Талабы таудай Толғанай
Тоқыма – ертеден келе жатқан қолөнер түрі. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» демекші, тынбай талаптануымен тоқыма өнерін бес саусақтай меңгерген талапты жас Орынбасар Толғанайды осы қатарға жатқызуға әбден болады.
Қауіпсіздік мақсатында оқушылар мен студенттер қашықтан білім алуға көшкенде Алматыдағы Тұран университетінің студенті Толғанай Ерікқызы сабақты онлайн оқып, өнерді де меңгерді.
– Қолөнерге ерекше қызығамын. Түрлі-түсті жіптерді алдына қойып алып, саусақтары майысып әдемі бұйымдарды тоқып отыратын әжемнен көрген өнегем. Тоқыма тоқу 7-сынып оқып жүрген кезімде меніңде хоббиіме айналды. Ғаламтордан әртүрлі үлгілерді зерттеп-зерделеп, ұнаған бұйымдарымды тоқып жүрдім. Алғаш еңбегімді 2020 жылдың 14-ші желтоқсанынан бастап сатылымға шығара бастадым. Дәл сол күні «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры, «QAMQOR» әлеуметтік дүкені және «Нұрлы-шуақ» еріктілер тобының ұйымдастыруымен өткен «Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық жәрмеңкесінде бірнеше басқа тағатын сәнді орамалша саттым. Осылайша, игі істен бастау алған хоббиім қазіргі таңда қосымша табыс көзіне айналды, – дейді ол.
Қол өнер иесінің қолынан шыққан түрлі әшекей бұйымдар, кеудеше, қолғап, шұлық бүгінде сұранысқа ие. Кейіпкеріміздің жасаған дүниесінің сапасына барынша мән береді. Егер тоқыған бұйымы ойдағыдай шықпаса, ерінбей сөгіп, қайта тоқиды. Ыждағатты еңбектің нәтижесінде Толғанайдың бұйымдарына сұраныс артып келеді.
Кейіпкеріміз арнайы кәсіпкерлік нысан ашпай-ақ, өз кәсібінің нәсібін көріп отыр. Ол тіккен бұйымдарын Instagram-ға жүктеп, жарнамалауды да ұмыт қалдырмайды. Қысқасы, кейіпкеріміз қол қусырып қарап отырмай, табыс табудың жолын жетік меңгерген. Бізді қызықтырғаны, оның жаңалыққа құмарлығы, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы.
Сондай-ақ, аударма ісі мамандығын меңгеріп, ағылшын тілінен қосымша сабақ үйретіп жүр. Осы тұрғыда алғанда, ол көптеген бойжеткендерге үлгі.
Атына заты сай кейіпкеріміз өзі тоқыған бұйымның кейбірін туысқандарына сыйлап та үлгеріпті. Ең алғаш ілмекпен ақ түсті кішкентай нымша тоқығанын, онысын анасына сыйлағанын қуанышпен жеткізді. Жас шебер өзінің қолынан шыққан дүниелерге аса сақтықпен, жанашырлықпен қарағанды ұнатады.
Жас шебер болашақта осы хоббиін үлкен кәсіпке, анығы мамандығымен байланыстырғысы келеді. Анасының айтуынша, Толғанай ілмекпен түрлі бұйымдар тоқып, сату арқылы жауапкершілікке, уақытын ұтымды пайдалануға, өз еңбегін бағалауға үйреніпті.
Айтпақшы, Толғанайдың жүріс-тұрысынан кәсіпкерге тән қасиеттерді де аңғаруға болады. Ілмек тоқудың шебері алғашқы табыстарының есебін өзі жүргізетінін білдік. Кәнігі бухгалтерлер секілді кіріс пен шығысты есептеп, алдағы бұйымдарға қажетті заттардың есебін шығарып қояды екен. Тағы бір жақсы қасиеті, нақты мақсатын, жоспарларын, не істейтінін күнделікке түртіп отыратын көрінеді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізетін табанды қыздың қолынан бұл келеді. Талабыңа нұр жаусын, Толғанай!
Әсел РЗАЕВА