№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МАТЕМАТИКТІҢ МҰРАТЫ

МАТЕМАТИКТІҢ МҰРАТЫ


Білім жолы қашан да бәсекеге бастайды. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана жетістікке жете алады. Міне, осындай ұлағатты ұстаздың бірі – Сәуле Сүлейменова. Мамандығына жан-тәнімен беріліп, жүрек жылылығын, адамгершілік ұлылығын шәкірттеріне дарыта білген парасатты педагог кенттегі №3 мектеп-интернатта жоғары санатты математика пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды.
Еңбек жолында осы іргелі білім ордасында тәрбиеші, аға тәрбиеші, психолог, директордың кәсіби бағдар беру жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарып, бүгінде ізінен ерген жастарға 34 жылдық тәжірибесін бөлісуден аянған емес. Орта буынды оқушыларға дәріс беретін Сәуле Сүлейменованың шәкірттердің ойлау қабілетін арттыратын тың тәсілімен таныстық. Ойша есептеудің оңай жолын үйрететін ұстаздың сабағында 32 оқушы түгелдей қамтылып, қырық бес минуттың қалай өткенін білмей қалады. Себебі, Сәуле Сүлейменова жаһан жұрты жаппай меңгеріп жатқан ментальды арифметиканың бірнеше элементтерін пайдаланады.
– Осыдан алты жыл бұрын интернетті игілігіме икемдеп, ментальды арифметиканың қыр-сырына қаныға бастадым. Содан уақыт өте, саусақпен санаудың бірнеше элементін тәжірибе жүзінде қолданып көрдім. Нәтижесі жақсы. Әрі бала жан-жақтылыққа, жылдам есеп шығарудан бөлек, тез ойлануға және нақты шешім қабылдауға бейімделеді. Ең бастысы, мидың дамуына, ойдың ұшқыр болуына жол ашады. Сондықтанда өзімде осындай жаңашыл әдістер мен ізденімпаздыққа көңілім ауып тұрады, – дейді Сәуле Сүлейменова.
Иә, мәртебелі мұғалім оқушылардан бөлек, жылына 3-4 мәрте жас математик ұстаздарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Қашанда коучинг пен семинар-тренингтерге қатысып, тың тәсілін әріптестеріне үйретеді. Әрі өзі де заман ағымына ілесіп, білім, біліктілігін жетілдіруді ұмытпады. Республикалық деңгейлік оқыту курсынан қалмай, заманауи әдістемелерді меңгеріп, қажетіне жаратады. Қолы қалт еткенде компьютерге отырып, интернет арқылы ғылыми сайыстарға да сабағын жібереді. Тіпті, халықаралық сайттарға кіріп, өткізген дәрістерімен тәжірибе алмасады. Осындай ізденімпаздық қабілеті – оқушылардың озат ойлы һәм есепке жүйрік болып қалыптасуына даңғыл жол ашты. «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» деп дана Абай айтпақшы, Сәуле Сүлейменова ментальді арифметикадан негізін қалаған шәкірттер биік шыңдарды бағындыруда. Әліппесін Сәуле апайынан үйренген оқушылар кейіннен ментальды арифметикаға деген қызығушылығы артып, арнайы курстарға жазылған жетерлік. Жақында ғана, өзі баптаған Іңкәр Жарқынбек есімді шәкірті халықаралық байқауда топ жарып, ұстаз мерейін асқақтатты. Яғни, ол UCMAS ментальды арифметика халықаралық бағдарламасы бойынша VI-республикалық жарысының Visual Cometition сайысында Basiс деңгейі бойынша қола жүлдені қанжығасына байлады. Тағы бір шәкірті «Заманауи білім – өмір талабы» атты республикалық интеллектуалды біріншілікте екі оқушысы бірінші, бір оқушысы екінші орын иеленді. Әрине, одан бөлек интелектуалды байқауларда бір жылда сегіз бірдей жүлделі орын иегерін дайындаған Сәуле Сүлейменова шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық олимпиададан жүлдесіз қайтқан емес. Бұлда болса, ұстаз еңбегінің ерен жемісі.
3-мектеп-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Әлібекова: « Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұлағатты ұстаз отыз жылдық еңбек жолында шәкірттерінің сапалы білім алып, зиятркерлік қырының ашылуы мол мүмкіндік туғызды. Әлі де болса, біз Сәуле Сүлейменованың тың әдістемелік жұмыстарын ізінен ерген жас мұғалімдерге үйрету мақсатында тұрақты түрде семинар ұйымдастырып тұрамыз. Өйткені, бүгінгідей бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін – ойы жүйрік, тез шешім қабылдайтын алғыр шәкірттерді дайындауда математика пәнінің орны бөлек. Оған қоса, әлем елдері қолданысындағы ментальды арифметиканың негіздерін үйрету арқылы зейінін арттыруда », – дейді.
Әрине, елге еткен еңбек еленіп, марапат биігінен көрінген кезі аз емес. Олардың ішінде шоқтығы биік; ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасы, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінен «Ел мақтанышы» дипломы, және облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің «Алғыс хаттары» мен «Құрмет» граматасы бар.
Тақырыпты Сәуле Сүлейменованың өмірлік ұстанымымен түйіндесек. «Сен, мақтан ба. Ел сені мақтасын». Бұл әкенің қызына деген өнегелі өсиеті. Ұрпақ сабақтастығын жалғаған мұғалімнің мәртебесі қашанда биік.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ.
19 мамыр 2018 ж. 966 0