Соңғы жаңалықтар

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өзгеріс өлшемі – өнімділікте

Өзгеріс өлшемі – өнімділікте


Материалдық өндірістің маңызды түрінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ол халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың түрлерімен қамтамасыз етуімен ерекшеленеді. Әсіресе, қара жерден ризық терген шаруалардың еңбегі еселенетін уақыт келіп жетті. Ауданда шаруалар егінге орақ салып, жер емген диқандар егін жинау науқанын бастап кетті.
Биыл аудан бойынша 606 гектарға картоп, 684 гектарға көкөніс, 1720 гектарға бақша, 528 гектарға тары, 878 гектарға дәндік жүгері, 91 гектарға сүрлемдік жүгері, 21 гектарға күнбағыс, 3961 гектар жерге мақсары дәні себілген екен. Бүгінде осы егіннің 80 пайызына орақ салынып, дақылдар жиналған.
– Егістік алқаптарына негізінен бақша дақылдары мен дәндік жүгері және мақсары егілген. Жиырмасыншы қыркүйекке дейінгі жиналған өнімнің түсіміне қарағанда жасалған болжам бойынша нәтиже жаман емес. Шаруалар осыған дейін біршама өнімді жинап үлгерді. Қазір барлық егін алқаптарында егін жинау науқаны жаппай жүріп жатыр. Ең бастысы – биылғы жиын-терін науқаны мерзімінен кешікпей басталды. Ендігі міндет жиналған өнімді игілікке жарату, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Серік Сейдуалиев.
Оның мәліметінше, алынған өнім өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейген. Мәселен, былтыр картоп 426 га егіліп, 4305 тонна өнім берсе, биыл 606 гектарға егіліп 5201 тонна өнім жиналып отыр. Ал, көкөніс өткен жылы 11884 тонна өндірілсе, биыл 12100 тонна өнім алынып отыр. Сонымен қоса, бақша былтырғы жылы 1677 га егіліп, 31825 тонна өнім берсе, биылғы жылы 1720 га егіліп, 38000 тонна өнімділік беріп отыр. Тары, дәндік жүгері, сүрлемдік жүгері, мақсары өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Ал, былтырғы жылы күнбағыс мүлдем себілмеген болса, биыл 21 гектарға егіліп, 25 центнерден 40 тонна өнім беріп отыр.
Жалпы, алынған өнімнің бақша дақылынан басқасы ауданның ішкі нарығын қамтамасыз етеді. Картоп пен көкөніс аудандағы және облыстағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жөнелтіліп, тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз етеді.
– Биыл, картоп, бақша, күріш және жоңышқа ектік. Бақшадан 300 центнерден қарбыз алдым. Бақша өнімімен ауыл тұрғындарын қамтамасыз еттік. Өйткені, дәріленбеген өнім алыс жолға жарамайды екен. Ал, картопты 10 гектарға ектік. Қазан айында картопты жинауды бастаймыз. 120 центнерден әр гектардан 15-16 тонна өнім аламыз деп күтілуде. Алынған картопты, аудан орталығына, Қожакент пен Түгіскен ауылдарына сатамыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Қарақат» шаруа қожалығының төрағасы Сарыбай Серікбаев.
Жалпы, алынған өнімнің барлығы игілікке жұмсалатыны белгілі. Мәселен, Қаратөбе, Қандөз ауылдары әрқайсысы 170 гектардан тары еккен. Олар алынған өнімді сөк, талқан күйінде Түркістан, Шымкент, Алматы облысына өткізеді. Ал, мақсары еккен «Ислам» шару қожалығының өнімін Шымкент облысындағы май шығаратын зауыт алдын ала қаржысын төлеп, сатып алған. Аталмыш қожалық биыл 1000 тоннаға жуық мақсары өнімін өткізген. Сонымен қоса, Жайылмадағы «Сенім» шаруа қожалығы мен кейдендік жеке кәсіпкер құрама жем зауытын ашқан. Онда жүгері түрлерінен мал азығы өндіріледі. Бұл өнімге де ауданмен қоса өзге өңірлерден де сұраныс жоғары.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
29 қыркүйек 2018 ж. 1 535 0