ҚУАТТЫ БИЗНЕС – ЭКОНОМИКА ТІРЕГІ
2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несиелер беруге республикалық бюджеттен елді мекендерге – 3 210,9 млн. теңге, Қызылорда қаласына – 299,5 млн. теңге қаржы қаралды. Одан бөлек, облыстық бюджеттен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымының» ЖШС 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 105 жоба несиелендіру үшін мақұлданды. Осы шағын несиелерді кәсіпкерлерге үйлестіруде жобалардың басым бөлігі осы Жаңақорған ауданымен ұсынылған екен.
– Тұрақты бизнесті екінші деңгейлі банктермен несиелендіруде «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылға 1 млрд. теңге қаржы қаралды. Қазір облыс бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы құны 978 млн. теңгені құрайтын 28 жобасы бағдарлама аясында субсидиялауы мақұлданды. Ал, кепілдік шарты жалпы құны 260,3 млн. теңгені құрайтын 21 жобаға жасалынды. Бұдан бөлек, қазіргі күні «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 282 млн. теңгені құрайтын 3 жоба несиелендіру мақұлданды. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсібі, жиһаз өндірісі және туризм саласы бойынша бір-бір жоба. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктермен жалпы құны 820 млн. теңгеге 5 жоба қаралуда, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, тек мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау шаралары ғана. Бұдан бөлек, облыста әкімшілік кедергілерді азайту бағытында жұмыстар жалғасын тауып, тұрғындарды кәсіпкерлік саласына ынталандыратын әртүрлі деңгейдегі форумдар, семинарлар, көрме-байқаулар, тренингтер өткізілуде.
– 2018 жылы аймақ басшысы шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Кәсіпкерлер үйі» ашылды. Онда кәсіпкерлікке қатысты барлық мекемелер біріктіріліп, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсету тегін жүргізіледі. Оның әрбір ауданда мамандары бар. Жалпы, құрылыс, әлеуметтік сала (денсаулық, білім және т.б.), ветеринария, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және т.б салада қолдаулар бар. Тек тұрғындардан тәуекелшілдік пен белсенділік қажет, – деді Ф.Қожабергенов.
Бір сөзбен айтқанда, елдегі шағын және орта бизнестің экономиканың біріктіруші және тұрақтандырушы күшіне айналдыру бағытында Қызылорда облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оған әрбір қызылордалық белсенді қатысып, кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосуына мүмкіндігі мол.