№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Математик мұғалімнің мәртебесі биік

Математик мұғалімнің мәртебесі биік


Математика – ғылымдардың патшасы. Сондықтан болар бұл мамандықты екінің бірі меңгеріп кете алмайды. Ортада жүрген жүз адамның бірлі жарымы ғана таңдайтын күрделі сала. Күрделі мамандықты игеріп, Сәуле Сүлейменова кенттегі №3 мектеп-интернатында 36 жылдан бері мазмұнды білім беруде. Бір ерекшелігі, сабақ беруді түрлі ойындар арқылы өткізіп, оқушылардың ойлау қабілетін арттырып, жеңіл жолдармен түсіндіреді екен. Саналы өмірін ұстаздыққа арнаған Сәуле Әбілтайқызы жайлы мектеп басшысы Ләззат Мәшбекқызы «Еңбек жолында жұмысын жүйеге қойып, бірлесе жұмыс жасаудың үлгісін көрсетіп жүрген білікті мұғалімдердің қатарында Сәуле Әбілтайқызы да бар. Парасатты, білімді, сондай-ақ ардақты жан» деп дәріптеді.


«Ел болашағының жарқын болмағы білімді ұрпақтан десек, бұл жолда балалардың жан-дүниесін жан тәнімен сезіне отырып, мазмұнды білім беруде ұстаздардың үлкен үлесі бар. Әрбір шәкірттің жан-дүниесіне үңіліп, жылт еткен шырақты көрсе, оны ары қарай лаулатуға тырысады» деді.
Иә, бастауышпен қоштасып, күрделі есептер енген бесінші сыныпқа қадам басқан әрбір балаға дұрыс бағдар беру тікелей мұғалімге байланысты. Көбейту формуласы, квадрат теңдеуді шешу сынды есептерді жақсы меңгерген оқушының математиканы алып кетері анық.
Осы орайда, Сәуле Әбілтайқызының жаңалықты жатсынбай қабылдайтынын ерекше айта кеткен жөн. Компью­терлендірілген қоғамда жаңа техно­логияны жастармен жарыса меңгеріп, қыр-сырын түсінуге тырысуда. Шынайы бақытын еңбектен тапқан ол білім беру ісіне бүкіл ғұмырын арнаған. Ол өзі жайлы «Гоголь атындағы, қазіргі Қорқыт ата университетінің физика математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітірдім. Сол 1984 жылдың қыркүйек айынан осы мектептен табан аудармай қызмет етудемін. Кейінгі кезде елімізде жаратылыстану ғылымдарының ішіндегі ең тез дамып келе жатқаны математика екені рас. Сайын далада көшпелі ғұмыр кешкен біздің ата-бабаларымыз үшін де математика ғылымы жат болмаған. Ал қазіргі жастардың бұл саланы меңгеріп жатқаны қуантады. Ақпараттық технология дамыған мына заманда баланы қызықтыра алу да үлкен еңбек. Бұл жолда мектептегі жас мамандар Гүлзия Мәденова, Мадияр Әбенұлының еңбектері ерен. Білімпаз жастарға үйретуді жолға қойған мықты мамандар» деді. Иә, расымен мектеп жас мамандармен толыға бастапты. Білім ордасына келген 5-6 жылда тәжірибе алмасып, білмегенін сұрап, білгенімен бөлісіп жүрген математик мамандарға балаларын тапсырып жүрген ата-аналар болашақтарынан зор үмітті.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да дәл солай құрметтеуіміз керек» деген. Ұрпағын ұлықтап, баласын мәпелеген қазақтай текті ұлттың ұландарына білім беріп отырған Сәуле Әбілтайқызының егеменді ел ұландарына берер білімі биіктей бермек.

Әйгерім МӘДИҚЫЗЫ
17 ақпан 2021 ж. 396 0