Жан тыныштығын әсем әннен табамын
Ол 1987 жылы Жетісай музыкалық колледжіне оқуға қабылданыпты. Сол сәттен музыкалық білімін жетілдіріп, түрлі аспаптарды меңгеріп, бойындағы қарым-қабілетін ұштайды. 1983 жылы туған жеріне келіп «Аққорған» вокальды инструментальды ансамблін құрды. Ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға катысып, жүлделі дипломдармен марапатталып жүр.
Оқушы кезінен өнер байқауларына қатысып, бағын сынап, өнерін шыңдайды. Бала күнінен ескі әндерге құмартып, домбыра тартуды ешкім үйретпесе де, табиғи дарыны арқасында меңгеріп алыпты.
Талант таңдап қонатын бақ демей ме? Жас талант алғашында ыңылдап ән айтып жүріп, өнерге қадамын жасады. Жүрегін тербеген жақсы бір әннің қайырмасын қайталап, көңілге қондырып алып, оны өз ырғағымен халыққа жеткізді. «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» демейді ме?! Бекқожаның жүрегінен төгіле шыққан әуезді ән көпшілікті тәнті ете бастады. Сол кездегі ретро әндерді, халық әндерін ерекше жақсы көріп, ыстық ықыласпен орындады. Ән қоржынында осындай әндермен қоса жергілікті композиторлардың шығармалары көп-ақ. Оның жанына патриоттық әндер мен классикалық әндер жақын.
Оның әрбір орындауынан халық риясыз рухани күш алып, көңілдері бір көтеріліп қалады.Иә, халық әндерінің шоқтығы биік. Сыздаған жүрекке сабыр сыйлап, жандүниені жандандыратын тылсым қасиеті де бар. Мұны заманауи әндерді тыңдай қалғанда мәнін терең сезінесің. Кредиттен шаршаған халықты одан сайын шаршатып, даңғұр-дұңғыр ән айтудың мәні жоқ. Ән адам жанын емдер болса, бұған тек халық әндері дәлел. Мұны біздің кейіпкеріміз де растайды.
Мәдениет майталманының ізін жалғар шәкірттері Бауыржан Құрманбаев, Нұрболат Әбдірасилов, Шәкір Қожанов, Шара Нұртаевалардың бүгінде аудан және облыс көлеміндегі ұйымдастырылып жатқан шараларда жетістігі бір төбе. Мұндайда халқымыздың «Ұстаздан шәкірт озбаса, ұстаз тұл» деген сөзі ойға оралады. Әлі күнге дейін алдына келген оқушылардың қарым-қабілетін шыңдауға, әр-түрлі аспапты меңгеруге талмай еңбектеніп, зор жетістіктерге жетіп келеді.
Әнді жанына серік еткен өнер иесінің жетістіктері де аз емес. Мәдениет саласындағы ұзақ жылдық еңбегі үшін аудан, облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталыпты. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Өнердің қасиетін жүрегімен сезінетін кейіпкеріміз өзіне өнердің атадан дарығанын айтады. Бекқожа Атақожаев пен жары Бақыт Тасқожаева кіндігінен тараған 4 ұл, 2 қызға тәлімді тәрбие сіңіріп, өмірден өз орнын табуда бағыт-бағдар беріп келеді. Олар ауылдастарының жиын-тойына ортақтасып, әннен шашу шашып, думандатып жүреді.
Міне, өнер айдынына қонып, қайнаған өмірдің ортасында өзіндік қолтаңбасымен, еңбегімен ерек болып жүрген Атақожаевтардың аудан мәдениетіндегі өрнегі осындай.
Айдана АСАНОВА