№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚ!

АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚ!


Бүгінде бөгденің мүлкін заңсыз иемденіп, алаяқтық жасайтындар азаймай отыр. Сондықтан, әр тұрғын жеке мүлкіне сақ болғаны дұрыс.
Азаматтық құқық бұзушылықтың жаңа түрлері және ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы алаяқтық қылмыс жасау белең алуда. Мұны аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ғани Тұрсекеев те жасырмады.
– Қазіргі уақытта алаяқтар төлем картасынан ақша ұрлаудың көзін тапқан. Яғни, адамның картасын бұзып, есепшотындағы қаражатты жымқыру фактілері тіркелуде. Ауданда тамыз айында осындай алаяқтық оқиғасы орын алды. Сондықтан, төлем карточкасының ДСН кодына сақ болу керек. Ешкімге құпия кодты жариялауға болмайды, – деді полиция бастығы.
Оның айтуынша, жақында аудан тұрғынының бірі «КамАз» жүк көлігін сату мақсатында «Колеса» қосымшасына жарнамалайды. Бірнеше күннен соң, оның ұялы телефонына әйел адам хабарласып, жарнамадан көрген көлікті алатынын айтып, алдын ала қаржы төлеу үшін банкомат картасының 16 цифры жазылған бетін суретке түсіріп, жіберуін сұрайды. Банкоматтың суретін алғаннан кейін, телефонына тағы бір смс кодтың келетінін, сол құпия санды айтып жіберуін өтінеді. Осы оқиғадан соң, аудан тұрғынының қалта телефонына оның есепшотынан 93 мың теңгенің шешілгені туралы хат келеді. Ол алаяққа алданғанын кеш түсінеді.
Айта кететін тағы бір оқиға, өткен жылы аудан азаматы «OLX.kz» қосымшасынан Германиядан арзандатылған көліктерді жеткізіп беру туралы біліп, 10 мың АҚШ доллары тұратын көлікті 5 мың долларға әкеліп беремін деген алаяққа алданып, оның есепшотына 5 мың долларды аударады. Нәтижесінде, тақырға отырады. Бұл – алаяққа алданған екі факті ғана. Мұндай алаяқтықтардың түрі өте көп кездеседі. Әсіресе, интернет арқылы автокөлік және т.б. тұрмыстық заттар сатып алғанда абай болған жөн.
– Азаматтық құқық бұзушылықтың жаңа түрлері және заманауи технологияларды пайдалану арқылы қылмысты жасаудың жаңа әдістері пайда болуда. Сондықтан, кез-келген тұрғын банкоматтан ақша алу барасында транзакцияны жүргізу үшін тұлғалар ұсынатын көмектен бас тартқаны жөн. ДСН кодты енгізу барысында оны әлдекімнің көріп қоймауын бақылаған дұрыс. Сауда мен сервистік кәсіпорындарда картамен жұмыс жасағанда барлық операцияға әр адамның өзі қатысуы керек, – деді ол.
Оның сөзінше, төлем картасының реквизиттерін, яғни, картаның бетіндегі 16 цифрды, қолдану мерзімін, динамикалық кодтар мен парольді ешкімге, тіпті, банк қызметкері телефон шалса да айтуға болмайды. Өйткені, банк қызметкерлері төлем картасының толық реквизитін ешқашан сұрамайды. Егер сізден біреу 16 цифрды немесе динамикалық порольді толық айтуды өтінсе, онда оның алаяқ болуы мүмкін. Сондықтан, алдағы уақытта алаяқтықтың алдын алу үшін әр тұлға өзінің құпия коды мен төлем карталарына абай болғаны абзал.

P.S.: Талайды тақырға отырғызған алаяқтардан сақ болайық, ағайын!

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
15 қыркүйек 2018 ж. 1 499 0