№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Нарық ептіге бағынады

Нарық ептіге бағынады


Жаңақорған шағын және орта бизнестің даму жолын тапқан бірден-бір аудан. Биыл елдегі төтенше жағдай мен карантиндік шектеулерге қарамастан кәсіпкерлік саласы серпін алып, жаңа жұмыс орындары ашыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, 2020 жылы кәсіпкерлік бағытында атқарылатын жұмыстар аз емес. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев брифинг барысында нақтылай түсті.


Ауданда 2020 жылдың 1 қазанында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілер саны – 5216 болса, соның ішінде белсенді субьектілер саны 4978 бірлікті құрады. Яғни жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі 95,4 процент болып отыр.
– Биыл барлық қаржы көздерінен – 748 жобаға 1 млрд 411,4 млн теңге қаржы алынды. Әрине аз ақша емес, оны игеруде де жауапкершілік керек. «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры арқылы құны – 368,2 млн теңге болатын 104 жоба несиемен қаржыландырылды. «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы құны 35 млн теңге болатын 9 жоба несие алды. «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 589 жоба 324,7 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік грант жеңіп алды. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 59 млн болатын 4 жоба несиемен қамтылды, – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 4 миллион теңгені құрайтын 2 жоба грант жеңіп алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы екінші деңгейлі банктер және «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы құны 279,1 млн теңгені құрайтын 16 жобаға ет өнімдерін өндіру саласы бойынша несие алды. Қамқоршы несипе серіктестігі арқылы барлығы 21 жобаға 320,4 млн теңге несие берілді. Өзге де қаржы ұйымдары арқылы 3 жобаға 21 млн теңге несие қаралған.
– Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыс­тар, жеткен жетістіктер өте көп. Осыған орай «жаппай кәсіпкелікті дамыту» аясында іске асырылатын жаңа жобаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту, салықтық базаны көбейту және басқа да кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру межесі тұр. Ең бастысы, халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау басты бағытымыз, – деді Қаржыбек Бүркітбаев.
Осы ретте, ауылдық округтердің белсенділігіне тоқтала кетсек. Әрине кәсіпкерліктің саны ауыл тұрғындарының көптігімен өлшенеді. Алдыңғы қатарда Қожакент ауылы тұр, кәсіпкерлер саны 256-ға жеткен. Одан кейін, Аққорған, Ақүйік, Келінтөбе, Бесарық, Төменарық пен Сүттіқұдық орналасқан. Ал белсенді жұмыс жасап тұрған елді мекендер көшінде М.Нәлібаев, Қожамберді және Екпіндіні атауға болады. Олардың үлес көрсеткіші 97 проценттен кем емес.
Енді аз-кем кәсіпкерлік саланы жік-жікке бөліп талдап көрейік. Алдымен өндіріс саласына тоқталайық. Жыл басынан бері іске асырылған және асырылатын жобалардан бастайық. «Мелиоратор» ЖШС-нің Гиперпрессиялау әдісімен бұйымдарды өндіру зауытының жобасы жұмысын бастады. Жобаның жалпы құны – 280 млн теңге. Сондай-ақ, аталмыш мекеме биыл темір бетонды құбыр бұйымдарын шығаратын зауытты іске қосты. Құны 435 млн теңгені құрайды. ДК «Кенжебеков Н» бетон өнімдерін шығару жобасы (БСУ) ағымдағы жылы ішінара іске асырылды. Жоба құны 30 млн.теңге. Қазіргі таңда техникалық құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Енді алдағы жылдың ауқымды жобаларына кезек берсек. «Қуат керамзит» ЖШС-нің керамзит құрылыс материалдарынан кірпіш және блок шығару жобасы. Керамзиттен жасалған құрылыс бұйымдарының артықшылығы олардың салмағының жеңілдігінде және ыстық, суықты өткізбейтіндігінде. Жылдық қуаты 3 млн дана блок шығарады. Ашылатын жұмыс орны 20 адам. Жобаның жалпы құны – 130 млн теңге. Жоба лентасы келер жылы қиылады.
– Өңірлік индустриялық картаға енген «Премиум Класс-Строй» ЖШС әк шығару жобасының инфрақұрылымы басталды. Ірі жобаның құны – 1 млрд 300 млн теңгені құрайды. Ауданда сүт өнімдерін өндіретін қос жоба бар, бірі – «Заңғар» ДК, қуаттылығы күніне 300 литр өндіреті цех 7 түрлі сүт өнімін шығаруға қауқарлы. Ал тек сүт бағытында ғана емес, ет өнімін өндіретін «Бақытжан» шаруа қожалығы да келер жылы толық іске қосылады. Ет бағытында «Барыс-Агро» және «Бекарыс Агрофуд» ЖШС шағын зауытын іске қоспақшы. Жалпы 2021 жылдың ірі жобаларының жүйесі осылай, тағы да бизнес ұсынымдар болса біз қолдауға дайынбыз, – деді Қ.Бүркітбаев.
Иә, аудандағы орта кәсіпкерліктің өрісі енді кеңейіп келеді. Ал шағын кәсіп саласына дем бергендердің көбі жастар. Биылға дейін бизнеске бет бұрғандардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына бейімделетін еді. Енді өзге де кәсіп түрлері қолданысқа енгізіле бастады. Әсіресе сұранысы көп, заман талабына сай, бәсекеге қабылетті кәсіптердің көптігі қуантады. Өйткені бәсеке бар жерде баға қолжетімді болады, екіншіден сапа да артады. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырайық. Бөлім берген мәліметтердің реттілігі осылай, бұл 10 айдың қорытындысы, келер жылға жаңа идеялар жүзеге асып жатса құба-құп.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

07 қараша 2020 ж. 487 0