№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ

АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ

Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, шәкіртінің бойына тәлімді тәрбие, саналы білім сіңіре білген ұстаздың мерейі қашанда биік. Олардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, парасат-пайымы үлгі-өнеге. Сондықтан ардагер ұстаздардың алдын кесіп, сөзін бөлмейміз. Осындай ізеттілікті аудан әкімі Сұлтан Мақашов танытты. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ХХ ғасырдың 70-90 жылдары бала оқытқан ардагер мұғалімдерді қабылдап, құрмет көрсетті. Жылы лебізін білдіріп, мерекелік тартуын табыс етті.
Ел тарихының қай кезеңінде болмасын, батыр аналар ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық пен тыныштықтың, өрлеу мен өркендеудің басынан табылды. Бүгінде, осы жолда еңбек етіп жатқан аналарымыз жетерлік. Қоғамда нәзік жандылар сан түрлі саланың қыр-сырын меңгерген. Әсіресе, ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Олар – мектептің жүрегі. Жастардың білімді де білікті, парасатты азамат болып қалыптасуында мұғалімдер қауымының еңбегі зор, – деді аудан басшысы.
Иә, елдегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы бола білген аналарды құрмет биігіне шығару ұлағатты іс, тағылымды ғибрат. Аудандық білім бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп қана қоймай, аудан мәдениетінің өркендеуінде өзіндік із қалдырған Жақсыгүл Бегманова мен №163 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Роза Ардабаева алдымен марапат биігінен көрінді.
– ХХІ ғасыр білімнің алтын дәуірі деген ұғым бар. Рас, қазір білім бәсекесіне ілесе білген ел ғана озық болуға ұмтыла алады. Сондықтан ұстаздарға артылар жүк өте ауыр. Осы саланы абыроймен алып жүрген мұғалімдерге дұрыс жол көрсетіп, тәлім бергенімізді мақтан тұтамыз. Осындай еңбекті елеп, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлына рахмет дейміз, жастарға тек қызметтерінде абырой биігінен көрінуді тілеймін, – деді Роза апай.
Олар білім берген, өсірген шәкірттер бүгінде сан саланың тізгінін ұстап, ел үшін еңбек етіп келеді. Құрметке бөленген ұстаздардың қатарында №169 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған Людмила Назарова, №3 мектеп-интернаттың тәрбиешісі Мария Айдарбекқызы, №224 білім ордасында биология пәнінің педагогы қызметін атқарған Райхан Искакова да бар. Сондай-ақ №239 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Зөрегүл Сапабекқызы, №163 мектептің бастауыш сынып педагогы Роза Ильясова, №3 мектеп-интернаттың тәрбиешісі Орынша Таңбайқызы, №195 білім ошағының қазақ тілі мен әдебиеті ұстазы Айман Үржігітова және №208 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болған Бибіауаш Оспанова да құттықтау хатын алды.
Ардақты ардагерлер білім саласының қызметкерлері мен құрмет көрсетіп жатқан әкімдік ұжымына табыс тіледі. Ұстаз жүгі – ауыр жүк екенін тілге тиек еткен ауданның бас ұстазы Болат Мақсұтұлы зейнеттегі ұстаздарға ыстық ықыласын білдіріп, мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.


07 наурыз 2020 ж. 2 277 0