ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ КӨЗ ТІККЕН КӨРМЕ
2017 жылдың ең айшықты оқиғасы ол – «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің Қазақстанда өтуі. Елорда төрінде өткен әлемдік көрмені 3 ай бойы 4 миллионға жуық адам келіп тамашалаған. Көрмеге 40 елдің президенті, 9 елдің үкімет басшылары арнайы келді.
Ақиқатында, ЭКСПО секілді көрмені өткізген мемлекет бірден дамудың даңғылына түседі. Бұл бір ғана елдің әлеуетін арттырып қоймай, адамзат дамуына үлкен серпін береді. Себебі, мұндай көрмелерде ғылымдағы соңғы жаңалықтар паш етіледі. Хош. «Экспо-2017» бізге не берді? Елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Шараны өткізу арқылы, біздің ел «жасыл экономиканы» дамытуға жаңа технологияларды елге алдыртуға, зауыт-фабрикамызға инновациялық тәсілдерді көшіруге мүмкіндік алдық. Бүгінгі таңда көрмеге қойылған 150-ге жуық техника экономикаға серпін беруге пайдаланылмақ. «Экспо-2017» Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды. Оған қоса, Қазақстанда бұған дейін ақсап тұрған туризм саласына қан жүгірді. Мәселен, 3 айда Қазақстаннан және өзге өңірлерінен 4 миллионға жуық адам келген. Сондай-ақ өзге павильондарда Ұлттық ІТ-орталық, «Астана қаржы орталығы» орналасатын болады. Сәулеті мен дәулеті жарасқан «Экспо» көрмесі осылайша қазақ тарихында алтын әріппен жазылмақ.
Пікір 2