№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құрама жем Жайылмада өндіріледі

Құрама жем Жайылмада өндіріледі


Төрт түлікке де дем беріп, қыстық азығын қомдауға кіріскен ауылдағы ағайын енді құрама жем іздеп сабылмайды. Кәсіпкер Мұхтар Оспанов жем шығаратын шағын цехын іске қосты. Бірнеше жыл тәжірибеден өткізген кәсіпорынның ауқымын кеңейтіп, қайта қызметке қосты.


– Шыны керек, күнкөрісіміз ауыл шаруашылығы саласы. Егін шаруасы тек маусымдық қызмет болғаннан соң, мал шаруасын ширата түсуді жөн көрдік. Тәжірибе ретінде осыған дейін де бұл жұмысты қолға алғанмын. Қарап отырсам, біріншіден өз қожалығыма тиімді, жемнен қысылмаймын, екіншіден бұл – табыстың көзі, үшіншіден ауылдастардың арзан бағада, әрі сапалы құрамда жем алуына жағдай жасау болды. Сондықтан осы цех жұмысын жүзеге асырдық, – деді «Сенім» шаруа қожалығының төрағасы.
Шаруашылық 2003 жылы құрылып, содан бері жұмыс жасап келеді. Негізгі бағыты – бақша дақылдарын егумен айналысу. Қарбыздан бөлек биыл басымдықты жүгері дақылына бағыттаған. Өйткені құнарлы жемнің 70 проценті жүгеріден тұрады, қалғаны арпа, бидай және дәрумендер қолданылады.
– Биыл өнім қалай болды?
– Жылдағыдай, барға қанағат етеміз. Биыл 162 гектарға дән тастағанбыз, басымдықты мал азығына бұрдық. Жоңышқадан бөлек, құрама жемнің құнарлығын арттыратын жүгеріден көбірек дән алуға тырыстық.
– Егер жұмыс бір жүйеге түссе, жыл он екі ай тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар ма? Қаржысын ақтайды ма?
– Әрине ақтайды, өйткені мал азығына сұраныс өте жоғары, Жаңақорған мен Шиелі шаруаларымен тығыз байланыстамыз. Әзірге үйден тиеп кетеді, алдағы уақытта нарыққа шығаратын боламыз. Техника мен цехтың құрылысына 3-4 млн қаржы жұмсалды. Әзірге 3 қызметкер тұрақты қызметте болса, қалған жеті тұрғын маусымдық жұмысқа тартылған. Бұйыртса, өнім көлемін ұлғайтып жатсақ, онда қосымша жұмысшы қажет болады. Бұл маусымдық жұмыс емес, қысы-жазы цех жұмысын жасай береді. Оған шикізат жеткілікті.
Әкім мен кәсіпкер арасындағы диалогтан кейін жаңа техника іске кірісті. Ауыл ақсақалдары жемнің сапасына бағасын беріп, ризалығын білдірді.
– Ауыл халқы еңбекке төселген, әсіресе егін шаруасы, оның ішінде бақша дақылдарының қыр-сырын жетік меңгерген. Енді өнім өңдеу ісін қолға алуға көштік. Мәкең де істің адамы, оның құрама жем өндіретін цехы өте тиімді жоба. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, жайылмалықтар жаңа жұмыстың ашылғанына дән риза. Келешекте сұранысы артып жатса, онда өнім көлемін арттыру жоспары бар. Барлығы уақыттың еншісінде, сондықтан жұмысты жүйелей түсу керек, – деді ауыл әкімі Талғат Зейдалиев.
Гектарына 17 тоннаға дейін өнім беретін жүгерінің сұрпы малға таптырмас азық екеніне шаруа сенімді. Осындай ілкімді істің басында жүрген Мұхтар аға биыл жоба аясында 2 млн теңгенің грантын жеңіп алған.
– Шыны керек, баға базар нарығынан арзан, базардағы баға – 150 теңге болса, біз – 100 теңгеден беруге дайынбыз. Өйткені шикізат, жер мен аяқ су барлығы өзімізден. Бірақ бір өзекті мәселе бар, ол су тапшылығы. Су берілмейді емес, беріледі, бірақ дақылдар кемеліне келіп қалған шақта судан тарығып қалатынымыз бар. Сондықтан екі скважина қазып берсе деген тілегім бар. Жерім құнарлы, әрі цехтан алыс емес. Осы мәселе ертерек шешілсе, келер жылы қарқынды жұмыс болатыны анық, – деді Мұхтар Оспанов.
Жалпы Жайылмадағы тіршілік осындай игі бастамалармен өлшенеді. Түсінгеніміз, тірлік етемін деген жанға сәл демеу болса болғаны, қалғаны өз қолында. Мұхтар ағамыздың кәсібіне табыс тілеп, негізгі бағытымызға көш түзедік.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
14 қараша 2020 ж. 917 0