№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «Құрама жем өнеркәсібі – табыс көзі»

«Құрама жем өнеркәсібі – табыс көзі»

Жаңақорған аграрлы аудан. Оның таудағы, құмдағы және өзен бойындағы жайылымдық жерлері мен егіндік алқаптары мал және егін шаруашылығын қатар дамытуға мол мүмкіндік береді. Әсіресе соңғы жылдары төрт түліктің саны артты. Тіпті Сыр өңірі түлігінің үштен бірі біздің ауданда. Енді малға қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету маңызды. Бұл мал шаруашылығы саласынан нәсібесін ажыратып отырғандарға сеп болады. Осындай игі істі жайылмалық Мұхтар Оспанов бастады. 
Аудан халқы мал өсіру жағынан облыста үздік. Дегенмен түйіткілді мәселелер әлі де бар. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі ақсап тұр. Елімізде құрама жем өндіретін 46 кәсіпорын болса, ол тұтыну сұранысының 26 пайызын ғана қамтып отыр. Демек бұл салада бәсеке аз, сұраныс көп деген сөз. Осыны ескерген жайылмалық Мұхтар Оспанов ауданда құрама жем шығаруды қолға алмақшы. 
Соңғы 20-25 жылда малына құ­ра­­мында бай компоненттері бар (ком­бикорм) азық беретіндердің қатары сиреп барады. Ал, төрт түлік пен құсқа берілетін жемнің құрамында жүгері,  сұлы, трикальцийфосфат, тұз, бор,  сүйек ұны, әктағы да басқа витаминдер мен микроэлементтер көп болса мал қоңды болады әрі төлі ірі болып өседі. Бордақылауға қойған мал тез семіреді.
– Құрама жемге деген сұраныс көп. Мемлекет басшысы Жолдауында агро­өнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру керектігін қадап айтып жүр. Мұның жемшөп өндірісі кешеніне де қатысы бар. Десе де, еліміздегі құрама жем өнеркәсібі қанатын кеңге жая алмауда. Бар гәп шығарылған өнімге сұраныстың аздығына, тұрақты өткізу нарығының жоқтығына келіп тіреледі. Осынау табысынан гөрі тәуекелі басымдау кәсіппен айналысуға ден қойдым. Бізде мал саны басқа аймақтарға қарағанда едәуір көп. Сондықтан да болар, әлден сұраушылар көп. Мал асырап отырған шаруа қожалықтар құрама жемнің пайдасын білсе, қысымен жұмысымыз тоқтамасы анық, – деді кәсіпкер.
Ал «Ақтас» шаруа қожалығының төрағасы М.Нұртазаұлы:
– Құрама жем – малға таптырмас азық. Әсіресе мал өсіруші қожалықтар оны сырттан тасымалдайтынбыз. Әсіресе солтүстік облыстардан алдыру едәуір қиындықтар тудырып жататын. Енді Жайылма ауылынан шығатын жемді жеткізу жағы да тиімді болатын болды, – деді.
Құрама жем өнеркәсібін өркендету 2017-2021 жылдарға арналған агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың мемле­кеттік тұжырымдамасының жоба­сында да көрініс тауып отыр. Ендігі жерде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы тұр. Егіс алқаптарының құнарлылығын жақсарту мақсатында жүгері егу қолға алынды.
«Сенім» шаруа қожалығы биыл 35 гектар жерге жүгері егуді қолға алған екен. Карантин режиміне байланысты егін егу мен жинау уақыты кешеуілдеп жатқанға ұқсайды. Дегенмен жауын-жауынмен жағаласпай жинап алудың реті келіп тұр. Гектарына 17 тоннаға дейін өнім беретін жүгерінің сұрпы малға таптырмас азық екеніне сенімді. Осындай ілкімді істің басында жүрген Мұхтар аға биыл жоба аясында 2 млн теңгенің грантын жеңіп алған. Алда құрама жемге қажетті аппаратты алып, тірлігін түлетпекші. Біз де, ықыласты тірлігіне ырыс тіледік.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
18 қазан 2020 ж. 750 0