіруге болады. «Бүлдіршінге дәрі-дәрмек пен шетелде ота жасау үшін бірнеше миллион теңге қажет» деген мәтінді жиі көріп қалып жатамыз. Әрі көрсетілген реквизиттерге ақша аударсаңыздар деп жан-жүректі елжіретіп, әдемі сөздерімен қиылып-ақ тұрады. Көп адамдар қайырымдылық үшін барын беруге даяр. Алайда, емнен кейін бала денсаулығы қалай болды деп қызығу былай тұрсын, көмектің кімге көрсетілетінін қазбалап сұрамай-ақ, қолдағысын бере салады.
Қарап отырсақ, аз жұмыс істеп, көп табыс табуға шақыратындардан көз сүрінеді бүгінде. «Алған жалақыңызға көңіліңіз тола ма? Қыз-жігіттерді кеңсеге жұмысқа шақырамыз. Жасы, білімі, тәжірибесі маңызды емес. Айлығы – 200 мың теңге» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар. Сондықтан да, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тәуекелге бел буып, қолда бар ақшаны желге ұшырмауды ойлап қойыңыз.
P.S.  Ұлы Абай атамыз «ойын арзан, күлкі қымбат» дегенді тектен-текке айтпаса керек. Жалпы, баю, материалдық жағдайыңыздың жақсаруы – алдымен өзіңізді байытудан, яғни, жігер, жалқаулықтан арылу, тынбас еңбектен басталатынын естен шығармасақ екен. Кім не десе де, оңай жерде алтын жатпайтыны белгілі жайт. Ақшалы атану үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажет-ақ.
Әсел Рзаева
04 сәуір 2021 ж. 661 0